ҚАРТТАРМЕН ЕРКІН БАС ҚОСУ, БИЛЛИАРДТАН ОБЛЫСТЫҚ ЖАРЫС ӨТТІ

Үлкенді сыйлап, құрметтеу қанына сіңген қазақ халқы ақ сақалды қариялары мен ақ самайлы әжелерге құрмет көрсетіп, қадірлеуді жалғастыруда. Қариясын қазынаға теңеген атам қазақ қай кезде де абыз ақсақалдары мен ақ жаулықты әжелерінің батасымен игі істі бастаған. Осы орайда, бүгін аудан әкімі Нұржан Ізтілеуов аудан аумағындағы ардагерлер, қоғамдық кеңес, әжелер мен аналар ұйымының және этномәдени орталықтарының төрағаларымен кездесіп, мерекелерімен құттықтады.
Еркін, дөңгелек үстел форматында өткен басқосуда ауыл-аймақтың тыныс-тіршілігі әңгіме болып, ардақты ардагерлеріміз көкейінде жүрген сауалдарды аудан басшысына жеткізді.
Әр ұсыныс-өтінішті мұқият тыңдаған Нұржан Жақсылықұлы көтеріліп жатқан мәселелердің біршамасынан хабардар екенің айтып, бүгінгі таңда оларды шешу мақсатында атқарылып жатқан және алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар барысымен бөлісіп, аймақта жоспарланған жұмыстар сол жердің ой-қырын жақсы білетін жергілікті ақсақалдар және тұрғындармен ақылдасып, атқарылатынын атап өтті.
«Осы бір жүрек тебірентерлік жарқын мереке адамдарды Сіздердің алдарыңызда мәңгі қарыздар екендігімізді тағы бір есімізге салғандай болады. Бүкіл саналы ғұмырын, қажыр-қайратын ел игілігіне, ұрпақ тәрбиесіне жұмсаған аға ұрпақ өкілдерінің алдында бас иеміз»-деді, жиынды қорытындылаған аудан әкімі өз сөзінде.
Айта кетерлік, бүгінгі таңда ауданда 11882 зейнетке шыққан ардагерлеріміз болса, оның ішінде 100 жастан асқан 4 қария, 90 жастан асқан қариямыз 95 бар.
Түлкібас ауданы облыстық жарыста ІІІ орын иегері!
2004 жылдың 30 қыркүйек — 1 қазан күндері аралығында Түркістан қаласында Ұлы Отан соғысының 79 жылдығына және 1 — қазан Халықаралық қарттар күніне орай шахматтан, бильярдтан тыл еңбеккерлері мен ардагерлер арасында облыстық жарыс өткізілді.
Жарыстың мақсаты: салауатты өмір салтын насихаттау, жүйелі түрде дене шынықтыру және спортпен шұғылдану, зияткерлік ойын түрлерін халық арасында кеңінен дамыту, ардагерлер арасында достық, қарым-қатынасты нығайту.
Жарысқа облыстың 63 жастан жоғары аудан, қалалардың ардагерлері қатысты.
Бильярдтан 12 командадан 22 ардагер қатысып, Түлкібас ауданының бильярдшылары І орын иеленсе, шахмат және бильярд спортынан жалпы командалық есепте ІІІ орынды иеленді.
Атап айтсақ: бильярдтан Сатылғанов Сейтжан — І орын;
Абдуалиев Серік — 5 орынды иеленсе, шахматтан Қайыпов Теміртас атамыз үздіз ойыншы номинациясын иеленді.