АВСТРАЛИЯЛЫҚ ӘДІС БОЙЫНША БОРДАҚЫЛАУ АЛАҢЫ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

«Әділетті Қазақстан: заң мен тіртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты биылғы Жолдауында «Экономикаға салынған тікелей инвестиция көлемін азайтып алмау үшін осы бағыттағы жұмысты күшейту керек. Кейбір әкімдер мен министрлер инвестор тарту ісіне жөнді атсалыспай отырғанын атап өткім келеді. Үкімет бұл шаруаны ретке келтіруге тиіс.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы іске асырылатын жобаларды сапалы әзірлеу қажет. Әсіресе, халықаралық қаржы институттары қатысатын жобаларға баса назар аудару керек. Үкіметке халықаралық қаржы ұйымдары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тәсілімен қаржыландырып, толық жүзеге асыратын ауқымды жобалардың тізімін жасауды тапсырамын» деген Мемлекет басшысы қазіргідей дүниежүзінде инвестиция тартуға талас күшейіп жатқан кезеңде елімізге, оның ішінде ауыл шаруашылығына инвестиция тартудың маңызды екенін де атап айтты.
Түркістан облысы ауыл шаруашылығы саласын дамытуда алдыңғы қатарларда келе жатқан өңір. Мұнда егін шаруашылығында да, мал шаруашылығында да көптеген инновациялық тиімді әдістер қолданысқа енгізіліп, жаңа технологиялар мен әдістерді кеңінен қолдануға мүмкіндіктер жасалынуда. Облыс ет өнімдерін дайындау бойынша республикада бірінші орында келе жатыр.
Арыс қаласының ауыл шаруашылығы саласы жаңа деңгейге көтерілуде. Қалаға қарасты Қожатоғай ауылдық округінде 50 мың басқа арналған ірі қара мал бордақылау алаңы салынып, іске қосылмақ. Аталған жоба инвесторлар есебінен жүргізілуде және Түркістан облысындағы ең ірі кешендердің біріне айналуы көзделіп отыр және австралиялық әдіс бойынша жүргізілуде.
Нақтырақ айтсақ, Арыс қаласындағы «Turkestan Agro.kz» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі базасында екі ірі кешен – жаңбырлатып суару әдісімен мал азығы дақылдардын өсіру мен ет бағытындағы мүйізді іріқара өсірумен айналысатын шаруашылық-репродуктор құрылысы іске қосылады.
Құрылыс, бордақылау және жаю схемасы австралиялық «торлы» мал шаруашылығы әдісімен жасалады. Түркістан облысындағы ең ірі кешеннің біріне айналатын бордақылау алаңы Арыс қаласына қарасты Қожатоғай ауылдық округі аумағында орналасқан.
Кешен жұмыстарымен танысу үшін қала әкімі Гүлжан Құрманбекова аталған ауылға арнайы барды. Әкім мал бордақылау алаңының Арыстың экономикалық дамуына қосатын үлесін атап өтіп, бұл жоба облыстың ауыл шаруашылығын дамытуға зор септігін тигізетініне сенім білдірді.
Бүгінгі таңда серіктестік аумағында жұмыстар қызу жүріп жатыр. Жобаны іске асырудың бірінші кезеңінде биыл бордақылау алаңына 15 мың бас, 2025-2026 жылдары тағы 10 мың бас, ал 2026-2027 жылдары 25 мың бас сатып алынады.
Сондай-ақ, серіктестік бордақылау алаңы маңынан 4 710 гектар алқапта суарудың жаңбырлату технологияларын қолдана отырып, малға арналған жемшөп дақылдарын өсіруді жолға қоюда. Ол үшін, әлемге әйгілі ауылшаруашылық техникасын шығарушы «John Deere» компаниясының өнімдерін сатып алуда. Бұл өз кезегінде мал бордақылау алаңын қажетті азық көлемімен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бордақылау алаңында барлық жұмыс автоматты жүйеде жүзеге асырылатын болады.
Жобаның жалпы құны 16,2 миллиард теңгені құрайды, және де 100-ге жуық жаңа жұмыс орындары ашылмақ.
Арыс қаласында жүзеге асып жатқан ауқымды жоба мал шаруашылығының дамуында жаңа белестерге жол ашып, өңірдегі ауыл шаруашылығының қарқынды дамуына негіз болмақ.