УНИВЕРСИТЕТ ЦЕХЫ ӨЗ ӨНІМДЕРІН САТЫЛЫМҒА ШЫҒАРДЫ

0
69

Мемлекет басшысы айтқандай жас ұрпақты еңбекке баулу, түрлі кәсіптерді білім меңгеруіне жағдай жасау, тәлімгерлердің бастауымен түрлі тәжірибелерге қатысып, теориялық білімдерін практикамен бекіту сияқты мәселелер жастардың жан-жақты қалыптасып, мамандғын жетік меңгеріп алуына да септік етеді. Сондықтан да республикамызда ғана емес халықаралық деңгейде танымал да беделді университеттердің бірі Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-түрік университетінде мұндай жұмыстар жақсы жолға қойылған.

Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің ботаникалық бағында орналасқан «Жеміс-жидектерді өңдеу өндірістік цехы» өз өнімдерін сатылымға шығарды. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты «Ғылым қоры» АҚ қолдауымен ашылған цех жұмысы бүгінде қарқынды. Қазіргі таңда онда 13 түрлі өнім дайындалады. Атап айтқанда, кептірілген өрік пен алма, алмұрт, банан, алмұрт пен өрік пастиласы, асқабақ, күнбағыс дәні, жаңғақ қосылған өрік пастиласы мен табиғи сусын қоспалары бар. Цехтың барлық өнімдері университеттің ботаникалық бағында өсетін жеміс-жидектерден жасалады.

Аталған өнімдер қолжетімді бағада тек облыс көлемінде ғана емес, Қазақстан бойынша таратылып отыр. Айта кетейік, цехта алдағы уақытта басқа да өнімдер нарыққа шықпақ. Өндірістік цех заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Онда жемістерді жуу, кесу, кептіру, сұрыптау, орау, сақтау сынды қызмет түрлері орындалады. Шағын өндіріс орнының 1 тəулікте 5-7 тонна өнім өңдеуге мүмкіндігі бар.