АЛДАҒЫ МІНДЕТТЕР НАҚТЫЛАНЫП, ЖАҢА БАСПАНА ТАРТУ ЕТІЛДІ
Күз келіп жыл аяғы таянып келеді. Түркістан облысында қала, аудандардың басшылары жылдық жоспарларын орындауды қамтамасыз ету үшін жұмыстарын ширатып, қарамағындағылардан да нәтижелі жұмыс пен жоспардың уақтылы орындалуын талап етіп, жылдық жоспарларды орындау бағытында жұмыс күшейді. Созақ ауданынында өткен жиында ауыл шаруашылығы мен шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға ерекше назар аударылды. Өйткені бұл бағыттарды қарқынды дамытуға мемлекет тарапынан жобалар мен бағдарламалар іске қосылып, көптеген жеңілдіктер қарастырылып, шағын кәсіпкерлікті бастау мен кеңейту үшін мемлекеттік гранттар берілуде. Осының барлығын пайдаланып тұрғындарды жұмыспен қамтып, ниет білдіргендерге жеке кәсіпкерлігін ашып, дамытуына жағдай жасау қажет.
Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбековтің төрағалығымен жиын өтті. Жиынға салалық орынбасарлары, аудан әкімі аппараты мен бөлім басшылары қатысты. Мәжілістің күн тәртібінде әр сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысы талқыланды.
Аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы ауыл шаруашылық саласы мен шағын және орта бизнесті дамыту бағытындағы жұмыстарға айрықша тоқталды. Бұл бойынша жүктелген тапсырмалардың орындалу барысын да назарға алды. Бұған қоса жауаптыларға жол мен құрылыс саласында жыл соңына дейін атқарылу керек жұмыстарға салғырт қарамауды ескертіп, келер жылға жұмыс жоспарын түзуді тапсырды.
Ауданда автокөлік жолдарын салу мен түрлі құрылыстар жүргізу бойынша да жоспарлы жұмыстар атқарылуда. Қара күз бен қыстың суығына қалдырмай бұл бағыттағы жұмыстарды ширатып, мерзімі жеткендерін сапалы бітіріп алу қажет.
Созақ жерінің халқы бұрыннан асарлатып, немесе қайырымдылық, тағы басқа жасау арқылы мұқтаж жандарға көмек қолын созу мен жәрдемдесуді дәстүріне айналдырып келе жатқан жұрт. Созақ ауданы, Абай ауылының тұрғыны Спатаев Төлегеннің көтерген мәселесі оң шешімін тауып, жаңа баспанаға қол жеткізді.
Еске сала кетсек, өткен жылы ауыл тұрғыны Спатаев Төлеген аудан басшысының қабылдауында болды. Пәтер бөлуге көмек сұрап, әлеуметтік мәселесі бойынша өтінішін жеткізді.
Аудан басшысы Абай ауылына жасаған жұмыс сапарында өтініш иесінің шаңырағында болып, отбасының тыныс-тіршілігімен танысты. Мәселенің шешу жолын ауыл қарияларымен бірлесе талқылады. Игі іске ел болып атсалысу ісі қаралып, жаңа үйдің іргетасы қаланды. Ауыл тұрғындарының қамқорлығымен үйдің қабырғасы тұрғызылып, құрылыс жұмыстары жүргізілді. Тұрғын үй құрылысын аяқтау үшін аудандық мәслихат депутаты Базарбай Нұрланов бастаған бірқатар кәсіпкер де жұмыла кірісіп, бүгін баспана иесі қоныс тойын тойлады.
Игі шараға аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков арнайы қатысты. Баспана иесін қоныс тойымен құттықтап, сый-сияпат табыс етті. Игі іске қолдау білдіріп, аса ұйымшылдық танытқан ауыл ақсақалдарына, аға буын өкілдері мен мұқтаж жанның сұранысына сай еңбек еткен барлық азаматқа алғысын білдірді.
Шараға жиналған ауыл жұртшылығы ізгі тілектерін арнап, баспана иесін құттықтады.