АУДАНДА ЖҮГЕРІ ЖӘНЕ МАҚТА ШАРУАШЫЛЫҒЫ ДАМЫП КЕЛЕДІ

0
89

«Қуатты өңірлер – Ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы Түркістан облысының барлық өңірлерінің қарқынды дамуына септік етуде. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының бастамашылдығымен аудандар өздерінің орналасу жағдайы мен шикізат, басқа да мүмкіндіктеріне қарай белгілі бір салаларды дамытуды ұйымдастыруының тиімділігін арттыруға кіріскен. Отырар ауданында ежелден жүгері дақылы мен мақта, төрт түлік мал өсіру қалыптасқан. Енді бұл жұмыстарды инновациялық шешімдермен, яғни үнемшілдікпен, аз шығын жұмсап мол өнім жинау, өнім сапасын арттыру, су үнемдеу, басқа да озық технологияларды енгізу арқылы ұйымдастырып, сапаларын арттыру жұмыстары қолға алнуда.

Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлы аудандағы жүгері және мақта шаруашылығын дамыту жұмыстарымен танысты. Алдымен Қарғалы ауыл округіне қарасты «Отырар-Дән» жүгері кептіру және сақтау кәсіпорнында болып, шаруашылық төрағасымен кездесті.

Кәсіпорынның жұмысы туралы баяндаған кәсіпкер шаруашылықты дамыту бағытындағы жоспарларымен бөлісті.

«Отырар-Дән» ЖШС бұл жобаны 2015 жылы қолға алған болатын. Жылына 10 мың тонна дақылды кептіріп, сақтауға қауқарлы кәсіпорын тың технология негізінде жұмыс істейді. Алдымен жүгері дәні собығынан бөлініп алынып, кептіріледі. Содан кейін қамбаларда сақталады. Кептіретін құрал-жабдықтар Англиядан, сақтау құрылғылары Қытайдан арнайы алынған. Қазір мұнда екі ауысымда 30 адам жұмыс істеді. Қазіргі таңда қамбаға 180 тонна өнім жиналған.

Мұнан соң аудан басшысы «Таймас-2024» ЖШС-нің су үнемдеу технологиясын енгізе отырып мақта дақылын өсіру жобасымен танысты. Шаруашылық төрағасы тамшылатып суғару құрылғыларын шет елден арнайы алдырып, 500 гектаржерге элиталық «Жинг Кай НО-9» мақта тұқымын еккен. Қуаттылығы 1500 тоннаны құрайтын жоба аясында 20 адам жұмыспен қамтылған.

Аралау барысында аудан әкімі су үнемдеу технологиясының көмегімен су шығынын азайта отырып өнімділікті арттыруға болатынын айтып, жобаның аудан шаруалары үшін маңыздылығын атап өтті.

Сондай-ақ, «Халық ұніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен Мемлекет басшысының халықпен қарым-қатынасты жаңа бағытта өрістету бойынша тапсырмасына сәйкес аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, азаматтардың өтініштері мен ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Қабылдауға келген тұрғындардың өтініші мен ұсынысының дені тұрғын үй мәселесі, жер телімі, жұмыссыздық, әлеуметтік жағдайы мен денсаулығы бойынша көмек, ауыз су, көшеге асфальт төсеу секілді бірқатар мәселелер бойынша болды.

Қабылдауда тұрғындар тарапынан айтылған өтініштерді мұқия тыңдаған аудан басшысы әр мәселеге жеке-жеке тоқтап, заң аясында шешу жолдарын түсіндірді. Сондай-ақ, тұрғындардың мәселелерін бақылауда ұстайтындығын айтып, жауапты сала орынбасарлары мен дербес бөлім басшыларына және ауылдық округ әкімдеріне тиісті тапсырмалар берді.