ҚАРАСПАНДА КӨШЕ АСФАЛЬТТЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Түркістан облысында тұрғындардың әл-ауқатын арттыру мен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жақсарту, қала мен ауылды елдімекендер тұрғындарының өміріндегі алшақтықтарды азайтып, азаматтардың қолайлы да жайлы тұрмыс кешуін қамтамасыз ету бағытында жұмыстар жүйелі жүргізіліп келеді. Елдімекендерге инфрақұрылымдар тарту мен олардың сапасын жақсарту бойынша да жоспарлы жұмыстар рет-ретімен іске асырылуда.
Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев Қараспан ауыл округінде болып, Қараспан ауылындағы Бимырза Шылмырзаев көшесіндегі салынып жатқан асфальт жабындысының жұмысымен танысып, бірқатар ескертулер айтып, ауыл округ әкіміне мердігермен бірге жасалып жатқан жұмыстың басы-қасында жүріп, айтылған кемшіліктерді түзетуді тапсырды. Тағыда БМСК-аурухана құрылысын көріп, құрылыс жұмыстарын үнемі қадағалау керектігін айтты.
Одан соң Батырата ауылындағы табиғи газды үйлерге қосу туралы жұмыстарымен танысып, мердігерге жұмыстардың баяу жүріп жатқанын, күннің салқындап келе жатқанын еске салып, жұмыстарды аяқтауды тапсырды.
Содан кейін аудан әкімінің орынбасары мен бөлім басшысының орынбасарына жасалып жатқан жұмыстарды қадағалап, күнделікті қандай жұмыстар атқарылды сол бойынша баяндап отыру тапсырылды.
Енді бірнеше күннен кейін еліміздің болашағының тағдырына үлкен әсері болатын, ұлттық және мемлекеттік маңызы үлкен оқиға – Қазақстан Республикасында Атом электр станциясын салу не салмау бойынша жалпыұлттық референду өткізіледі. Осы ұлт тағдырына қатысты, мемлекеттігіміздің болашағы мен дамуына қатысты ерекше маңызды мәселе шешілетін референдумды дайындап, өткізуге әзірлік жұмыстары бір айдан бері Түркістан облысының барлық аумақтарында да қызу жүргізілуде.
Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев 6-шы қазан күні өтетін жылдың басты саяси шарасына дайындық барысын бақылау мақсатында №463 референдум учаскесіне барып, комиссия мүшелерінің жұмысымен танысты.
№463 учаскелік референдум комиссиясының төрағасы Қасиет Абилдабекова дауыс беру күнгі учаскелік референдум комиссияларының іс-қимыл алгоритмімен мұқият таныстырды.
Аудан басшысы Азат Оралбаев референдум күні заң бұзушылықтарға жол бермей, заң талаптарын қатаң сақтау туралы тапсырма берді.