КӨПБАЛАЛЫ АНАЛАР МЕН ӘКЕЛЕР ГРАНТПЕН КӘСІПТЕРІН ДӨҢГЕЛЕНТУДЕ

0
72

«Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберінде жүзеге асырылатын “Мемлекеттік қайтарымсыз грант” бағдарламасы аясында 2024 жылы екінші лекте Кентау қаласы бойынша 117 адам грант алуға өтінім берген.

Жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік гранттар алуға үміткерлердің өтініштерін қарастыру бойынша комиссия отырысы 1-2 тамыз күндері Кентау Жастар ресурстық орталығының ғимаратында өткізілді.

Онда тұрғындар өз кәсіптері бойынша бизнес-жоспарларын қорғап, бағыт-бағдарларын түсіндірді. Мемлекеттік қайтарымсыз грант алуға өтінім бергендердің ішінен 101 адам комиссия мүшелерінің алдында өз бизнес жобаларын қорғауы керек болса, оның ішінен 16 адам комиссия отырысына келмеді. Нәтижесінде 44 адам комиссия мүшелерінің оң шешімімен грант иегерлері атанды.

Кентау қаласында көпбалалы ана Раушан Жартыбаева мемлекеттік бағдарламаның арқасында өз арманына қол жеткізіп, ісін дөңгелетуде. Бала кезден тігіншілікті армандаған ол, батылдық танытып, мемлекеттен берілген мүмкіндікті пайдаланып кәсібін ұлғайтуға жол ашады.

«2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаға» сәйкес, жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттен берілетін қайтарымсыз грантты жеңіп алды. Грант қаржысына керекті құрал-жабдықтарды сатып алып, перденің түр-түрін заманауи үлгіде тігіп кәсібін дамытып отыр.

Кәсіпкер ана Раушан Жартыбаева мектеп бітіргеннен кейін бастауыш сынып мұғалімі мамандығын аяқтаған. Алайда, жүрек қалауы ол саладан бала арманына жетелейді. Тұрмыс құрып, 6 баланың анасы атанғаннан кейін, тігіншілікті қолға алған. 2023 жылдары «Бизнес және перде» онлайн тігу курстарына қатысып, тігіншілікпен айналыса бастайды. Курс сабақтарынан кейін пердені қалай тігіп, қалай сатудың қыр-сырын үйренеді. Қолынан тігу келетінін түсінген көпбалалы ана үйде бос отырғанша, тігу саласында кәсіп бастаған жөн деп, сол іске бел байлайды.

Мемлекеттен берілетін қайтарымсыз грант конкурсына қатысып, бала арманын жүзеге асырып отыр. Өз саласына берілген тігіншіге деген тұтынушы тұрғындардың ризашылығы мол.

Жалпы, Кентау қаласында мемлекеттен берілген қолдауды тиімді пайдаланып, өз кәсібін ашқан шағын кәсіпкерлердің қарасы көбейіп келеді. Тіпті олардың арасында қала үшін тиімді жобаларда бар. Биылғы жылы кентаулықтар арасында Мемлекеттік бағдарлама аясында грант иегері атанған азаматтардың арасында көпбалалы аналар мен әкелер аз емес. Солардың қатарында көпбалалы әке — Бекзат Джумабаев 2024 жылдың бірінші легінде мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, кәсіп бастап, таза еңбектің арқасында жиһаз жасаушы азамат айына 700 000 теңге таза пайда тауып отыр. Тағы бір кентаулық көпбалалы әке — Бақыт Ибраев. Ол биыл өзі ұсынған бизнес-жоспарын ойдағыдай қорғап, тиянақты жасалған бизнес жобасына кәсіпкер қайтарымсыз грант жеңіп алды. Оған ол шұжық жасайтын қажетті құрылғыларды сатып алып, тұрғындарды неше түрлі дәмді шұжықпен қамтамасыз етуде.

Ал, Кентау қаласының тұрғыны Алтынай Картабаева болса «массаж кабинетін ашу» жобасын ұсыну арқылы грант иегері атанған. Бүгінгі таңда қала тұрғындарына қызмет көрсетуде. Мемлекеттен берілген грант қаражатына массаж столын, жиналмалы орындығын, тізе орындығын, фитобочка, денеге массаж жасайтын аппаратын сатып алған.

Кентаулық Марал Нүрпейісова болса тілінде ақауы бар бүлдіршіндерді оқытып, түзету және дамыту орталығын ашқан. Мемлекет қолдауының арқасында қажетті білім құралдарын сатып алған. Ал іскер ана Гүлназ Жайықбаева қоқыстың өзін кәсіп көзіне айналдырған. Ол тұрмыстық қатты заттарды сұрыптап арнайы зауытқа өткізеді. Болашақта оларды ұнтақтап өңдеуді жоспарлап отыр. Бұндай іспен айналысуға мемлекеттен берілетін грант негіз болған.

 

Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылында жеміс-жидектің түр-түрі өсіріледі. Сол жеміс-жидектерді тиімді пайдалануды қолға алған көпбалалы Дияра Рустемова «Детокс бар ашу» жобасын жүзеге асырды. Ол мемлекеттен берілетін грант иегері атанып, қажетті құрылғыларды сатып алған.

Отбасылық кәсіпке айналған істен айына балғын шырындардың 3000-4000 данасын шығаруда. Шырындарды табиғи өнімдерден: кептірілген өрік, алма, каркаде, лимон, жалбыздан жасап өңдеуде. Сусындарды дүкендер мен тапсырыс берушілерге жеткізіп отырады.

Қайтарымсыз грантпен жеке ісін ашушылар қатары көбейе түссе, жұмыссыздық азая түспек.