ТҮРКІСТАНДА ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗДАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

0
57

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында «Болашаққа жол сілтейтін мұғалімнің еңбегін лайықты бағалау маңызды міндет» деп ерекше атап өтті. Өйткені, қандай жайлы да заманауи мектепте, қандай озық әдістер мен жабдыққұралдарды пайдаланп білім берілсін ұстаздары білікті де тәжірибелі, ілкімді де ізденімпаз болмаса сапалы білім беру қиын. Сол себепті де ұлағатты ұстаз атанған үздңк мұғалімдерге төл мерекелерінде қандай құрмет жасалса да артықтық етпейді.
Түркістан қаласындағы «Оқушылар сарайы» ғимаратында «Ұстазыма мың алғыс» салтанатты іс-шарасы өтті. «Ұстаздар күні» мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған жиынға Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы арнайы қатысты.
Мерекелік шараның шымылдығы №11 Жамбыл Жабаев мектебі хор ұжымының орындауындағы «Ұстазым» әнімен түрілді.
Қала әкімі ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтап, білім саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Елдің дамуы жолында мұғалімдердің алатын орнын ерекше атап өтіп, білім саласындағы жетістіктермен бөлісті.
– Баршаларыңызды бүгінгі кәсіби төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Ұстаз – ұлағатты есім. Кез келген қоғамдағы, барлық кезеңдегі ұстаздың ұлы міндетіне баға жетпейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында «Болашаққа жол сілтейтін мұғалімнің еңбегін лайықты бағалау маңызды міндет» деп ерекше атап өтті. Балаға тәлімді тәрбие мен лайықты білім беруде баршамыздың ұстанымымыз бір, мүддеміз – ортақ. Ұстаздан тәлім алған шәкірт ретінде менің де мәртебелі мамандық иелеріне деген ықыласым ерекше. Дендеріңізге саулық, отбастарыңызға амандық, еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін! – деген Әзімбек Пазылбекұлы Түркістан қаласының білім саласында қажырлы еңбек етіп, үздік шәкірттер тәрбиелеген бірқатар ұстаз бен еңбек ардагерлерін облыс әкімі Дархан Сатыбалдының «Құрмет грамотасымен», «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен, «Білім беру ісінің үздігі» және Алғыс хаттармен марапаттап, арнайы сыйлықтар табыстады.
Жиын барысында Түркістан қаласы мәслихатының төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекова құттықтауларын жеткізіп, 20 ұстазға төсбелгі тақты.
Іс-шара соңында Түркістан қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашып, мың бұралған бишілер көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Айта кетейік, облыс орталығында жалпы, 5181 мұғалім білім беруде. Ұстаздар облыстық, республикалық байқаулар мен олимпиадаларда жүлдегер атанып, түркістандық әріптестерінің мақтанышына айналды. Оқушылардың жетістіктері де артып, Түркістан білім бәйгелерінде республикалық, облыстық, қала және аудандар арасында алғашқы қатардан көрініп келеді. Бұл – білікті де білімді, тәжірибелі ұстаздардың қажырлы еңбегінің нәтижесі.
Балалардың сапалы білім алуына мемлекет тарапынан барлық мүмкіндік қарастырылып жатыр. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Түркістанда заманауи үлгіде 8 мектеп салу жоспарлануда. Қазіргі таңда 3 жайлы мектептің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Бұл мектептерді жыл соңына дейін пайдалануға беру көзделіп отыр.
Ұстаздар күні қарсаңында Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы ардагер ұстаздың үйіне арнайы барып, мерекемен құттықтады. Еңбек ардагеріне құрмет көрсетіп, Алғыс хат табыстады.
Ибрагимова Гулсин ана 1925 жылы 1 қаңтарда Түркістан қаласында дүниеге келген. 100 жасқа таяған ардақты ана 1944 жылдан бастап Хамза атындағы (бұрынғы Калинин) №2 жалпы білім беретін мектепте биология пәні мұғалімі, еңбек пәні мұғалімі болып 44 жыл еңбек еткен. Жұбайы Тажимухаммад Ибрагимов мектепте тарих пәнінің мұғалімі, аудандық білім бөлімінің әдіскері болып қызмет атқарған. Кеңестік кезеңнен көпке танылып, түркістандықтардың мақтан тұтар педагогтарына айналған ардагерлердің ұрпақтары да осы кәсіпті жалғастырып, бүгінде ұстаздық қызметті абыроймен атқарып келеді. Бүгінде ұлағатты ұстаз 5 ұл, 2 қыз тәрбиелеп, олардан 27 немере, 87 шөбере, 2 шөпшек сүйіп отыр екен.
Шаһар басшысы мұғалім — халықтың шамшырағы екенін тілге тиек етіп, ұстаздың болашақ ұрпақты тәрбиелеуде еңбегінің орасан зор екенін атап өтті. Мыңдаған шәкіртті тәрбиелеп, білім нәрімен сусындатқанын тілге тиек етіп, алғысын білдірді.