АБАТТАНДЫРУ МЕН ЖЕР САЛАСЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚАРАЛДЫ

0
87

Түркістан облысының орталығы болғалы Түркістан қаласы күрт үлкейіп, тұрғындар саны да еселеп артып келеді. Қалада алуан түрлі құрылыстар тоқтаусыз жүргізілуде. Дегенмен, тек қазақтың ғана емес Түркі халықтарының астанасы — Түркістан қаласына келушілер саны жыл санап артып келе жатқандықтан қаланың құрылыстарының сәулеті мен архитектурасына мән беріп екі мың жылдық тарихи қаланың ерекшелігін сақтау өте қажет. Осы ретте, келушілер назарын аударатын қаланың сәулеті мен кіреберіс аумақтарды абаттандыру үлкен маңызға ие. Өйткені, театр киімілгіштен басталса, қала кіреберісінен басталады.

Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы шаһарға кіреберіс аумақтарды аралап, тазалық пен абаттандыру жұмыстарының барысын қадағалады. Алдымен, қала басшысы «Яссы» секторында орналасқан саябақ, Кентау, Қызылорда және Алматы тас жолдарының бойындағы қалаға кіреберіс аумақтардың абаттандыру жұмыстарымен танысты.

Қала сәулеті мен тазалығына баса назар аударған Әзімбек Пазылбекұлы, аталған аумақтарды абаттандыру және көгалдандыру бойынша тиісті сала басшыларына тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ Полиция департаментінің өкілдеріне заңсыз салынған кәсіпкерлік нысандары мен қала тұрғындарына келеңсіз жағдай туындататын автотұрақтардан тазалауды тапсырды.

Аралау барысында Әзімбек Пазылбекұлы Қолөнер орталығының құрылыс алаңында болып, жұмыс барысымен танысты. Киелі шаһарда қолөнершілердің әлеуеті зор екенін тілге тиек еткен қала басшысы жұмысты ширатуды тапсырды.

Елімізде теңдесі жоқ туристік кешеннің жалпы алаңы – 2,56 га. Қолөнершілер қалашығы 25 архитектуралық нысаннан тұрады. Қазіргі таңда құрылыс алаңында жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен Түркістан қаласын қолөнершілер орталығына айналдыру бағытында ірі жобалар қолға алынған. Қаланың мәдени-рухани орталығында қолөнершілер қалашығы бой көтеріп жатыр. Жаңа қалашықта ұлттық нақыштағы бірегей қолөнер бұйымдарын даярлайтын, даярлау технологиясын оқытатын ірі қолөнер шеберханасы, қонақүйлер мен ас үйлер салынбақ. Осы ерекше жоба арқылы өңірге туристерді тарту, кәсіпкерлікті дамыту, қолөнершілерге қолдау көрсету, жұмыс орындарын ашу, ұлттық брендті қалыптастыру көзделіп отыр.

Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен жер қатынастары жөнінде мәжіліс өтті. Жиында жер қатынастары бөлімінің есебі тыңдалып, алдағы атқарылатын жұмыстар талқыланды. Салада кездесетін өзекті мәселелер ортаға салынып, шешу жолдары қарастырылды.

Жиын барысында қала әкімінің орынбасары Байдулла Оразбеков, Жер қатынастары бөлімінің басшысы Бауыржан Сыздықов салада 9 айда атқарылған жұмыстар бойынша баяндама жасап, алдағы жоспарлармен бөлісті.

Бөлімнің жұмысымен танысқан қала әкімі жауапты басшыларға жұмысты күшейту бойынша бірқатар тапсырма жүктеді.

— Жұмысты жандандыру керек. Өзекті мәселелерді шешу бойынша құзырлы органдармен бірге жұмыс істеп, нақты ұсыныс беріңіздер, — деді Әзімбек Пазылбекұлы.

Түркістан қаласында жер кезегінде тұрған азаматтар саны — 84 822. Таңдалып алынған жалпы жер көлемі 486 гектарды құрайды. Жер телімінің саны 2 мыңнан асады.

Бүгінгі таңда 300,0 гектар аумақта орналасқан 68 шаруа қожалық жерлері мемлекет мұқтаждығына қайтарылды. Оның ішінде, жалпы көлемі 196,4 гектар болатын 51 шаруа қожалық жерлері, 43,5 гектарды құрайтын 16 шаруа қожалық жерлері мемлекет меншігіне қайтарылуда.