ЖАҢА ЖОБАЛАР ӨҢІРДІҢ ӘЛЕУЕТІН АРТТЫРА ТҮСЕДІ
Түркістан облысында мемлекеттік тапсырмалар мен Жолдауларда жүктелген міндеттерді жүзеге асырып өңірдің қуаттылығын арттыру бойынша жұмыстар тұрақты түрде әрі нәтижелі жүргізілуде. Ауыл шаруашылығы саласында көптеген жаңа жобалар енгізіліп, өнім өндірудің үнемшіл технологиялары қолданыла бастады. Барлық аудандарда ішкі және сыртқы инвестициялар тарту мен мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларды пайдалана отырып барлық салаларды дамытуға күш салынуда.
Түркістан облысы мал шаруашылығын дамыту да көптеген жаңа жобаларды іске асырып, жаңа технологиялар мен инновациялық әдістерді қолдана отырып бұл салада республикада алдыңғы орынға шықты.
Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Жібек жолы ауылдық округіне арнайы жұмыс сапарымен барып, салынып жатқан ұсақ малды бордақылауға арналған алаңша мен мал сою және экспортқа ет дайындау цехының құрылысы жұмыстарын бақылады.
Құрылыс алаңында аудан басшысы жоба жетекшілерімен кездесіп, жоба барысын талқылады. Аудан басшысы жоба ауқымдылығын жоғары бағалап, оның ауданның ауыл шаруашылығын дамытуға және ет өндірісін арттыруға тигізер оң ықпалына сенім білдірді.
Сонымен қатар, аталған нысан аумағындағы 5 гектар жүк көліктеріне қызмет көрсету және кедендік тексеруге арналған кешеннің құрылыс жұмыстарының барысын бақылады.
Аталған жобаның жалпы құны 2 миллиард теңгені құрайды, сонымен қатар 15 000 бас ұсақ малды бордақылауға арналған. Жаңа мал сою бекеті тәулігіне 200 бас ірі қара малын сойып, өңдеуге мүмкіндік береді. Цех толықтай іске қосылғанда 35 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету жоспарлануда.
Айта кетсек, аталған жоба аймақтың ішкі нарығына ғана емес, сонымен қатар экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған. Мал бордақылау алаңшасы мен мал сою цехы өңірдің ет өнімдерін сыртқы нарыққа шығаруға мүмкіндік беріп, ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыруға септігін тигізеді.
Сол сияқты аудан басшысы Арман Абдуллаев жұмыс сапары барысында Зортөбе елді мекеніндегі заманауи жылыжай және өнімді сақтайтын қойманың құрылыс жұмыстарының барысымен танысып,жеке кәсіпкермен кездесті. Облыстағы сияқты ауданда да логистиканы дамытуға, өндірілген өнімдерді сақтаушы қоймаларды да салып жеміс-жидек, көкөністердің сақталу мерзімін ұзартып, экспортқа жөнелтуге де қажетті жағдайлар жасалынуда.
Жеке кәсіпкер С. Қалтаев 3 гектар жер учаскесінде лимон, 50 соттық жерде көкөністер өсіруге арналған заманауи жылыжай және өнімді сақтайтын қойманың құрылыс жұмыстарын жүргізуде,жобаның жалпы құны 252 миллион теңге. Жобаның іске асырылуы нәтижесінде 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.
Сондай-ақ, лимон өсіруге арналған жылыжайдың құрылыс жұмыстарына заманауи технологиялар қолданылып, тиімді суару жүйелері, ауа температурасы мен ылғалдылықты қадағалайтын автоматты жүйелер орнатылады.
Кездесу барысында аудан әкімі кәсіпкердің ауыл шаруашылығы саласына қосып жатқан үлесін жоғары бағалап, құрылыс жұмыстарының сәтті аяқталуын тіледі.
Аталған жоба ауыл шаруашылық саласында маңызды серпіліс жасауына, ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтып, әл-ауқатын көтеруге, аудан экономикасының оң өзгерістеріне алып келеді.
Айта кетсек, Сарыағаш ауданында жыл сайын ауыл шаруашылығы саласында жобалар көбейіп, өңірдің әлеуеті арта түсуде.