ЖОЛДАРҒА ТАС ТӨСЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ
«Қуатты өңірлер – Ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында шалғай елдімекендерге дейін ифрақұрылымдармен қамтылуын жүзеге асыру қолға алынуда. Өңірлердің қуаты артуы үшін ең бірінші кезекте инфрақұрылымдар салынуы тиіс. Оның ішінде елдімекендердегі көше жолдарына шағал тас төсеу жұмыстары арқылы көктем мен күзде батпақ болмауын жүзеге асырудың өзі тұрғындардың тұрмысында әжептеуір жеңілдік болмақ.
Сауран ауданының аумағында жалпы 650 көше бар, ол 731 шақырымды құрайды. Оның ішінде 323 көше асфальт жол болса, 305 көшеге шағал тас төселген. Қалған 102 шақырым болатын жол топырақ көшелер. Осы жылы аталған топырақ көшелерге тас төселетін болады. Бұл жұмыстарды «Жайлау агро» ЖШС-гі атқаруда.
Кеше аудан әкімі Мақсат Таңғатаров тас төсеу жұмыстарының сапалы орындалуын бақылау мақсатында жұмыс барысын қадағалады. Қазіргі таңға дейін 20 шақырымды құрайтын Қосмезгіл, Шорнақ, Аша, Бабайқорған, Абай, Шаға елді мекендерінің көшелеріне тас төсеу жұмыстары жүргізілді. Алдағы уақытта аудан аумағындағы елді мекен көшелерінің 10 шақырымына тас төсеу жұмыстары жүргізіледі.
Аудан әкімі мердігер мекемемен бірлесе шағал тас төсеу жұмыстарын уақытында аяқтау қажет екенін және барлық жұмыстар өзінің жеке бақылауында болатынын ескертті.
Сонымен қатар, Аша елді мекеніндегі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан 600 орындық мектептің инженерлік желілерінің құрылыс жұмыстарында тексерді. Бүгінгі таңда аумақта аяқ жол, тас арық, түнгі көше жарықтары және жол белгілерін орнату жұмыстары толық аяқталған.
Сондай-ақ, Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың жеке қабылдауына ауыл тұрғындары келіп, түрлі жеке мәселелерін жеткізді. Қабылдауға дербес бөлім және тиісті сала басшылары қатысты. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сай бүкіл еліміздегі сияқты Түркістан облысында да барлық деңгейдегі әкімдер мен басшылықтағы жауапты шенеуніктер тұрғындар алдында есеп беріп, кездесулерде атқаратын, атқарылатын жұмысын баяндап отырады. Оған қоса әкімдер арнайы кестесіне сәйкес тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, олардың мәселелерімен танысып, мүмкіндігінше оларды шешуді іске асырады.
Ескі Иқан ауылдық округінің тұрғыны Малахат Абырова тұрғын үй алуға көмектесуін сұраса, АШБ «Тұран су» МКК өкілі Бауыржан Назбеков Сауран ауданы әкімдігіне берілген техникаларының жалға берілген қаржыларын мерзімінде төлеуді алға тартты. Бұдан бөлек, Құралтай Саликбаева ардагерлерге берілетін әлеуметтік көмектің мөлшерін көбейтуді және оларға шипажайларға емделуге жолдама беруін мәлім етті.
Сонымен бірге, Шорнақ ауылдық округінің тұрғыны Елмұрад Өтенов тұрғын үй құжаттарын заңдастыруды, Асқар Исабеков Д.Қонаев көшесін жарықтандыруды, Үшқайық ауылдық округінің тұрғыны Оралхан Жанбеков ауылдық округтен жанар-жағар бекетін салуға жер қарастырып беруін, Оранғай ауылдық округінің тұрғыны Шахиста Абдусаттарова, Шорнақ ауылдық округінің тұрғыны Надир Акешов тұрғын үйлерінің құжаттарын заңдастырып беруін жеткізді.
Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров жеке қабылдауға келген ауыл тұрғындарының көтерген мәселелерін жеке-жеке мұқият тыңдап, тиісті шешім қабылдап, заң шеңберінде орындалуына ықпал ететінін жеткізді.