ИНФРАҚҰРЫЛЫМДАРМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУДЕ АЛДЫҢҒЫ ЛЕКТЕ

0
117

Мемлекет басшысы Қасым-Жомартт Тоқаев  «Тұрғындарды және экономиканы газбен қамтамасыз ету – Үкіметтің басты міндетінің бірі. Былтыр бірқатар газ кеніші игеріле бастады. Сондай-ақ жылына жалпы көлемі бір миллиард текше метр газ өндіретін жаңа кен орындарын игеру жоспарланып отыр. Әзірге бұл жобалар толық іске қосылған жоқ. Сондықтан газды ішкі нарыққа тиімді бөлу қажет. Жылу электр орталықтарын және қарапайым тұтынушыларды көмір орнына газ жағуға көшіру жұмысын байыппен жүзеге асырған жөн» дей келіп қазақстандықтарды табиғи газбен қамтамасыз етуді жандандырудың маңыздылығына тоқталған еді. Соның ішінде ауылдарды дамыту, елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту жөнінде тапсырма берген болатын.

Бұл бағытта Түркістан өңірінде жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Нәтижесінде Түркістан облысы елді мекендерді газдандыруда елімізде көш бастады. Халық санымен есептегенде, 1 млн 750 мыңнан астам халық немесе облыс тұрғындарының 81 пайыздан астамы табиғи газбен қамтылған. Бұл – еліміздегі жалпы көрсеткіштің 28,4 пайызы. Яғни, газбен қамтылған әрбір үшінші ауыл Түркістан өңірінде орналасқан. Биыл 75 мың халық табиғи газбен қамтылады.

2023 жылы өңірде 45-тен астам елді мекен газдандырылған болатын, бұл көрсеткіш республикада өңірлер арасындағы ең жоғарғы нәтиже болды. Түркістан облысында соңғы 10 жыл аралығында құрылысы жүргізіліп, іске қосылмаған 46 табиғи газ нысаны бар болатын. Оның ішінде 40 елді мекен, 2 көше, 2 автоматты газ тарату станциясы бар. Өткен жылдың қорытындысымен оның 44-і іске қосылды. 1,5 жылдың ішінде сақалды құрылыс ретке келтіріліп, 120 мыңнан астам тұрғын үй табиғи газбен қамтылды. Бұл жұмыстар Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының жіті бақылауымен әрі үйлестіруімен жүзеге асуда.

Биыл облыста 54 нысан құрылысы аяқталып, 47 елді мекенде 75 мыңға жуық халыққа «көгілдір отын» жеткізу бойынша жобалар іске асырылуда. Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес «Самұрық-Қазына» қоры арқылы қосымша 10 млрд. тең бөлініп отыр. Аталған қаражаттарды бөлуде Дархан Амангелдіұлының тапсырмасына орай газдандыру көрсеткіштері төмен Мақтаарал, Жетісай, Шардара, Бәйдібек аудандарына басымдық берілуде.

Өткен жылы облыста 2 газ тарату станциясы пайдалануға берілді. Биыл дәл осындай газ тарату станциялары Сарыағаш және Қазығұрт аудандарында ел игілігіне пайдалануға берілді. Ал, жыл соңына дейін тағы да 3 газ тарату станциясын іске қосу жоспарланған.

Тұрақты жұмыс нәтижесінде биыл Түркістан облысы тұрғындарының газбен қамту көрсеткіші 84,9 %-ға жетеді деп күтіліп отыр. Облыс елді мекендерін 100 % табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында «Түркістан облысы бойынша табиғи газбен қамтамасыз етудің 2023-2027 жылдарға арналған іс-шара жоспары» бекітілген. Жоспарға сәйкес, облыстағы 319 елді мекенді (469,6 мың халық) 2027 жылы табиғи газбен қамтамасыз етуге қол жеткізілмек. Елді мекендерді газдандыру жұмыстары тұрақты бақылауда және жүйелі түрде ары қарай жалғасады.

Түркістан облысындағы ауылдар мен елді мекендерді сапалы инфрақұрылыммен қамту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өңір басшысы Дархан Сатыбалды бұл мәселелерді тұрақты бақылауына алған.

2024 жылдың 1 қаңтардағы жағдай бойынша 807 елді мекеннің 737 елді мекені (7 қала, 730 ауылдық елді мекен) немесе 91,3% ауыз сумен қамтамасыз етілген. Бүгінгі таңда 70 елді мекен ауыз сумен қамтамасыз етілмеген. Облыс аумағындағы елді мекендерді 100 % ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында «Түркістан облысы бойынша ауыз сумен қамтамасыз етудің 2023-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспары» бекітілді. Жоспарға сәйкес, 41 елді мекенге құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп, халық саны 200-ден аз шалғай орналасқан 29 елді мекенде кешенді блок-модуль орнатылады.

Биыл ауыз сумен қамтамасыз ету саласы бойынша жалпы 129 нысанның құрылысына бюджеттен тиісті қаржы қаралды. Оның ішінде, осы жылы 65 нысан аяқталады деп жоспарланса, 64 нысан келесі жылға өтпелі.

2024 жылдың қорытындысымен 29 елді мекен жаңадан ауыз сумен қамту көзделіп отыр. Нәтижесінде, 807 елді мекеннің 766 елді мекені (7 қала, 759 ауылдық елді мекен) немесе 94,9 % ауыз сумен қамтамасыз етілмек.

Түркістан облысын сапалы электрмен жабдықтау мақсатында ірі жобалар қолға алынды. Атап айтқанда, облыста қуаты 1000 МВт бу-газ қондырғысын салу жобасы іске асуда. Жоба құрылысы 2026 жылы аяқталады деп жоспарланған. Одан бөлек, 2023-2025 жылдары жалпы қуаты 90 МВт 4 күн электр станциясы мен қуаты 11,5 МВт 5 шағын гидроэлектростанция салу жоспарланған. Оның ішінде, өткен жылы Отырар ауданы аумағында 50 МВт күн электр станциясының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.

Тұрғындарды сапалы инфрақұрылыммен қамту жұмыстары жалғасады.