ОТЫРАРЛЫҚТАР МЕН БӘЙДІБЕКТІКТЕР ДЕ ӨЗ ТАҢДАУЫН ЖАСАУДА

0
64

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы 2 қыркүйектегі № 636 Жарлығына сай, еліміздің барлық өңірлерінде референдум өтуде. Республикалық референдумға жасы 18-ге толған еліміздің барлық азаматтары қатыса алады. Түркістан облысының барлық өңірлерінде референдумға жұртшылық белсене қатысуда. Солардың арасында отырарлықтар мен бәйдібектіктер де бар.

Отырар ауданындағы референдум учаскелерінде таңғы сағат 7-ден бастап еліміздің әнұраны шырқалып, ресми түрде өз жұмысын бастады. Ауданда жалпы 40 референдум учаскесі бар. Оның 1-еуі (Аудандық орталық емхана) жабық учаскі.

Барлық учаскелер интернет, байланыс телефоны, бақылау камераларымен, қосымша электр көздерімен және арнайы басқа да құрал жабдықтармен толық қамтылған.

Отырар ауданындағы референдум учаскелерінде өз таңдауын жасайтын ерекше жағдайларды қажет ететін 657 мүгедектігі бар адам тұрады. Осыған орай дауыс беру кезінде референдум учаскелерінде дауыс беруге қолжетімді жағдай жасалған.

Бүгінгі таңда барлық сайлау учаскелері мүгедектігі бар адамдардың кіріп шығуына бейімделіп, үйіне барып қызмет көрсету үшін тасымалдау жәшіктері де іске қосылған.

Жалпыхалықтық референдумға дауыс беріп өз таңдауын жасаушылардың арасында Балтакөл ауылдық мәдениет үйінің «Дәстүр» әжелер ансамьблі де бар. Мемлекетіміздің жарқын болашағы үшін таңмен таласа дауыс беруге келген ақжаулықты әжелер тұрғындарды белсенді болуға шақырды.

Ерекше дауыс иелері «Дәстүр» әжелер ансамьблі аудандық және облыстық байқауларға қатысып, бірнеше рет жеңімпаз атанған. Адам бойындағы өнерді таныту үшін оған жас ерекшелігі кедергі бола алмайтынын дәлелдеген өнерпаз әжелер ауыл жастарына ұлттық өнеріміз бен ұлттық киімдерді киюді дәріптеп келеді.

Отырар ауданы, Ескі Шілік ауылындағы №525 референдум учаскесінің комиссия мүшелері тасымалдайтын жәшікпен қарт аталар мен әжелердің үйінде болды. Қарттар елдің жарқын болашағы үшін дауыс беріп, өз таңдауларын жасады.

Жалпы аудан көлемінде 153 тыл ардагері және 5 мыңнан астам зейнеткер ғұмыр кешеді.

Аудандағы барлық референдум учаскелерінде қазіргі уақытта дауыс берушілердің біршамасы келіп үлгерген. Ал, алдын ала келіп түскен өтініштер негізінде қариялар мен қарт әжелеріміздің үйіне референдум учаскелеріндегі комиссия мүшелері арнайы барып, олардың өз таңдауларын жасауына жағдай жасауда. Денсаулығына және де басқа да жағдайларға байланысты референдум учаскелеріне бара алмай қалған қарттар үйлеріне келген комиссия мүшелеріне алғыстарын айтып, ақ баталарын берді.

Шәуілдір ауылында орналасқан №521 референдум учаскесіне өз таңдауын жасауға келген азаматтардың көңіл-күйін көтеріп, белсенділігін арттыру мақсатында түрлі мәдени және спорттық іс-шаралар ұйымдастырылуда.

Рефрендум учаскесіне таңертеңнен бастап дауыс беруге келген азаматтардың легі толассыз жалғасып жатыр. Өз таңдауын жасауға келген тұрғындар арасында арқан тарту, ләңгі тебу секілді ұлттық ойындар өтіп, жеңімпаздар алғыс хаттармен марапатталды.

Отырар ауданындағы референдум учаскелерінен шалғай орналасқан тұрғындарға демеушілер есебінен тегін тасымалдау қызметі көрсетіліп, сайлаушыларға қолайлы жағдай жасалуда. Өз кезегінде тұрғындар осындай маңызды сәтте қолдау көрсеткен азаматтарға алғысын айтып, таңмен таласа референдум учаскелеріне алғашқылардың бірі болып барып өз таңдауларын жасады.

Сол сияқты Бәйдібек ауданы бойынша 50 референдум учаскесінде таңғы сағат 7.00 де еліміздің Әнұраны шырқалып заңдылықтарға сәйкес өз жұмысын бастап кетті. Бұл саяси науқанда «Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?» -деген сауалға аудандағы 28590 сайлаушы өз таңдауын жасап жауап беруде.

Таң азаннан аудан тұрғындарының дауыс беруге келуі жоғары деңгейде. Референдум учаскелеріне ең алғашқылардың бірі болып келген тұрғындарға естелік сыйлықтар табыс етілуде.

Ауданның Шақпақ елді мекенінде орналасқан №150 референдум учаскесінде ұлттық нақыштарды дәріптейтін ұлттық бұйымдар мен кәде сыйларын дауыс берушілерге тарту ұйымдастырылды. Ауданда өтіп жатқан шара барысында аудандағы мәдениет үйлерінде орналасқан референдум учаскелерінде көпшілікке өнерпаздар концерттік бағдарламаларын ұсынуда.