МАҚТААРАЛДА 62 РЕФЕРЕНДУМ УЧАСКЕСІНДЕ ДАУЫС БЕРІЛДІ
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы 2 қыркүйектегі №636 Жарлығына сәйкес, бүгін еліміздің барлық өңірлерінде жаппай референдум өтуде.
Республикалық референдумға 18 жасқа толған еліміздің барлық азаматтары қатыса алады. Тұрғындар өз бюлетенінде «Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?» деген сұраққа «иә» немесе «жоқ» деген тұсты белгілеп үн қосады.
Аталған дүбірлі науқанға Мақтаарал ауданында да үлкен дайындықтар жасалған. Жалпы аудан бойынша 62 референдум учаскесі ашылып, 1 аудандық аумақтық сайлау комиссиясы жұмыс істеуде. Оларда жалпы 401 сайлау комиссиясының мүшелері жұмыс атқаруда. 62 референдум учаскесінің 3-уі жабық. Жабық сайлау учаскелерінің 2-еуі Атакент, Мырзакент аудандық ауруханаларында, 1-еуі №2037 әскери бөлімінде орналасқан.
Ауданда 69 940 референдумға қатысуға құқығы бар азаматтар тіркелген. Барлық учаскелік референдум комиссиялары интернет, байланыс телефоны, бақылау камералармен, қосымша электр көздерімен және арнайы басқа да құрал-жабдықтарымен жабдықталған.
Мақтаарал ауданында мүгедектігі бар азаматтарға жағдай жасау үшін 61 сайлау учаскелері арнайы кабиналармен, тактилдік көрсеткіштермен, арнайы бұрыштармен, мониторлы компьютермен, құлақаспаптармен, ұлғайтқыштармен, тұтқалармен және пандустармен толық жабдықталған. Сонымен бірге, 11 сурдо-тифло аудармашы, 3 инватакси тасымалдау қызметімен, 4 әлеуметтік таксилерімен қамтамасыз етілген.
Аудандағы мүгедектігі бар, көзі көрмейтін зағип азаматтар үшін барлық референдум учаскесіне бағыттаушы тактилді жолақ орнатылған. Сондай-ақ, интерактивті қолжетімді картасына мүгедектігі бар азаматтарға ыңғайлы жерлер көрсетілген ақпараттары бар электронды картаға референдум учаскесі толық енгізілген.
Сайлау учаскелеріне ең алғашқылардың бірі болып келген тұрғындарға арнайы сыйлықтар үлестірілді. Дауыс берушілерге мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында концерттік бағдарламалар қойылып, спорттық жарыстар ұйымдастырылған.
Іс-шаралар барысында патриоттық тақырыпта әндер айтылып, ұлттық билерімізді билеп, түрлі ойындар ойнатылуда. Сондай-ақ, футбол, волейбол, баскетбол, шахмат, дойбы т.б. спорттың түрлерінен жарыстар өтуде.
Референдумның мерекелік деңгейде өтуіне өнерпаздар мен спортшылардан бөлек, ақ жаулықты әжелер, көп балалы аналар мен жас келіндер де атсалысуда. Аталған топтар ұлттық нақыштағы киімдер киіп, шашу шашып, түрлі дәмді тағамдарды сайлаушыларға ұсынуда.
Мақтаарал ауданында 62 референдум учаскелері жұмыс істеуде. Оның ішінде 3 жабық референдум учаскесі бар. Соның бірі -«Атакент» аудандық ауруханасында орналасқан №435 жабық референдум учаскесі.
Ауруханада ем алып жатқан науқастар да бүгінгі науқанға белсене қатысып, өз таңдауларын жасады. Олар еліміздің болашағы үшін АЭС салудың маңызды екенін жақсы түсінетіндерін жеткізді. «Атакент» аудандық ауруханасынан бөлек, «Мырзакент» аудандық ауруханасында және 2037 әскери бөлімінде де жабық референдум учаскелері орналасқан. Ол учаскелерде де жалпыұлттық референдумға белсенді түрде дауыс беруде.