ҚАЛА ӘКІМІ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС АЛДЫНДА ЕСЕП БЕРДІ

0
78

Мемлекет басшысының Жаңа Қазақстан құру бойынша алға қойған міндеттерінің арасында әділеттілік пен демократиялық ұстанымдарды да дамыта отырып, билік пен халықтың арасын жақындату арұылы қазақстандықтардың мемлекеттің дамуы мен болашағы үшін ынтымақтаса, бірлікте жұмыс жасауына қол жеткізудің маңыздылығы да айтылған болатын. Бүгінде халық үнін жергілікті билікке жеткізуге мұрындық болатын өңірлерде қоғамдық негізде құрылған қоғамдық кеңестер де жұмыс жасауда. Олар қала, аудандардағы барлық әлеуметтік-экономикалық, саяси-қоғамдық мәселелерде белсенділік танытып, халықтың ұсыныс-пікірлерін жеткізіп отырады.
Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов қалалық Қоғамдық кеңес алдында «Кентау қаласында 2023 жылы атқарылған жұмыстар мен 2024 жылғы міндеттер» туралы баяндама жасады.
Қоғамдық кеңес отырысына қалалық Қоғамдық Кеңес мүшелері, қала әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, дербес бөлім басшылары, ауыл әкімдері қатысты.
Қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан қала тұрғындарын толғандырып жүрген ең өзекті деген мәселелер бойынша сұрақтарын ортаға салды.
Қоғамдық кеңес төрағасы Арман Басаров қала көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарға бағасын берсе, қоғамдық кеңес мүшесі Ж,Таукеева, М.Аккулиев, Д.Мубаров негізгі деген бірқатар мәселелерді көтеріп, тұрғындардың сұрақтары мен ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
Сонымен қатар, Қоғамдық кеңес пен қала әкімдігі арасындағы байланыстың ашықтығына ризашылығын білідіріп, қаладағы саябақтарды заман талабына сай абаттандыру қажеттігі туралы мәселені көтерді.
Қала әкімі көтерілген барлық сұрақтар мен ұсыныс-пікірлерге толық жауап беріп, кейбір ұсыныстар бойынша тиісті сала басшыларына тапсырма берді.
Жалпы, қала әкімі ағымдағы жылы атқарылып жатқан жұмыстарды атап, келер жылдың жоспарымен бөлісті.
Әрбір кездесуде қала тұрғындары көтерген ұсыныстарды толық қанағаттандыру үшін қалалық бюджеттен қажетті қаржы қаралып, қаржының басым бөлігі тұрғындардың сұранысына сәйкес көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларындағы ішкі аймақтарындағы жол мәселесін шешуге және басқа да негізгі қажеттіліктерге бағытталғандығын атап өтті.
Сондай-ақ, Кентау қаласының қала статусын алғанына 69 жылдың жүзі болды. Кеңес кезеңінде жас қала одақтық шағын қалалар арасында ең сәулетті де әсем, ең таза да қолайлы қалалар арасында екінші орынды иеленіп, республикадағы шағын қалалардың көшін де бастаған болатын.Өткен ғасырдың дәл ортасында бой көтерген кеншілер қаласының атақ-даңқы кен өндіру ісімен тығыз байланысты. Кентаулық аға ұрпақтың әлемді таңдандырған және ешбір ел жаңарта алмаған шапшаң бұрғылау жөніндегі рекорды тарих бетінде алтын әріппен жазылып қалды. Бұл сол уақыттағы кенші-металлургтердің төгілген тері, қолтаңбасы ретінде кейінгі буынға өнеге болып қала береді.
Сондықтан да Кентау — қиындықтан тайсалмайтын, еңбектен жиренбейтін нағыз еңбекқор, отансүйгіш, ел мен жердің абырой-беделі үшін тау қопарып, тас тескен елжанды еңбек майталмандарының қалашығы, әлеуеті мықты «кадрлар ұстаханасы» аталды.
Бүгінгі Кентау – жаңа бағытқа бет бұрған, облыс орталығына жақын орналасқан, болашағы кемел қала. Өңірде мемлекеттік бағдарламалар біртіндеп жүзеге асырылып, кен орындары зерттеліп, инвестициялар тартуға, орта және шағын кәсіпкерлікті, әсіресе, өндіріс саласын дамытуға бар күш жұмсалуда.
Бағыт-бағдары айқын қала заманауи электр жабдықтарын өндіретін еліміздегі бірден-бір маңызды орталыққа айналған. Мұның барлығын мемлекет тарапынан жасалып отырған айрықша қолдау мен өз қаласын сүйетін кентаулықтардың ерен еңбегінің жемісі.