СУ САЛАСЫНЫҢ АРДАГЕРЛЕРІН МАРАПАТТАДЫ

0
115

Мемлекет басшысы өзінің әр жолдауында Қазақстанда еңбек адамына құрмет көрсетіліп, оның төккен маңдай тері мен ұзақ жылдар бойы атқарған жемісті де нәтижелі жұмыстары бағалануы қажеттігін айтып келеді. Қазақстандық жастарды сол ардагер еңбеккерлердің еселі еңбегі мен үйренер үлгісін өнеге ретінде насихаттау арқылы тәрбиелеу қажеттігін де айтқан. Сондықтан да, соңғы жылдары қарапайым еңбек адамдарына, еселі еңбек етіп бүгінде бейнетінің зейнетін көріп жүрген еңбек ардагерлеріне көңіл бөлініп, арнайы құрмет көрсетілу дәстүрі қалпытасып келеді.
Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев «Зах-Келес» су шаруашылығы мекемесінің құрылғанына бір ғасырдай мерзім болып, жүз жыл мерейтойына ұйымдастырылған конференцияға қатысты. Іс-шарада Келес ауданының әкімі су саласында ұзақ уақыттан бері еңбек еткен, ардагерлерге мерекелік марапаттар табыстады.
Атап айтқанда Қазақстанның су шаруашылығы ардагерлері Сарсенов Шералы, Исманов Амангелді, Керимбаев Саттар, Ибрагимов Каримжон және Өзбекстан Республикасының «Бозсув» ирригация тізімі басқармасының басшысы Фазилов Рустам мен «Қазсушар» РМК директорының орынбасары Бакашбаев Жандарбек Кендербекұлына өз атынан дайындалған «Алғыс хаттарды» табыстап, арнайы сыйлықтарын үлестірді.
Айта кетейік, «Қазсушар» РМК Түркістан филиалы теңгеріміндегі “Зах- Келес” өндірістік бөлімшесінің негізгі тарихы 1930 жылы қаланған. Яғни, 1930 жылдың наурыз айында Иіржар су басқарма округі Ташқазақ су басқармасы болып аты өзгерген. 1930 жылдың қазан айынан бастап Ташқазақ су басқармасы Зах-Келес су басқармасы болып атауы алған. Иіржар су басқарма округі Қазақстан АССР-нің оңтүстік аумағын, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Қырғыз Республикасының оңтүстік аймағына ағын су жеткізумен айналысты.
Қазіргі таңда Зах-Келес өндірістік бөлімшесі 80,0 мың гектар суғармалы жерге ағын су жеткізу қызметін атқарады. Өзбекстан Республикасының Ташкент облысының Шыршық қаласы, Бостандық, Қыбрай, Ташкент аудандары, Қазақстан Республикасының Түркістан облысының үш ауданы Қазығұрт, Сарыағаш, Келес аудандарын ағын сумен қамтамасыз етеді.