ЕРЕКШЕ ЖАНДАРДЫҢ МЕРЕКЕСІ АТАЛЫП ӨТТІ

Қазақстан Республикасында мүмкіндігі шектеулі, арнайы күтімді қажет ететін ерекше жандардың қоғамда өздерін өзгелермен тең сезінуі үшін мемлекет тарапынан көптеген жұмыстар жасалынуда. Мемлекет оларды заңмен қорғай отырып, ерекше жандарға көптеген жеңілдіктер де қарастырған. Негізгі мақсат — еліміздегі ерекше жандарды кемсітілуден қорғап, олардың өздерін еркін де өзгелермен тең ұстап, қоғамның өміріне белсене араласуына қолдау жасау. Әрдайым көңіл күлерінің жоғары болып, өздерін еліміздің толыққанды азаматтары сезінуіне мүмкіндік жасау. Осындай мемлекеттік қамқорлықтардың арқасында мүмкіндігі шектеулі саналатын ерекше жандар қоғамның барлық салаларына белсенді араласып, өздерінің дарыны мен талантын, іскерлігі мен белсенділігін көрсетуге мүмкіндік алған. Биылғы Париж параолимпиадасында қазақстандық параспортшылар жақсы нәтижелерге жетуі соның бір айғағы десек болады.
Созақ ауданы Жартытөбе ауылында 10 қазан — Мүгедектігі бар азаматтарды қолдау күніне арналған көңілді шара өтті. Шараны аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков ашып, ізгі тілегін арнады. Ерекше жандардың қуанышты сәттерін бірге еңсеріп, 28 балаға түрлі сыйлықтарды табыс етті.
Шара аясында талантты өнерпаздар Жартытөбе ауылдық мәдениет үйін әуелеген әнмен әрледі. Күмбірлете күй тартып, өз өнерлерін паш етті. Көрермендердің көңілдерін баурап, рухани бай әсер сыйлады.
Киім үлгілерімен ерекшеленген ертегі кейіпкерлері жас бүлдіршіндерді қуанышқа бөлеп, тәттілер үлестірді. Шат-шадыман күйге кенелген ерекше жандар арнайы дайындалған мерекелік дастарханда бас қосты. Қуанышты әсерге бөленген жандардың күлкісі әрбір жанға қуаныш сыйлады.