МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕРДІҢ БЕКІТІЛГЕН ТАЛАПТАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

0
60

Сауран ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаевтың төрағалығымен Мемлекеттік рәміздерге қатысты заң аясында қолданатылатын шаралар, орналасу тәртібі мен талаптарын түсіндіру бойынша жиналыс болып өтті. Жиынға дербес бөлімдер, полиция, білім, денсаулық салалары және ауылдық округтерінің жауапты мамандары қатысты.
Жиналыстың күн тәртібіндегі мәселе бойынша ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі Марат Қалеке баяндама жасады. Баяндамашының мәлімдеуінше Мемлекеттік рәміздер – бұл кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырағысыз атрибуттарының бірі.
Қазақстан Республикасында Мемлекеттік ту, Мемлекеттік елтаңба және Мемлекеттік гимн мемлекеттік рәміздер болып табылады. Бөлім тарапынан аудан көлеміндегі мемлекеттік мекемелерге мемлекеттік рәміздерінің дұрыс орналасуы бойынша мониторинг жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде көптеген мемлекеттік орындардың аттары аталып, рәміздердің заң талаптарына сәйкес еместігін айтып, жедел түрде дұрыстауға ұсыныс берді.
Жиналысты қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша өз деңгейінде орындамаған ауылдық округтер мен тиісті бөлімдерге кемшіліктерді жою бойынша тапсырма берді.
Сол сияқты Сауран ауданында мүмкіндігі шектеулі жандар күніне орай «Рухты, жігерлі жандар» атты мерекелік кеш өтті. Шараға аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Бөкебаев қатысып, балаларға игі тілегін жеткізді. Жиын барысында саурандық 60 ерекше балаға демеушілер тарапынан сый-сияпат табысталды. Сондай-ақ, шара мерекелік концерттік бағдарламаға ұласты.
Айта кетейік, ерекше жандарға арналған шара олардың құқықтарын қорғау және қоғамға қатысу мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында ұйымдастырылған. Әрбір өркениетті мемлекет үшін оның барлық азаматтарының тең мүмкіндіктері, құқықтары мен бостандықтарының болуы өте маңызды.
Сауран ауданында жастар тәрбиесіне қатысты да мәселелер назарда ұсталынады. Аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаевтың төрағалығымен кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы болып өтті. Жиынға комиссия мүшелері және тиісті бөлім басшылары қатысты.
Жиналыстың күн тәртібінде жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылық, зорлық-зомбылық, ерте жүктілік фактілерінің және өз өзіне қол жұмсаудың алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметінің өкілі мен «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысының орынбасары Жандос Құрбанәлі, емхананың бас дәрігерінің орынбасары Айдана Аяғанова баяндама жасады.
Сонымен бірге, балалар мен жасөпірімдердің түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде және тұрғын үй-жайдан тыс жерлерде болмауларының алдын алу мақсатында «Жасөспірім» рейд қорытындысы туралы аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметінің өкілі мен аудандық білім бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Мейіржан Әділбеков хабарлап өтті.
Жиын барысында жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша жиналысқа қатысушылар тарапынан көптеген ой-пікірлер ортаға салынып, талқыға түсті. Алдағы уақытта бұл бағытта тұрақты түрде бірлесе жұмыс жүргізу керектігіне тоқталды.