ГЕНДЕРЛІК САЯСАТ — ҚОҒАМДЫ ДАМЫТУДЫҢ НЕГІЗГІ ФАКТОРЫНЫҢ БІРІ

0
46

Қазақ халқы ертеден далалық демократияны ұстанып адам теңдігін сақтап келгенін тарихтан, шежірелер мен әдебиеттерден білеміз. Қазақ қыздары мен әйелдері ерлермен тең құқықты, кейбір жағдайларда артық та құқығы болған. Оған мысалдар жетерлік. Мәселен, қазақтың әйел адамдары ешқашан шығыс әйелдерінің көпшілік елдеріндегідей бүркенішпен, паранжамен бүркемеленбеген. Қыз кезінде тақия, бөрік, түрмысқа шыққан соң жасына қарай орамал-жаулық, кимешек киген.
Сол сияқты қазақ қыз-әйелдері ерлермен бірдей әскери дағдыларды меңгерңп отан қорғап, жаумен шайқасқан. Ерлермен бірдей аттың құлағында ойнап, қажет жерінде шаруашылықты ұйымдастырып, басқарып, бір қауым елге басшы да бола білген. Алқалы жиындарда да өз пікірлерін білдіріп, көпшілік алдында сөз сөйлеп, шешім қабылдауға да ықпал еткен. Кейін ислам дінінің кереғарлығы мен теріс насихатталуынан әйелдердің құқығы шектелген. Соның қалдықтары әлі жалғасуда.
Егемендігімізді жариялаған соң ұлттық құндылықтардың жалпыадамдық құндылықтармен сәйкестері қайта жаңғыртылып, қоғамда ер мен әйел теңдігін қалпына келтіру ісі қолға алына бастады. Қазіргі зымыран заманда мамандықтар мен кәсіптер әйелдікі, еркектікі деп бөлінбейді, қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық, өнеркәсіп салаларында да ер адамның істегенін әйел де атқара алатынын көріп жүрміз. Сондықтан да мемлекет гендерлік саясатты қолға алды.
Ген сөзі ағылшын тілінен аударғанда «тек» деген мағынана білдіреді. Бірақ гендер сөзі биологиялық емес, әлеуметтік жағдайларға яғни қоғамдық еңбектің бөлінуі, спецификалық әлеуметтік функциялар, мәдени стереотиптерде тәуелді әлеуметтік жыныс, әйелдер мен еркектер арасындағы айырмашылықтар деген мағынаны білдіреді.
Гендер дегеніміз – еркек пен әйел арасындағы дене бітімінің айырмасы емес, ер азаматқа тән қасиеттер мен әйелдік болмыстың әлеуметтік тұрғыдан қалыптасқан өзіндік ерекшеліктері болып табылады.
Қазақстандық психологиялық әдебиеттерде «гендер» термині өте сирек кездеседі. Өйткені бұрынғы кездері көбінесе әйел адамды тек «шаңырақтың сақтаушысы», «бала күтушісі» ретінде қарап, қоғамдық жұмыстарға кеңінен араластырмаған. Ал қазіргі таңда бұл жағдай өзгеріп барады: гендерлік зерттеулер адам жайлы ілімнің барлық негізгі аймақтарына кіре бастады.
Қазіргі заманда әйелді қоғамдық жұмыстардың барлық саласында, яғни билік басында да, ғылымда да, жеке кәсіпкерлікте де, әскери істе де кездестіруге болады. Яғни, мәселе әйел адамдардың осы іс-әрекет түрлеріне қандай дәрежеде араласып жүргенінде.
Қазақстанда жұмыстың барлық саласында әйелдер қауымын өте көп көруге болады. Заманауи дамудың бүгінгі жағдайы әлемде әйел бейнесін қайта қарауды талап етеді. Гендерлік қатынастарға қатысты халықтың ұлттық ерекшеліктерін ескере отырып, қазақ халқының дәстүрлі құндылықтар жүйесін, еркек пен әйелдің қоғамдағы орны мен рөлі туралы түсініктер жүйесінің эволюциясын зерттеуі қажет. Ал енді сол мәселенің түп тамырын білу үшін жалпы гендер деген не, ол қайдан шықты және оның қазақ қоғамындағы болып жатқан үрдістерге әсері қандай екенін қарастыру қажет.
Жалпы  Қазақстанның халықаралық құқық пен халықаралық міндеттемелердің жалпыға бірдей принциптері мен нормаларын орындауы – бұл мемлекеттік гендерлік саясаттың міндеттерін іске асыру және мемлекет тіршілігінің барлық салаларындағы ерлер мен әйелдердің теңдігін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік кепілдікті сақтау құралдарының бірі.
Қазіргі қазақстандық қоғамда гендерлік саясатты іске асыру мемлекеттік саясаттың маңызды бағытына айналып отыр. Оны жүзеге асыру демократияға қол жеткізудің, қазақстандық мемлекеттілікті нығайтып, қоғамды жаңғыртудың негізгі факторларының бірі деуге болады. Гендерлік саясатты жүзеге асыру — демократияға жетудің негізгі факторларының бірі екенін ұмытпаған абзал.
Гендерлік саясат әйелдерге тең қолжетімділікті және өмірдің барлық салаларына қатысуды қамтамасыз етуі қажет. Бүгінгі әйелдер саясатта, бизнесте, экономиканың барлық салаларында ер азаматтармен бірге еңбектеніп, қабілет дарынымен, іскерлігімен көзге түсіп, еліміздің дамуына , сонымен қатар, ана ретінде өмірге сәби әкеліп елдің демографиялық ахуалын жақсартуға, отбасының жарасымдылығына үлестерін қосып жүр. Сондықтан ұлттық құндылықтар мен жалпыадамзаттық құндылықтардың озық та заманауи үлгілерін қалпытастыра отырып, ер мен әйелдің, ана мен баланың құқықтарының қорғалуы, теңдігі жүзеге асырылуы тиісті.