ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТІП, БАЛАЛАРҒА КҮРДЕЛІ ОТАЛАР ЖАСАЛДЫ

0
48

Қазақстанда денсаулық саласына көп көңіл бөлініп, ұлт саулығын жақсарту мақсатында көптеген бағдарламалар жүзеге асырылуда. Оған қоса Мемлекет басшысы да өзінің биылғы Жолдауында «Білікті медицина мамандарының тапшылығы – әлі де өзекті мәселе.
Бұл мәселені шешу үшін, ең алдымен, медицина саласындағы білім сапасын барынша арттырған жөн. Соның ішінде грант құнын білім беру үдерістерінің деңгейіне қарай саралау арқылы белгілеп,  тиімді тарату қажет» деп білікті медицина мамандарын көбейтіп, адам денсаулығын жақсартуды тапсырды.
Түркістан облысында денсаулық саласында дәрігерлердің білімі мен тәжірибесін арттыру мақсатында нәтижелі жұмыстар жасалынуда.
Түркістанда Қазақстан балалар жүрегін емдеу жөніндегі мамандар қоғамының «Күннен – жүрекке: балалар кардиохирургиясы мен кардиологиясындағы коммуникациялар» атты ІІ Халықаралық конференциясы өтті.
Тәжірибелік жиында Ресей, Беларусия, Польша, Қырғызстан және еліміздің басқа да қалаларынан жиналған кардиолог, кардиохирург және интервенционды кардиолог дәрігерлері балалардағы жүрек ауруларын емдеудегі өзекті мәселелерді талқылап, біліктілігін бөлісті.
Түркістан облысында жыл басынан бері 108 сәбидің жүрегіне ота жасалған. Өңірде кардиохирургия саласы қарқынды дамып келеді. Түркістан облыстық балалар ауруханасында туа біткен жүрек кемістігі бар балаларды тасымалдаудың жол картасы әзірленген. Дәрігерлердің Қызылорда мен Тараздан жүрек кемістігі бар нәрестені санавиация бортымен тасымалдау тәжірибесі бар. Ауруханада кардиореанимация бөлімшесі ашылып, онда жаңа туған нәрестелерді күрделі және ұзақ ашық жүрекке операциядан кейін күтеді.
Айта кетейік, бұл тәжірибе алмасу жұмыстары Түркістан облысының балалар кардиохирургиясы дамуының 10 жылдығына орай ұйымдастырылған.
Конференция аясында Түркістан облыстық балалар ауруханасында еліміздің бас балалар кардиохирургі, «University Medical Center» корпоративтік қоры балалар кардиохирургиясы бөлімінің меңгерушісі Дмитрий Горбуновтың қатысуымен жаңа туған нәрестелерге күрделі оталар жасалды.
Сондай-ақ «University Medical Center» корпоративтік қоры, балалар кардиологы, педиатрия бойынша медициналық директоры Иванова-Разумова Татьяна бастаған бір топ білікті маманның қатысуымен жүрегінде ақауы бар балаларға диагностикалық тексерулер жүргізілді.
Жүрек ақауымен есепте тұратын балалардың ата аналары мен шаранасындағы балада жүрек ақауы анықталған жүкті әйелдер үшін арнайы «пациент мектебі» өткізіліп, кеңестер берілді.
Сол сияқты Денсаулық сақтау министрлігі кадр тапшылығын шешу үшін нысаналы гранттардың өсуін пайдаланып, білімді мамандар даярлауы тиіс. Өйткені,
Азаматтарға, аналар мен балаларға медициналық көмек көрсету сапасы тек қызметкерлерге ғана емес, сонымен қатар емханалар, перзентханалар және балалар стационарларындағы мамандардың кәсіби деңгейіне де байланысты. Елде 5 мыңнан астам акушер-гинеколог және 9 мыңнан астам акушер жұмыс істейді. Жыл сайын олар 400 мыңға жуық жүкті әйелдің босануын бақылайды және қабылдайды. Балаларға 4 мыңнан астам дәрігер және 1 мыңнан астам неонатолог медициналық көмек көрсетеді. Мұндай мәліметтерді Орталық коммуникациялар қызметінде өткен дөңгелек үстел барысында ҚР ДСМ Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова айтты.
Оның айтуынша, ведомство кадрлық әлеуетті нығайту үшін соңғы 2 жылда кадрларды даярлауға арналған нысаналы гранттарды 2 есе ұлғайтты. Ауылға медициналық кадрларды тарту үшін әлеуметтік төлемдердің бірыңғай пакеті әзірленді.
«Ауылдық жерлерде жұмысқа кіріскен жас мамандар көтерме жәрдемақы, ең төменгі пайыздық мөлшерлемемен тұрғын үйге несие, жалақыға қосымша ақы алады. 2024-жылдың қаңтар айынан бастап аудан орталықтарына жұмыс істеуге келген мамандарға берілетін бюджеттік кредит мөлшері 2,5 мың АЕК-ке дейін немесе 9,2 млн теңгеге дейін ұлғаяды, ауылдық елдімекендер үшін 2 мың АЕК – 7,3 млн теңгеге дейін өсті», – деп атап өтті спикер.
Ауылдық жерлерге жұмысқа келетін мамандықтар бойынша медицина қызметкерлері 100 ЕТЖ — 8,5 млн теңге алады. Еліміздің жетекші орталықтары мен шетелдік клиникалар базасында мамандарды үздіксіз оқыту және даярлау жүргізіледі.