ОТБАСЫЛЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР МЕМЛЕКЕТТІҢ МЫЗҒЫМАСТЫҒЫНЫҢ КЕПІЛІ

«Отан – отбасынан басталады». Мемлекеттің тірегі азаматтары болса, олардың өмір сүру, өсіп-өнуі отбасында болады. Әр шаңырақтағы әлеуметтік-тұрмыстық, рухани-психологиялық, адамдық қатынастардың деңгейі жоғары болса ол отбасындағы жалпы ахуал жақсы деген сөз. Тұрмыс деңгейін жоғары, туыстық, адами қасиеттер мен әдеп-дағдылар сақталған, ұлттық салт-дәстүрлер сақталған отбасында демографиялық өсімге үлес қосу да жоғары болады. Сол сияқты, шаңырағында шаттық орнаған отбасының мүшелері қоғамда белсенді, ел үшін еселі еңбек етеді. Сондықтан да, мемлекетіміз отбасылық құндылықтарды сақтау мен жетілдіру арқылы азаматтарымыздың бақытты өмір сүруін қамтамасыз етуді мақсат етеді.
Еліміздегі отбасылық саясатты іске асырушы мемлекеттік органдар мен қоса қоғамдық ұйымдар да қазақстандықтардың отбасыларының жайлы жағдайда өмір сүруі үшін жұмыс жасауда. Арыс қаласы әкімдігінің кіші мәжіліс залында әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия отырысы өтті. Жиынды қала әкімінің орынбасары Алмаз Сұлтанов ашып, жүргізіп отырды.
Жиында Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Күміс Мирова және Түркістан облысының полиция департаментінің зорлық-зомбылықты қорғау тобының аға инспекторы Жанар Қалабаева баяндама жасады.
Өз сөзінже Күміс Мирова Отбасын қолдау орталықтарының қызметін жүзеге асыру қағидаларына тоқталды. Орталық консультация және әдіснама жұмыстары бойынша ұйымдастырылатынын, өмірде қиын жағдайдағы ретінде бастапқы бағалау қорытындылары бойынша айқындалған адамдар (отбасылар) үшін жеке жұмыс жоспарын түзу қажеттіліктерін атап көрсетті. Ауданда құрылған мобильді топтардың жұмыстарын жандандыруды және орталықтың жұмыстарын жүргізу бойынша кеңінен насихаттауды тапсырды.
Талқылау барысында комиссия мүшелері тарапынан сұрақтар қойылып, ұсыныстар талқыланды. Барлық ұсыныс-пікірлер назарға алынып, алдағы уақытта осы бағытта жұмыстар жалғасын табатындығы айтылды.
Сондай-ақ, отбасының беріктігі, жас отбасының шаңырағы шайқалмауы ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрлерді сақтап, дамытуға да байланысты. Түркістан облысы Сарыағаш ауданы әкімі Арман Абдуллаевтың Жібек жолы ауылына арнайы бекіткен сауықтыруға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес «Жақсы келін – ырысың» атты жас келіндер арасында байқау өтті.
Аталған шараға ауданның 10 келіні қатысып:
-аспаздық шеберліктері: қамыр илеп, жаю; -«Аялулы ана» бала жұбатуға арналған ғұрыпты әндерді орындау;
-«Ісмер келін» қолөнер шеберлігі,
— «Білгенге маржан» сұрақ -жауап тақырыптарындағы тапсырмалар бойынша өнерлерін ортаға салды. Аса дайындықпен келген келіндер сайыста ерекшеліктерімен жұртты сүйсіндіріп, көптің көңілінен шықты
Байқаудың қорытындысы бойынша:
-І орынды Қасымбек Нағима,
-ІІ орынды Ахмет Аяулым,
-ІІІ орынды Елемес Баян қанжығасына байлады.
Байқауға қатысушы Б.Қайықбаева «Ибалы келін», Ф.Кумекова «Тапқыр келін», С.Шалабаева «Өнерлі келін», А.Байсейтова «Шебер келін», Ғ.Пернебек «Көрікті келін», Б.Срайлова «Дана келін» Б.Шералиева «Бармағынан бал тамған келін» номинацияларын иеленді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді ауданның ішкі саясат бөлімінің басшысы З.Хамзаева құттықтап, бағалы сыйлықтар мен арнайы дипломдар табыстады.
Айта кетсек, байқаудың мақсаты – қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын жастар арасында кеңінен насихаттау, ұлттық құндылықтарымызды жаңғырту.
Отбасының ұйытқысы болған жас келіндерді ақылдылық пен парасаттылықтың, инабаттылықтың үлгісі ретінде өскелең ұрпаққа көрсету.