КАРДИОХИРУРГИЯЛЫҚ КҮРДЕЛІ ОТАЛАР ЖАСАЛУДА

0
68

Қазақстан Республикасының Президентінің биылғы Жолдауында «Әлеуметтік салаға, әсіресе, балаларды қорғау ісіне айрықша көңіл бөлінді. Ұлттық қордан балалардың есепшотына қаржы аударуға қатысты заң қабылданды. Балаларды құмар ойынға тартқандар әкімшілік заң бойынша жазаға тартылатын болды. Кәмелетке толмаған балаларға зорлық-зомбылық көрсеткені үшін берілетін жаза қатаңдады. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстың алдын алуға арналған заң қабылданды» делінді. Балалардың денсаулығын сақтау саласында балалар медицинасында озық технологиялар мен жетілдірілген медициналық құрал-жабдықтарды игеру, балаларды емдеуде үздік тәжірибелерді меңеру бойынша да ауқымды істер атқарылуда.
Түркістан облыстық балалар ауруханасында дәрігерлер кардиохирургиялық сирек ота жасауды қолға алған. Күрделі ота еліміздің бас балалар кардиохирургі, «University Medical Center» корпоративтік қоры балалар кардиохирургиясы бөлімінің меңгерушісі Дмитрий Горбуновтың қатысуымен өтіп жатыр. Тәжірибе алмасу жұмыстары Түркістан облысының балалар кардиохирургиясы дамуының 10 жылдығына орай ұйымдастырылған.
Сондай-ақ, облыстық балалар ауруханасында «University Medical Center» корпоративтік қоры, балалар кардиологы, педиатрия бойынша медициналық директоры Иванова-Разумова Татьяна бастаған бір топ білікті мамандардың қатысуымен жүрегінде ақауы бар балаларға диагностикалық тексерулер жүргізіліп, консультация беру жұмыстары жүргізілді.
Айта кетейік, 10 жыл ішінде балалардың туа біткен жүрек ақауларына 3020 ота жасалды, 2023 жылы 131 ота және 2024 жылдың 9 айында 108 ота жасалды. Шеберлік сынып аясында 13 күндік нәрестенің критикалық туа біткен жүрек ақауын жасанды қан айналымы жағдайында түбегейлі түзету бойынша ота жасау жоспарлануда.
Мемлекетіміз ана мен бала денсаулығын сақтау, ана мен баланы қорғау мен қолдау бойынша көптеген жұмыстарды атқаруда. Ана мен балаға мемлекет тарапынан көптеген жеңілдіктер мен жәрдемдер, қолдаулар жасалынып отыр. Ана мен бала өлімін азайту үшін отбасыларға әлеуметтік қолдаулар мен жәрдемдер жасалумен қатар медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға да көңіл бөлінуде.
Түркістан қаласы әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясының ұйымдастыруымен әйелдерге арналған “Ресурсты ана – сау ұрпақ” тренингі өтті. Жоба жетекшісі “Дара Медиа” орталығының басшысы Халдарбек Рухабза.
Салтанатты жиынды қала әкімінің орынбасары Мекенхан Қозыханұлы ашты. Шараға облыстық мәслихат депутаты Инара Намазбаева қатысты.
Жобадағы спикерлер остеопат маманы Дариға Жұмабекқызы, балалар невропатологы, “Сөйле балам” орталығының негізін қалаушы, әлеуметтік кәсіпкер Ғалия Нұржанқызы, балалар психологы және нейропсихолог маман Жаннат Қаныбекқызы, невропатолог дәрігер Әсел Қайратқызы, интегративті дәрігер-гинеколог Мөлдір Баратбаева тақырып төңірегін жан-жақты талқылап, ой-пікірлерін ортаға салды.
Аталған жобаны алдағы уақытта өзге қала-аудандарда өткізу жоспарланып отыр.