“ҮЛГІЛІ АУЫЛДА” БЕС ЖЫЛДАН БЕРІ ҚЫЛМЫС ТІРКЕЛМЕГЕН

0
49

Түркістан облысында «Қуатты өңірлер – Ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын жүзеге асыру мақсатында елдімекендерде әлеуметтік нысандар, инфрақұрылымдарды енгізу, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп салаларын дамыту, ауыл іші мен айналасын таза ұстап, көгалдандыру сияқты бағыттардың барлығын да қарқынды әрі нәтижелі жүргізуді ұйымдастыруда. Жылдық жоспарлы жұмыстарға қосымша әр аудан, қалада жоғарыдағы талаптарға жауап беретін үздік ауылдарды анықтау мақсатында «Үлгілі ауыл» конкурсы ұйымдастырылған.
Созаң ауданында осы конкурстың қортындысы шығарылып, «Үлгілі ауыл» конкурсының аудандық деңгейінің жеңімпазы анықталды. Конкурсқа әрбір ауылдық округтен бір елді мекеннен қатысып, жасыл желекпен көмкерілген Жартытөбе ауылы үздік деп танылды.
Жеңімпаз ауылды нақтылау кезінде ауылдардағы тазалық пен көгалдандыру жұмыстарына, ауыл шаруашылығы мен шағын және орта кәсіпкерліктің даму деңгейіне басымдық берілді. Аудандық деңгейден жеңімпаз атанған Жартытөбе ауылы ендігі кезекте облыстық деңгейде бақ сынайды.
Айта кетейік, аудан орталығына іргелес орналасқан Жартытөбе ауылында стандартқа сай жабдықталған білім ордасы, балабақша, аурухана, мәдениет үйі, балаларға арналған спорт, ойын алаңшаларымен қамтылған. Бұдан бөлек ауыл тұрғындарының сұранысына орай да тиісті жұмыстар атқарылып келеді.
Қазіргі уақытта Жартытөбе ауылы мен оған қарасты Аққолтық және Бабата елді мекендерінің ішкі көшелері 100 пайыз асфальт және 100 пайыз көше жарықшамдарымен қамтылды. Бұған қоса толықтай орталықтандырылған таза ауыз су жүйесі жүргізілген.
Ауылды көркейту-көгалдандыру және қоқыстан тазарту жұмыстары да қарқынды іске асырылып, ауылдың келбеті ажарлана түскен. Ішкі көшелер мен ауыл маңына отырғызылған тал көшеттері аймақты жасыл желекке орауда. Сәні мен салтанаты келіскен ауылдың ажарлана түсуіне «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық шарасының да серпін бергені анық.
Сонымен қатар, денсаулыққа зиянды өнімнің бірі болып саналатын алькогольді ішімдікті сатудан бас тартып, өскелең ұрпақты салауатты өмірге қалыптастыруды жөн санаған ауылда 69 алтын құрсақты батыр аналар тұрса, жалпы округ бойынша 179 батыр ана бар.
Сондай-ақ Округ бойынша 28 азамат “Ауыл аманаты” жобасы бойынша 2,5 пайыздық несиеге қол жеткізген. Осылайша соңғы уақытта ауылдан өз кәсібін ашып, нәсібін ұлғайтып отырған азаматтардың қатары күн санап артуда. Әрбір істі аса ұйымшылдықпен атқаратын ауылда соңғы 5 жылға жуық уақытта ешқандай қылмыс дерегі тіркелмеген.
Сондай-ақ, Жартытөбе ауылында 10 қазан — Мүгедектігі бар азаматтарды қолдау күніне арналған көңілді шара өтті. Шараны аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков ашып, ізгі тілегін арнады. Ерекше жандардың қуанышты сәттерін бірге еңсеріп, 28 балаға түрлі сыйлықтарды табыс етті.
Шара аясында талантты өнерпаздар Жартытөбе ауылдық мәдениет үйін әуелеген әнмен әрледі. Күмбірлете күй тартып, өз өнерлерін паш етті. Көрермендердің көңілдерін баурап, рухани бай әсер сыйлады.
Киім үлгілерімен ерекшеленген ертегі кейіпкерлері жас бүлдіршіндерді қуанышқа бөлеп, тәттілер үлестірді. Шат-шадыман күйге кенелген ерекше жандар арнайы дайындалған мерекелік дастарханда бас қосты. Қуанышты әсерге бөленген жандардың күлкісі әрбір жанға қуаныш сыйлады.