ЖҮГЕРІНІ ТЕРЕҢ ӨҢДЕЙТІН ЗАУЫТ САЛЫНУДА
«Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» деп аталатын биылғы Жолдауында ел Президенті «Біз дамудың жаңа бағдарын белгіледік. Экономиканы әртараптандыру ісіне тың серпін бердік. Инфляция баяулады, яғни былтырғы ең жоғарғы деңгейден 2,5 есе төмендеді. Еліміздің халықаралық резерві 100 миллиард доллардан асты. Өңдеу өнеркәсібі тау-кен саласымен салыстырғанда жылдам өсіп жатыр.
Біз осы қарқынды жоғалтпауымыз керек. Бұған дейін жасалған қолайлы жағдайды тиімді пайдаланып, жаңа инвестициялық кезеңді бастауымыз қажет.
Үкімет және әкімдер экономиканың құрылымын өзгертуге баса назар аударуға тиіс. Еліміздің тұрақты дамуына мүмкіндік беретін жаңа тетіктерді қарастырған жөн. Басты мақсат – азаматтардың табысын арттыру. Жұмысты дұрыс үйлестіре білсек, бұл – қолдан келетін шаруа» деп өңірлерде өнім өндірудің көлемін арттыру үшін жаңа тетіктерді, жаңа өндірістерді іске қосу қажеттігін айтты.
Түркістан облысының әкімі барлық өңірлерде экономиканы әртараптандырып, өндірілетін өнім түрлерін көбейте отырып, негізінен сол ауданның жағдайында жақсы өнім беретін дақылдарды өсіріп, оларды терең өңдеу, товарлылығын арттыру арқылы пайданы көбейтіп, табысқа жету қажеттігін айтқан болатын.
Түркістан облысы, Шардара ауданындағы «Шардара» индустриалды аймағында жүгері дақылын терең өңдеу зауытының құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр.
Шардара ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков «Шардара» индустриалды аймағында болып, жүгері дақылын терең өңдеу зауытының құрылыс барысымен танысты. 35 гектарға орналасатын өндірістің бірінші кезеңінде «Казкрахмал» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі дәнді кептіру және сақтау кешенінің қабырғасын қалап, іске қосқан. Қазіргі таңда екінші кезеңнің жоспарына сәйкес, зауыт ғимаратының құрылысы жүргізілуде. 500 адамды тұрақты жұмыспен қамтитын өндіріс кешені 2025 жылы аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Облыс әкімінің орынбасарының іссапары балық өсірумен айналысатын «Хамит» шаруашылығының тоғанында жалғасты. Нұрбол Тұрашбеков шаруалармен кездесіп, өзекті мәселелерді саралады. Шаруалардың су тұтынуына қатысты туындаған сұрақтарына жауап беріп, мәселені шешу үшін заң аясында тиісті жұмыстар атқарылатынын жеткізді.
Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды өңірде мақта шаруашылығын дамыту, мақта талшығының сапасын арттыру, жаңа инновациялық әдістерді пайдалануды тапсырған болатын. Тапсырмалардың орындалу барысын бақылау мақсатында облыс әкімінің орынбасары «Шардара мақта» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мақта қабылдау бекетінде болып, диқандармен кездесті. Кәсіп иелеріне мақтаны қабылдау кезінде сапасына аса мән беруді, сұрыптаудан өткізуді тапсырып, мақта бағасы оның сапасына да қатысты екенін айтып өтті. Мұнда 10 адам жұмыс істейді. Мақта қабылдау пункті өткен жылы мақтаның жиын-терім науқанында 3 мың тонна көлемінде мақта қабылдаған. Биыл 2 мың тонна мақта қабылдау жоспарланып отыр. Мақта өлшеу таразысы арнайы мекемемен аккредиттеліп, тексеруден өткен.