СОЗАҚ ПЕН САУРАН АУДАНДАРЫНЫҢ ДАМУ ЖОСПАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

0
100

«Қуатты өңірлер – Ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының мақсаты – өңірлерді қарқынды дамыту арқылы еліміздің толыққанды қарқынды даму жолына түсуін қамтамасыз ету болып табылады. Сол себепті де өңірлер даму жоспарларын инновациялық әдістермен, жаңашылдықпен, қала аудандардың әлеуеттерін ескере отырып жасаулары қажет. Түркістан облысында географиялық орналасу жағдайына, табиғи және өндірістік ресурстардың көлеміне, тағы басқа да мүмкіндіктерге қарай әр қала мен ауданның дамуын оңтайландыра түсу мақсатында бір аудан бір өнім, деген сияқты жобалар да ұсынылып, мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларды тиімді пайдалану мүмкіндіктері қарастырылып, «Келісіп пішкен тон келте болмас» дегендей жоспарлауды талқылап, бекіту жолға қойылған.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен аудан, қалалардың даму жоспарын талқылап, бекіту жұмыстары жалғасуда. Бүгін Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков аймақтың 2024-2030 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады. Негізгі индикаторлар мен экономиканы алға сүйрейтін салалар сарапталып, терең талданды. Облыс әкімі тарапынан даму жоспарын толықтыру туралы тапсырма беріліп, сала басшыларының ұсыныстары тыңдалды.

– Бекітілген даму жоспарын орындау бойынша Жол картасы бекітіліп, ол тиянақты әрі сапалы орындалуы тиіс. Созақ ауданында өндірісті дамыту маңызды. Тау-кен саласында мүмкіндік мол. Туризмді дамытуға да күш салған жөн. Аудан әкімдігі мен басқармалар бірлесе жұмыс атқаруы қажет, – деді Дархан Сатыбалды.

Аудан әкімінің айтуынша, Созақ ауданы бойынша 2024-2030 жылдарға жалпы құны 640 млрд. 757 млн. теңгеге 38 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Ашылатын жұмыс орындары – 2 989 адам. Салықтық түсімдер 1 млрд 987 млн. теңге болады деп болжанып отыр. Өнеркәсіп саласында жалпы құны 636,2 млрд. теңгеге 15 жоба жүзеге асып, 2 803 адам жұмыспен қамтылады. Салықтық түсімдер 1 млрд. 850 млн. теңге болады деп күтілуде. Агроөнеркәсіп кешені саласында 19 жоба жүзеге асады. Жалпы құны 3,7 млрд. теңге, жұмыс орны – 151 адам. Туризм саласында жалпы құны 810 млн. теңге болатын 4 жоба жүзеге асырылып, 35 жұмыс орны ашылады деп күтіліп отыр. Барлық салада жұмыс күшейтіліп, нақты жоспарлар қойылады.

Іске асырылатын инвестициялық жобалардың нәтижесінде жалпы өңірлік өнім көлемін жыл сайын 6,8 пайызға өсіру арқылы 6 жылда 1,5 есеге арттыру көзделген. Оның ішінде өнеркәсіп саласы бойынша 2030 жылға дейін жыл сайын 6,5 пайыз өсім беріп, 1,5 есеге арттыру, ауыл шаруашылығы саласы бойынша жыл сайынғы өсімді 12,5 пайызға, яғни 2 есеге арттыру жоспарланып отыр. Бұл жоспардың орындалуы облыс әкімінің бақылауында болады.

Түркістан облысында барлық аудан, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде жоспар жасалып, ол облыс әкімі мен басқарма басшыларының алдында арнайы талқылаудан өтіп, бекітіледі. Кестеге сәйкес бүгін Сауран ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі жоспар таныстырылды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жоспардың кейбір жетілдіретін тұстарына тоқталып, аудан әкіміне жұмысты жүйелеуді тапсырды.

– Сауран ауданының әлеуеті өте жоғары. Облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен бой көтерген өндірістік парктің мүмкіндігін толық пайдаланып, индикаторға енгізген жөн. Бізге өзіндік кіріс көздерін молайтып, жұмыс орындарын көбейтпесек болмайды. Сауран ауданын дамытуда ауыл шаруашылығы, туризм бағыттарын да қайта пысықтап, жұмысты жандандырыңыздар. Барлық аудан, қала әкімінің жоспары тыңдалады, – деді Дархан Сатыбалды.

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың айтуынша, ауданның даму жоспарында ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және туризм басым бағытқа ие. Ауданда жиһаз өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру ісі жақсы дамыған. 2030 жылға дейін құны 174,6 млрд. теңгені құрайтын 151 жобаны іске асыру жоспарлануда. Ауыл шаруашылығы бойынша 52 жоба (жоба құны – 107 млрд. теңге, 390 жұмыс орны), өнеркәсіп саласында 85 жоба (жоба құны 53,1 млрд. теңге, 2 427 жұмыс орны), туризм саласында 14 жоба (жоба құны 14,5 млрд. теңге, 250 жұмыс орны) жүзеге асады. Жалпы 3 067 жаңа жұмыс орны ашылады. Нәтижесінде жалпы өңірлік өнім көлемі 321,5 млрд. теңгеге жетіп, 2,4 есе артады деп күтіліп отыр. Сонымен бірге өндірістік аймақтарды кеңейту, тоқыма өнеркәсібі, жиһаз жасау, пластмасса өнімдерін өндіру жобалары жүзеге асады. Су үнемдеу технологияларына 17,6 млрд. теңге инвестиция тартылады. 14 жобаны жүзеге асыру көзделген. Мал, құс, балық, егін және мақта шаруашылығы да дами түседі.

Туризм саласында 14 жоба енгізілсе, оның 4-еуі биыл ашылмақ. Емдік-сауықтыру және демалыс аймақтары салынады. Аудандағы тарихи орындардың туристік әлеуетін көтеру бағытында да жұмыстар жүргізілмек.