ИНФРАҚҰРЫЛЫММЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ЖОСПАРЛЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ  

0
69

Түркістан облысының өңірлерінде ауыл тұрғындарының жайлы да қолайлы тұрмыс кешуі үшін инфрақұрылымдармен қамтамасыз ету жұмыстары жоспарлы түрде жалғасып келеді. Елдімекендерді табиғи газ, сапалы ауызсу, қуатты электр және жақсы автожолдармен қамтамасыз ету – ауыл тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының деңгейін көтереді.

Келес ауданына қарасты Ақжол және Қауыншы елді мекендерін таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында құрылыс-монтаж жұмыстары 2021 жылы басталған болатын. Алайда белгіленген межеден жер асты суының аз болуы салдарынан қос ауылды ауыз сумен қамту шаралары кешеуілдеді.

Дегенмен аудан басшысы Жәнібек Ағыбаевтың тиісті шараларды қабылдап, жауаптыларға нақты тапсырмалар беруінің нәтижесінде Ақжол және Қауыншы ауылдарына су беруге дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Жобаның жүзеге асуын бақылау және қадағалау мақсатында аудан әкімі Жәнібек Есенұлы Алпамыс батыр ауылдық округінде болды. Аудан басшысы мердігермен жобаның жүзеге асу барысын талқылап, тиісті тапсырмаларды берді.

Бүгінде Ақжол ауылының ішкі жүйелеріндегі кемшіліктер ретке келтіріліп, тексеру шаралары атқарылды. Қазіргі таңда мердгер Қауыншы ауылының ішкі жүйелерін реттеу, тексеру жұмыстарын атқаруда. Ай соңына дейін жоспарлы жұмыстар аяқталып, тұрғындарға ауыз су беру шаралары басталмақ.

Айта кетейік, қос ауылды ауыз сумен қамту үшін мердігер өз қаражаты есебінен Біртілек ауылдық округінің Ораз ата елді мекені аумағынан 200 метр тереңдіктен жер асты суын қазып шығарды. Ақжол елді мекенінде орналасқан ұңғымаға дейін 3,8 шақырымға құбыр тарту жұмыстары жүргізілді.

Келес ауданына қарасты Ұшқын ауылдық округінің Ұшқын елді мекеніндегі 3 750 тұрғын табиғи газбен қамтылған. Абоненттер саны 510-ды құрайды. Яғни бүгінде ауылдың 52 пайызы табиғи газбен қамтылып отыр. Бүгінгі таңда Достық және Қоралас ауылдарына табиғи газ тарту үшін бюджеттен қажетті қаражаты қаралып, құрылысты жүргізетін жеңімпаз мердігер анықталды. Бұл тураы Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың Ұшқын ауылдық округінің тұрғындарымен кездесуінде айтылды.

«Өздеріңізбен қайта жүздесіп, ауылдың түйіткілді мәселелерін талқылау мақсатында алдарыңызға келіп отырмыз. Ұшқын ауылдық округі ауданымыздағы үлгілі округтердің бірі. Мұндағы елді тазалыққа бей-жай қарамайтындығы, елдің ынтымақ бірлігі көз қуантады. Сіздердің өткен жолғы кездесулерде көтерген өзекті мәселелерді шешу бағытында ісшара жоспары жасақталып, бүгінде тиісті жұмыстар атқарылуда. Атап айтсам, Достық ауылындағы ауыз су ұңғымасында ауыз судың дебиті азайып кетуіне байланысты жаңа ұңғыма қазу жоспарланды. Аталған жұмыстар алдағы аптада басталатын болады. Қоралас елді мекеніндегі Жаңаталап, Алаш, Жастар, Еңбекші, Жантақсай, көшелеріне шағал төсеу жұмыстары жүргізілді. Биыл бір ғана Ұшқын ауылдық округіне 550 млн теңге көлеміндегі инвестиция тартылып, 4 кәсіпкерлік нысандар ашылды. Олар, «АзияМед» медециналық клиникасы, шұлық тоқу цехы, мал бордақылау алаңы және асхана мен наубайхана нысандары ашылды. Аталған нысандарда 65 адам тұрақты жұмыспен қамтылды» — деді аудан әкімі Жәнібек Есенұлы.

Айта кетейік, Ұшқын ауылдық округінің Достық елді мекенінен тұрғын үй құрылысы және өзіндік қосалқы шаруашылығын жүргізу үшін азаматтарға 172 жер телімі берілген болатын. Осы азаматтардың 115-не тұрғын үйдің қабылдау актісі негізінде жер учаскесі жеке меншікке берілген. 48 азаматтың жер учаскесі шешімде көрсетілген мерзімде игерілмеуіне байланысты мемлекеттік меншікке қайтарылып алынды. Сондай-ақ, Ұшқын ауылдық округіне қарасты Қоралас ауылынан оңтайланған бас жоспарға сәйкес 300 орындық мектеп құрылысына 2,23 га жер учаскесіне жер таңдау актісі жасалып, тиісті мекемелерден келісім алынып, ауданның білім бөліміне ұсыныс хат жолданды.