ХАЛЫҚПЕН КЕЗДЕСІП, ҚҰРЫЛЫС НЫСАНДАРЫНА БАРДЫ
Түркістан облысы Келес ауданының әкімі өңірдегі ауылдық округтердің тұрғындарымен кездесулер өткізіп, елдімекендерді аралап, түрлі құрылыс жұмыстарымен танысуда. Аудан көлемінде өндірістік, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлікке байланысты, әлеуметтік нысандар да салынуда. Аудан басшысы солардың барысын бақылады.
Келес ауданының Алпамыс батыр ауылдық округіне қарасты Ақжол ауылында 3,4 мың тонна көкөніс сақтау қоймасы салынуда. Аталған жоба «Ақжол» өндірістік коопертиві қолға алған. 2025 жылы іске түсетін қойманың жұмысымен танысу мақсатында Келес ауданыны ңәкімі Жәнібек Ағыбаев Ақжол ауылына арнайы барды.
Аудан басшысы кәсіпкермен сқйлесіп, алдағы жоспарларымен танысты. Жобаның жалпы құны 800 млн теңгені құрайды. Қойма іске түскеннен соң жергілікті 10 азаматты тұрақты жұмыспен қамтымақ.
Айта кетейік, Келес ауданы ауылшаруашылығы дақылдарын өндуге қолайлы аймақ болып табылады. Алпамыс батыр ауылдық округі тұрғындарының дені ерте пісетін көкөніс дақылдарын өндіруін есепке алған кәсіпкер аталған жоба арқылы ұтымды шешім қабылдаған.
Жалпы Алпамыс батыр ауылдық округінде 3171 гектар жер учаскесі қарасты, ауыл халқы ауылшаруашылығы өнімдерін өндірумен қатар мал шаруашылығыменде айналысады. Ауылдық округте 6 өндірістік кооператив, 318 шаруа қожалықтар жұмыс істеп келеді.
Шарулар 1070 га аумаққа егістік ексе, 534 га жер ортақ жайылым болып есептеледі. 2024 жылы 2 өнім алу тәсілімен көлемі 753 га жерге ауыл шаруашылық дақылдары егілді. Егіс алқаптарын ағын сумен қамтамасыз ету жұмыстары бойынша ағымдағы жылы мамыр айында «Ер-Тайыр» АӨК-не баратын ағын судың қашыртқыларына тазалау жұмыстары жүргізілді.
Жалпы 28 шақырым аумаққа яғни, 25 қашыртқыларды ағымдағы және механикалық тазалау жұмыстары ағымдағы жылдың қазан-қараша айларында жүргізіледі.
Түркістан облысы, Келес ауданы, Ақтөбе ауылдық округіне қарасты Ынтымақ және Жаңадәуір ауылдарында дәрігерлік амбулатория салынып жатыр. Бұл ғимараттар кең әрі ыңғайлы болмақ. Құрылыс барысын бақылаған Ақтөбе ауылдық округінің әкімі Ердаулет Жасұзақов мердігерге құрылыс нысанын сапалы, межелі уақытында ел игіліне табыстау қажеттігін ескертті.
Құрылысын «Emaar» ЖШС жүргізуде. Қазіргі таңда ғимараттардың іргетасы қалануда. Биылғы шілде айында басталған құрылыс нысаны жыл соңында қолданысқа беріледі. Құрылыс алаңы 0,4 гектар аумақты құрайтын дәрігерлік амбулатория 1 қабатты болады. Құрылысқа тапсырыс беруші – Түркістан облысының құрылыс басқармасы. Бүгінгі таңда ғимараттың қабырғалары қаланып, үстін жабу жұмыстары жүргізілуде. Қос ауылдағы құрылыс нысанында 40 азамат еңбек етуде. Құрылысшылардың басым көпшілігі жергілікті азаматтар.
Айта кетейік, Жаңадәуір елді мекенінде бүгінде 1 876 тұрғын болса, Ынтымақ ауылында 2 452 адам тұрады. Олар бүгінгі күнге дейін Ақтөбе ауылдық округінің орталығы Лесбек Батыр елді мекенінде орналасқан емханаға барып, қызмет алып жүрген болатын.
Келес ауданында ауылшаруашылығымен қатар кәсіпкерлік саласы да қарқынды дамып келеді. Ұшқын ауылдық округінің Достық ауылында айына 10-15 тонна ет өнімдерін өндіретін кәсіпорын іске қосылды.
Кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев арнайы барып, жоба жетекшісінің алдағы жоспарлын талқылады.
Достық ауылының тұрғыны Орынбаев Үсен Сейдомарұлының бастамасымен қолға алынған жобаның жалпы құны 100 млн теңгені құрайды. Биыл іске қосылған кәсіпорында жергілікті 4 азамат тұрақты жұмыспен қамтылған.
Аудан әкімі Жәнібек Есенұлы Ұшқын ауылдық округіне жасаған сапары шұлық өнімдерін өндіретін цехтің жұмысымен танысумен жалғасты. Жергілікті екі адамды жұмыспен қамтыған жеке кәсіпкер Гүлзира Қабланбекқызы аталған цехты 2024 жылдың басында іске қосқан. Мұндағы негізгі жұмысты арнайы роботтандырылған құрылғы атқарады. Бүгінде күніне 200 шұлық өндіріп отырған кәсіпкер алдағы уақытта жобасын кеңейтпек. Жобаның құны – 40 млн теңгені құрайды.
Аудан әкімі Ұшқын жұртшылығымен кездесуінде көтерілген өзекті мәселенің бірі ауыз су жүйесі болатын. Атап айтсақ, Достық ауылындағы ауыз су ұңғымасында ауыз судың дебиті азайып кетуіне байланысты жаңа ұңғыма қазу жоспарланды. Бүгінде жоспарлы жұмыстарды жүзеге асыруға «Келес Қызмет» коммуналдық мекемесі жауапты болып бекітілген. Аталған нысан басына барған аудан басшысы жобаны тез арада сапалы етіп аяқтауды тапсырды.