ЖОЛДАРДЫҢ КЕМШІЛІГІ ТҮЗЕТІЛІП, ЖАҢАСЫ САПАЛЫ САЛЫНУЫ ТИІС

0
55

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әр Жолдауында өңірлердегі автокөлік жолдарының сапасына мән беріп, жаңа салынатындарының сапалы болуын қатаң қадағалауды тапсырып келеді. Өйткені, сапалы инфрақұрылымдар, оның ішінде автокөлік жолдары өңірлердің ғана емес республикамыздың қарқынды дамуын қамтамасыз етуге ықпал ететін факторлардың бірі болып саналады. Сондықтан да Түркістан облысының орталығы мен қалаларындағы, аудандары мен елдімекендеріндегі автокөлік жолдарын жақсарту жұмыстары үздіксіз жүзеге асырылып, олардың сапасы қадағалануда.

Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қала аумағында жол құрылысын салып жатқан «АлемТрансЖол» ЖШС, «Techtronic-Stroy» ЖШС, «АқЖол» ЖШС, «Отау-Строй» ЖШС, «DOS group» ЖШС-ның өкілдерімен кездесті. Жиналыста аталған құрылыс компанияларының жұмысы сараланып, жол сапасындағы кемшіліктері талқыланды.

«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» Түркістан облысы филиалының директоры Ғалымжан Утенбаевтың мәлімдеуінше, қала аумағындағы нысандардың жұмыс сапасын көруге жыл басынан бері 20 рет тексеріс келген. Тексеріске сәйкес, 19 көшеден 77 сынама алынған. Нәтижесінде оның 28-і сәйкес келсе, 49-ы сәйкес еместігі анықталған.

Шаһар басшысы құрылыс компаниялары өкілдерімен кездесу барысында аталған жолға қатысты кемшіліктерді қайта қалпына келтіріп, тұрғындарға жайлы жағдай жасауды тапсырды.

— «Ең алдымен адам өміріне қауіп тудыратын көше бойындағы кәріз жүйесінің құдықшалары жабылсын. Одан бөлек, зақымдалған асфальт жабындылары мен аяқжолдар жөнделсін. Қала ішіндегі көшелердегі кемшіліктерді түзетіп, апта сайын маған баяндап отыруды тапсырамын. Бұл сіздердің негізгі міндеттеріңіз», — деді Әзімбек Пазылбекұлы өз сөзінде.

Түркістан облысының аумағынан өтетін республикалық, облыстық, аудандық және ауыларалық жолдарға да жоспарлы түрде жаңартулар мен сапасын жақсартып, кеңейту бойынша жұмыстар жүргізілуде.  Сарыағаш ауданындағы облыстық маңызы бар «А-15 автомобиль жолы – Қапланбек кеден бекетіне кірме жолын» қайта құрудан өткізу жоспарланып отыр. Нәтижесінде, аталған жол 2 жолақтан 4 жолаққа ауыстырылады. Жоспарға сәйкес, жол бойында жарықтандыру шамдары және замануи үлгідегі аялдамалар орнатылып, аяқжол салынбақ.

Бүгінгі таңда облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысымен жобалаушы мекеме «Бақытжан Жоба» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан аталған жолды қайта құрудан өткізуге жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын 2025-2026 жылдары іске асыру жоспарлануда.

Түркістан облысында жол жөндеу жұмыстары жоспарға сәйкес, жүйелі жүргізілуде. Биыл өңірдің автомобиль жолдарының сапасын арттыруға республикалық, облыстық бюджеттен және «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында тиісті қаржы қаралып, құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы ұзындығы 1061,3 шақырымды құрайтын жолдар мен көшелер қамтылды. Жыл қорытындысымен 559,6 шақырым жол пайдалануға беріледі деп көзделген.

Шалғай жатқан теріскейдегі Созақ ауданының аумағында да автокөлік жолдарын салу мен жөндеу жұмыстары жоспарға сай жүргізіледі. Аудан аумағында КХ-110 “Мардан-Қозмолдақ-Сызған” облыстық автомобиль жолының 13,3 шақырымының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Күре жолдың жөндеу жұмыстары Қозмолдақ елді мекенінің ішінен басталып, қазіргі таңда 3 шақырымнан астам қашықтыққа асфальт жабындысы төселді.

Бұған қоса осы жылы Сызған ауылының 4 шақырымды құрайтын ішкі көшелері де қоса қамтылып, асфалть төселді.