«ЖАСТАР ПРАКТИКАСЫМЕН» ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСУҒА БОЛАДЫ
Қазақстан мемлекетінде жастар саясатына ерекше назар аударылады. Жас қрпақты балабақшамен қамтамасыз етуден бастап, орта мектепті бітіргенге дейін сапалы білім мен саналы тәрбие беріп, рухани-мәдени, өнер мен ұлттық құндылықтарды бойларына сіңіруге арналған арнаулы мектеп, үйірмелер, денсаулықтары мықты болуы үшін спорт алаңшаларынан бастап, балалар мен жасөспірімдерге арналған спорттық мектептерге дейін жұмыс жасайды. Одан әрі жерілікті «Жастар ресурстық орталықтары» мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға жәрдемдеседі. Ал, мемлекет болса кәмелетке толған жастарды жұмыспен, баспанамен, басқа да жайлы жағдайлармен жабдықтау бойынша бағдарламаларын іске асырады.
Жұмыспен қамту бағдарламасының бір тармағы «Жастар практикасы» бағдарламасы колледж және жоғарғы оқу орындарының түлектері үшін оқыған мамандығы бойынша алғашқы жұмыс өтілін алу, яғни тәжірибе жинау мақсатында ұйымдастырылады. Бұл бағдарлама тәжірибесі жоқ жас мамандар үшін мол мүмкіндік бере алады. Биыл Түркістан өңірінде «Жастар практикасы» жобасына, 4514 адам жолданған. Аталған жоба бойынша жалақы мөлшері 30 АЕК-ті (110 760 тг) құрап, мемлекеттік бюджет есебінен төленеді.
Сондай-ақ жұмыс беруші бос жұмыс орны пайда болған жағдайда «Жастар практикасына» қатысушының келісімімен оны тұрақты жұмысқа ала алады.
Бағдарламаның талаптарына тоқталсақ, «Жастар практикасына» қатысушының жасы 35 — тен аспауы тиіс, сондай-ақ жұмыссыз ретінде тіркелуі керек. Сонымен қатар техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) ЖОО кейінгі бағдарламалар бойынша оқу бітіргеніне 5 жыл толмауы, меңгерген кәсіп (мамандық) бойынша жұмыс тәжірибесі болмауы тиіс.
Биыл облыс бойынша «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында 118,9 мың жұмыс орындарын ашу жоспарланып, 47,6 мың жастарды жұмыспен қамту көзделуде. Сондай-ақ 2024 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдаймен нақты 78,8 мың жұмыс орындары ашылып, оның ішінде 40,7 мың жас жұмыспен қамтылды.
Оның ішінде «Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында нақты 27 614 жас жұмыспен қамту шараларына жіберіліп, жалпы 10 829 адам тұрақты, ал қалған 11 752 адам уақытша жұмыс орындарына жолданды.
Түркістан қаласының «Жастар ресурстық орталығының» алаңында Қазақстан Республикасы Қарулы күштері қатарына 40 жас өрен мен ҰҚК (Ұлттық Қауіпсіздік комитеті) Шекара қызметінің шекті командасы қатарына 30 жігітті салтанатты түрде шығарып салу рәсімі ұйымдастырылды.
Іс-шараға әскери сала мен соғыс қимылдарына қатысқан ардагерлер, жас сарбаздардың туыстары мен жақындары, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері қатысты.
Салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев әскердегі қызмет – әрбір азаматтың қасиетті борышы және әрбір қазақстандық отбасының тыныштығының кепілі екенін атап өтті, сондай-ақ жас сарбаздар буынына сәттілік тіледі.
Сондай-ақ Қарулы Күштер ардагерлері облыстық кеңесінің төрағасы, запастағы подполковник Бабай Алдабергенов әскерге шақырылушыларға ақ жол тілеп, елдің қауіпсіздігін сақтау оның әрбір азаматының аса маңызды міндеті екенін атап өтті.
Қорғаныс істері департаменті бастығының орынбасары подполковник Жандос Күлдербаевтың айтуынша, бүгінгі күні ҰҚК Шекара қызметіне күзгі шақыру жоспарына сәйкес облыстан медициналық және психологиялық комиссиядан өткен 300-ден астам әскерге шақырылушы жіберілді. Бұдан басқа, бүгіннен бастап Қарулы күштер қатарына әскерге шақыру жасындағы 1000-нан астам азамат шақырылады. Ал күзгі шақыру науқаны осы жылдың 31 желтоқсанына дейін жалғасады.
Шақыру науқанының жоспарына сәйкес бірінші кезекте ҰҚК Шекара қызметінің бөлімшелері, Мемлекеттік күзет қызметі, содан кейін Қарулы Күштердің әскери бөлімдері, Төтенше жағдайлар министрлігі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы жасақталатынын атап өткен жөн. Ал төрт айдың ішінде Түркістан облысынан 18-27 жас аралығындағы 2500-ден астам азамат әскер қатарына шақырылады.