ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕТІН ҚҰРЫЛЫС НЫСАНДАРЫ БАСТЫ НАЗАРДА

0
111

Ордабасы ауданы әкімі аппаратының мәжіліс залында аудан әкімі Азат Оралбаевтың төрағалығымен ауданның апталық мәжілісі болып өтті. Мәжіліске аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, дербес бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері және тиісті сала басшылары қатысты.

Мәжілістің күн тәртібінде 2 мәселе қаралды. Отбасының цифрлық картасында Д және Е санаттағы отбасылардың санын төмендету бойынша атқарылған жұмыстар туралы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ардақ Талдыбаев, Жыл соңына дейін пайдалануға берілетін нысандардың жағдайы туралы аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Талғат Омарқұлов, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысының орынбасары Асылжан Шажалы қосымша мәселелер бойынша «Таза Қазақстан» акциясының орындалуы, абоненттерді табиғи газ жүйесіне қосу және күзгі тал егу жұмыстарының барысы туралы баяндама жасады.

Сонымен қатар, 2024 жылғы күзгі әскер қатарына шақыру бойынша Ордабасы аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы Бақдәулет Ташпулатов хабарлап өтті.

Аудан әкімі аудандағы салынып жатқан спорт кешендері мен тұрғын үйлердің құрылысын сапалы жүргізу, мерзімінде аяқтауды, жылыту маусымына дайындық (көмір тасымалдау) жұмыстарын жеделдету, ауыл округтері бойынша тұрғын үйлердің табиғи газға қосылу, күзгі тал егуді ұйымдастыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды пысықтады. Сондай-ақ, «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті қалыптастыру шарасының белсенділігін арттыру бойынша сенбілік жұмыстарын жандандырып, барлық коммуналдық мекемелердің жұмысы жоспарлы және тиянақты жүруін міндеттеді.

Мәжіліс соңында аудан басшысы баяндалған жұмыстар негізінде тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп, орындалуы өз тарапынан жіті бақылауда болатынын жеткізді.

Сол сияқты ауданда агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағыттарын айқындау бойынша семинар-кеңес өтті. Семинар-кеңеске аудан әкімі Азат Оралбаев, мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, аудан прокуроры Абзал Қыдырбай, облыстық ауылшаруашылығы басқармасының агроөнеркәсіп кешенін несиелендіру бөлімінің басшысы Қалданов Бауыржан және облыстық ғылыми институт профессорлары, ауылшаруашылығы саласының ардагерлері, шаруа қожалық төрағалары қатысты.

Семинар-кеңесті аудан әкімі Азат Оралбаев ашып, төрағалық етіп жүргізіп, жалпы аудандағы ауылшаруашылық саласының дамытудың біршама жолдарын қарастыру бағытында, атқарылатын жұмыстарға агроөнеркәсіп кешеніндегі шаруаларды, кооператив мүшелерін арнайы жинап отырмыз. Біздің негізгі мақсатымыз мал шаруашылығын дамыту, өсімдік шаруашылығы, «Ауыл Аманаты» жобасын жүзеге асыру, осы шаруаларға тиімді жолдарын қарастыру бағытында ұйымдастырып отырмыз – деді аудан әкімі.

Сондай-ақ семинарда ғалымдар сөздерін сөйлеп, ойларымен бөлісті. Сонымен қатар шаруалар өз ұсыныстарын айтты.

Жиналысты қорытындылаған аудан басшысы Азат Әбдіғалиұлы дамыту жолдарын қарап, қадамдық іс-шара жоспарын бекітіп, ауданның ауыл шаруашылығы саласының дамуына бірлесіп жұмыс жасаймыз деген сенімін білдірді.

Аудан басшысы аудан орталығындағы бірқатар нысандарды аралап көрді. Әкім алдымен Темірлан-Арыс тас жолының басындағы демалыс орны және «Шәмші аллеясының» құрылысының жұмыстарымен танысты. Бірінші кезекте әр нысанның сапасына және мерзіміне баса назар аударылатындығын ескерткен аудан әкімі салалық бөлім басшысымен, ауыл округі әкіміне жұмыстарды қатаң бақылауды тапсырды.

Сондай-ақ аудан басшысы төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша құрылысы жүріп жатқан Қажымұхан ауылының тұсынан өтетін Батыс-Қытай, Батыс-Еуропа жолының арыс өзенінің көпірінің жөндеу жұмыстарымен танысты. Құрылыстың жай күйімен танысып, аудан әкімі мердігер мекеменің басшысына құрылысты сапалы етіп жасауды тапсырды. Алда күз, қыс және көктем айларында өзен суы екі-үш есе көп келетіндігін назарға алу қажеттігін айтты.