100 МИЛЛИОН ТЕҢГЕДЕН АСТАМ ЖАЛАҚЫ ҚАРЫЗЫ ӨНДІРІЛГЕН
Қазақстанда заң мен тәртіпті нығайту, барлық салаларда да заңға бағынып, бекітілген тәртіптерді орындауды талап ету арқылы қазақстандықтардың құқығын қорғау мен заңдылықтың үстемдігін орнату бойынша жұмыс жасалынуда. Оған қоса Мемлекет басшысы еңбек адамына құрмет көрсету және оның маңдай-тер — еңбегін қадірлеу қажеттігі туралы да үнемі айтып келеді. Биылғы қыркүйектегі «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» деп аталатын Жолдауында «Азаматтарымыздың құқығын қорғау саласында кешенді шараларды қолға алдық. Негізгі мақсат – әділетті қоғам құру және соның арқасында дамудың сара жолына түскен озық ел болу. Сондықтан біз осы бағыттағы маңызды реформаларды жалғастырамыз, жүйелі жұмысты тоқтатпаймыз», деп азаматтардың құқығын қорғаудың, қоғамдағы әділеттіліктің мемлекет үшін маңызды екенін білдірді.
Шындығында да, Жаңа Қазақстан құру үшін ескі қазақстандық келеңсіздіктер мен заңды белден басулардың бәріне қарсы күрес жүргізіп, мемлекеттен бастап қоғамның барлық салаларында әділеттіліктің үстем құруына біртіндеп қол жеткізу қажет. Сонда қарапайым халық билікке сеніп, қоғамда әділдік үстемдік алып, қарқынды экономикалық дамудың жолына толық түсетін боламыз. Қазіргі кезде осы мұраттарға жету жолында жұмыс жасалынуда. Соның бірі азаматтардың еңбекақыларын толық алуын қамтамасыз ету мәселесі.
Түркістан облысында 2024 жылдың 9 айында облыс бойынша 5 кәсіпорында 402 жұмыскер алдында 204,1 млн.теңге жалақы қарызының орын алғаны анықталды. Жұмыс берушілерге орындалуы міндетті нұсқамалар беру арқылы 102,9 млн. теңгесі өндіріліп, 358 жұмыскердің еңбек құқықтары қорғалған. Бұл туралы облыстың бас еңбек инспекторы Берік Ибадуллаев БАҚ өкілдерімен өткен кездесуде баяндады.
– Жыл басынан бері облыс көлемінде 1 039 азаматтың арыз-шағымдары қаралып, олардың барлығына заңмен белгіленген мерзімде жауап берілді. Осы арыздардың негізінде мекемелер мен кәсіпорындарда барлығы 151 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 262 заң бұзушылық анықтадық. Анықталған заң тәртібіне бағынбаушылық негізінде 122 нұсқама беріліп, еңбек заңнамасының бұзылуы бойынша 25,5 млн. теңге көлемінде 798 хаттама толтырылып айыппұл салынды, — деді Берік Серікбайұлы.
Одан бөлек, спикер 2024 жылдың 9 айында өңірде еңбек жанжалы орын алмағанын жеткізді. Әлеуметтік шиеленістің туындау тәуекелі бар 157 кәсіпорын анықталып, олармен еңбек заңнамасының сақталуы бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілген.
Айта кетейік, биыл жыл басынан өңірде 29 өндірістік жазатайым оқиға орын алған. Салдарынан 37 адам зардап шегіп, 6 адам қайтыс болған.
Жыл басынан бері мемлекеттік еңбек инспекторлары 43,6 мыңнан астам жұмыскердің құқығын қорғады
2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары республиканың 260 кәсіпорны 17 мың жұмыскерге 3,8 млрд теңгеге жалақы бойынша берешек екенін анықтады. Сонымен бірге түрлі ұйымдарда жүргізілген тексерулер барысында 6,9 мыңға жуық еңбек құқығының бұзылуы анықталды, деп хабарлайды ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Жалақы бойынша берешегі бар кәсіпорындардың басшыларына орындауға міндетті 222 ұйғарым берілді және 34,6 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды.
Қабылданған шаралардың, оның ішінде жалақы бойынша берешекті өтеудің қатаң кестелері мен мерзімдерін белгілеудің нәтижесінде 15,6 мыңнан астам жұмыскердің құқықтары қорғалды. Оларға 3 млрд теңге төленді.
Бұдан басқа, еңбек заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету мәселелері ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ерекше бақылауында.
2024 жылғы 1 қазандағы деректер бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары 4 338 тексеру жүргізді, оның барысында 6 935 бұзушылық анықталды, оның ішінде: еңбек саласында – 5 119; еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша – 1 750; халықты жұмыспен қамту бойынша – 66. Жұмыс берушілерге 2 604 ұйғарым беріліп, 331,2 млн теңге сомасына 3 134 әкімшілік айыппұл салынды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 28 мың жұмыскердің еңбек құқығы қорғалды.