«БІРЛІК» ЖӘНЕ «ОТЫРАР» ТҰРҒЫН АЛАБЫНЫҢ ХАЛҚЫМЕН КЕЗДЕСТІ
Мемлекет басшысының мемлекеттік қызметкерлердің халықпен қарым-қатынасын реттеу мақсатындағы әкімдердің тұрғындармен кездесулер ұйымдастырып, атқарылған және атқарылатын жұмыстарының барысымен таныстырып, халықтың ұсыныс-пікңрлерңн тыңдауын жүзеге асыру бойынша Жарлығы мен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының талаптарын орындауға сәйкес Түркістан облысының қала, аудандарының әкімдері өз территориясындағы тұрғындармен кездесулер өткізуде.
Облыс орталығы Түркістан қаласына жаңадан тағайындалған әкім Әзімбек Пазылбекұлының халықпен кездесуі «Бірлік», «Отырар» тұрғын алаптарында жалғасты. Кездесуде сектор тұрғындары қала әкіміне жол мәселесі, ойын алаңшалары, түнгі жарықтандыру, коммуналдық қызмет, білім саласы, тұрғын-үй, қоғамдық көлікке қатысты сауалдарын қойды.
Тұрғындардың талап-өтініштерін тыңдауға қала әкімінің орынбасарлары, қалалық мәслихат депутаттары, дербес бөлім басшылары мен тиісті мекеме басшылары қатысты.
«Бірлік» тұрғын алабының халқы көшелерін толық жарықтандырып, қауіпсіздік үшін бейнекамера орнатып беруін сұрайды. Сонымен қатар, мұндағы тұрғындарды тазалық пен жол сапасы да алаңдатады. Аталған сектор тұрғындарын тыңдаған шаһар басшысы мәселелерді шешуге тиісті бөлім басшыларына тапсырма берді.
Қала әкімі «Отырар» секторы тұрғындарының коммуналдық төлемге қатысты өтініштерінің заң аясында шешілетінін, балалар ойын алаңшаларының жоспарға сай орындалатынын айтты. Қоғамдық көлікте тегін жүруге мүмкіндік сұраған көп балалы аналар мен ерекше күтімді қажет ететін азаматтарға бұл мәселені қолға алғанын жеткізді.
— «Бүгін қаладағы автобустардың жайымен таныстым. Қоғамдық көліктерге жауапты облыс орталығындағы екі автобус паркінің басшыларын шақырып, жекелеген санаттағы азаматтардың қоғамдық көлікте тегін жүруі бойынша мәселені талқыладық. Алдағы уақытта бұл тақырыпта мамандар жұмыс істейді»,-деді Әзімбек Пазылбекұлы өз сөзінде.
Шаһар басшысы Әзімбек Пазылбекұлы қалалық автопарктердің өкілдерімен мәжіліс өткізді.
Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары» бөлімі басшысының мәлімдеуінше, жалпы Түркістан қаласында 22 көлік бағытында 194 автобус жолаушыларға қызмет көрсетеді. Олардың 16 бағыты бойынша «Жолаушы» ЖШС, 6 бағытына «ТехПроАвто» ЖШС жауапты.
Автобустардағы жол жүру ақысы «AlemPay» электронды картасы арқылы 70 теңгені құрайды. Мектеп оқушылары дәл осы электронды карта арқылы жол ақысының 50%-ын ғана төлей алады. Яғни 7 жастан 18 жасқа дейінгі мектеп оқушылары карта арқылы автобус жол ақысының жартысын ғана төлеу мүмкіндігіне ие.
«AlemРay» төлем карталарын Түркістан қаласындағы «Қуаныш» базары аялдамасынан және «Қуаныш» базары кеңсе тауарлары павильонындағы (№52) сауда нүктелерінен алуға болады. Картаны банк қосымшалары немесе Киви терминалы арқылы толтырып, дайын картаны 2505 нөміріне тіркеп, жол ақысын төлейді.
— «Кешеден бері сектор тұрғындарымен кездесуді бастадым. Кездесуде негізгі көтерілген мәселелердің дені осы қоғамдық көлікке қатысты. Сондықтан да «Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары» бөлімінің жұмысымен танысқым келді. Алдағы уақытта автобустарға байланысты шағымдар ескерілсін. Жолаушыларға жағдай жасау сіздердің міндеттеріңіз»,-деді Әзімбек Пазылбекұлы мәжілісте.