ТҰРҒЫНДАРМЕН КЕЗДЕСУДЕ КЕЛЕЛІ МӘСЕЛЕЛЕР КӨТЕРІЛДІ

0
80

Сауран ауданының құрылғанына 3 жылдан асты. Осы уақыт ішінде ауданның жаңа келбеті қалыптасып, әлеуметтік-экономикалық ахуалы тұрақты түрде жақсарып келеді. Аудан орталығы болып саналатын Шорнақ елді мекені көзтартарлық жағдайға жетіп, көшелер асфальтталынып, жарықшамдар қойылған. Басты көшелерге аялдамалар орнатылып, қасбеттер ретке келтірілген. Ойын алаңшалары пайдалануға беріліп, тұрғындардың қолайлы өмір сүруіне барлық жұмыстар кезек-кезеңімен атқарылуда.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен Президенттің әкімдерді өз аумағындағы тұрғындармен кездесулер өткізу туралы Жарлығына сай бүгінде Түркістан облысының әкімдері тұрғындармен кездесулер өткізіп, жеке қабылдаулар жасап, ашық есік күндерінде қабылдап, олардың пікір-ұсыныстарын, арыз-шағымдарын, талап-тілектерін тыңдауды жолға қойған. Арнайы кестелер мен жоспарлы мерзімдерде ғана емес басқа да жағдайларда әкімдер тұрғындармен кездесіп, пікірлерін тыңдап отырады.

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров Шорнақ елді мекенінің тұрғындары және ауыл ақсақалдарымен кездесті. Онда өзекті мәселелер көтеріліп, халықпен бірлесе шешім қабылдау керектігі айтылды. Атап өтетеін болсақ, аудан әкімі тарапынан орталық көшелерде ірі-қара малдардың өтуіне тиым салынып, ортақ жайлымға арнайы жер телімін бөліп беру мәселесі қозғалды. Одан бөлек, қоғамдық орындарда тәртіп бұзушылықтарды болдырмау бағытында мәселе көтерілді. Кездесу барысында тұрғындар тарапынан да ұсыныс-пікірлер айтылып, өз ойларын ортаға салды.

Сонымен қатар, кездесуде ауыл жастарының спортпен айналысып, салауатты өмір салтын ұстануы үшін ашық және жабық спорт кешенін салу, аудан орталығын көркейтіп, көгалдандыру мәселелері қоса айтылды. Осы бастама негізінде аудан орталығының басты көшесі Ж.Шайахметовтың бойында оналасқан 5700 шаршы метр жер телімінің иесі халық игілігі үшін пайдалануға беретіндігін жеткізді.

Аталмыш аумақтың 3200 шаршы метріне ашық футбол алаңы мен балалар ойын алаңшалары салынып, айналасы көгалдандырылады. Ал, 2500 шаршы метріне меншік иесі өз есебінен спорттық кешен салатынын мәлімдеді. Онда белгілі бір жасқа дейін спорт сүйер жастарға ақысыз шұғылданып, жаттықтырушылар жұмысқа қабылданатындығын айтты. Жағымды жаңалыққа дән риза болған саурандықтар жеке кәсіпкерге өз ризашылықтарын білдірді.

Аудан әкімінің шорнақтықтармен кездесуінде бірқатар мәселелер көтеріліп, ұсыныстар айтылды. Әкімнің олар бойынша берген жауаптары да халықты қанағаттандырып, мәнді де мазмұнды кездесу болды.