ГЕНДЕРЛІК БІЛІМ БЕРУ ҰЛТТЫҚ ТАНЫМ-ТҮСІНІККЕ НЕГІЗДЕЛУІ ТИІС

Әлемдегі әрбір мемлекет өзінің Конституциясына сәйкес сыртқы және ішкі саясатпен айналысатыны белгілі. Өзінің атауы айтып отырғандай, сыртқы — шет мемлекеттермен жүргізілетін қарым-қатынас, ал ішкі саясат – мемлекеттің тәуелсіздігін нығайтып, жаһандану процесінен қалмай, алға қарай даму үшін қажетті тетіктердің бірі. Қазақстандағы ішкі саясаттың бір құрылымы ретінде «гендерлік саясат» деген ұғым көп айтылып жүр. Гендер дегеніміз – ерлер мен әйелдердің мінез құлқын, сондай-ақ, олардың арасындағы әлеуметтік өзара қарым-қатынасты айқындайтын, олардың әлеуметтік және мәдени нормалары мен рөлдердің жиынтығы. Ал, гендерлік саясат – қоғамдық өмірдің барлық салаларында ерлер мен әйелдердің теңдігіне қол жеткізуге бағытталған мемлекеттік және қоғамдық қызмет.
Ұлттық гендерлік саясат еліміздегі демократиялық үрдістердің ең маңызды құрамдас бөлігі. Тәуелсіздігіміздің алғашқы күндерінен бастап гендерлік теңдік мәселесі мемлекет ұстанған саясаттың бір басымдығы болып келеді. Президенттің 2005 жылғы 29 қарашадағы Жарлығымен Қазақстан Республикасындағы гендерлік теңдіктің 2006-2016 жылдарға арналған стратегиясы бекітілді.
Стратегия билік құрылымдарындағы әйелдер мен ерлерді теңестіруді қарастырады. Оларға экономикалық тәуелсіздік үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету, өз бизнесін дамыту және қызмет бойынша өсу, білім беру саласында гендерлік білімді енгізу, өмір сапасын арттыру және тұрғындардың ұдайы өсімін қамтамасыз ету үшін жасөспірімдер мен әйелдердің, ерлердің репродуктивтік денсаулығын нығайту мен сақтау, жынысына қарай зорлық-зомбылық көрсетпей, отбасындағы міндеттер мен құқықтарды тең дәрежеде жүзеге асыру үшін жағдай жасау жатады.
Аталған стратегияны жүзеге асыру мақсатында 2009 жылы Қазақстандық заңнаманы күшейтетін 2 заң қабылданды. 2009 жылы 4-ші желтоқсанда «Тұрмыстағы зорлық зомбылықтың алдын-алу туралы» заң қабылданды, ол адамдар мен азаматтардың отбасылық-тұрмыстық қатынастары саласындағы заңдық мүдделері мен бостандықтарын, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жолын кесуде конституциялық құқықтарын қорғауға бағытталған. Қабылданған заң әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жолын кесу бағытында шынайы құқықтық жағдай жасады.
2009 жылы «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» Заң қабылданды. Заң мемлекеттік органдар басшыларына ерлер мен әйелдердің тәжірибелеріне, қабілеттеріне және кәсіптік даярлықтарына сәйкес мемлекеттік қызметке тең қолжетімділігінің қамтамасыз етілуін, олардың жергілікті басқару органдарында, сондай- ақ мемлекеттік биліктің заңнамалық, атқарушылық және сот тармақтарында тең серіктестік қатынастарының сақталуын міндеттейді. Бұл заңның жетістіктерінің бірі – ерлер мен әйелдердің жынысына қарамай өмірдің саяси, экономикалық, әлеуметтік, қоғамдық және мәдени салаларына тең құқық пен тең мүмкіндік бере отырып, шынайы қолжетімділікті қамтамасыз ететін құқықтық мәртебе ретінде «гендерлік теңдік» ұғымын заңнамалық тұрғыда бекітуі.
Гендерлік тең құқықтық саласындағы мемлекеттік саясат, әйелдердің экономикалық және саяси өмірге қатысуларының кеңеюі, әлемдік қоғамдастықта жоғарғы бағаға ие болды. Стратегия – мемлекеттің гендерлік саясатын іске асыруға бағытталған негізгі құжат, оны іске асырудың және мемлекет пен азаматтық қоғам тарапынан оның мониторингін жүзеге асырудың құралы, демократияның қалыптасуының маңызды факторы болып табылады. Осыған орай стратегияның әр бөлімінде БҰҰ Әйелдер қорының өңірлік офисімен бірлесіп әзірленген, саясатта, экономикада, білім беруде, отбасында, денсаулық сақтау және әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықты болдырмау мәселелерінде гендерлік теңдікке қол жеткізу жөнінде көрсеткіштер енгізілген. Гендер — тек әйелдің ғана емес, ер адамның да тұлғалық ерекшеліктерін қорғайтын, ал кемсітушілік болған жағдайда оның да мүддесін сақтауға атсалысатын қоғамдық үдеріс. Егер адамның биологиялық, әлеуметтік саяси, психологиялық сияқты жан-жақты қырлары бар екенін ескерсек, шындығында, ер мен әйел абсолютті тең бола алмайды.
Осы тұста тең деген түсінікті кейбір батыстық көзқарастар «бірдей» деген ұғыммен алмастырып алады. Сондықтан олар екі жыныстың биологиялық болмысын да теңестіріп жібереді. Гендер саласындағы сан қырлы күрделі мәселелерді түсіндіру үшін, оны бір жақты таяз ұғынушылықты жою үшін, ер де, әйел де өзінің құқықтарының тең екендіктерін сезіну үшін жастарға арнайы және жүйелі ұйымдастырылған гендерлік білім беру қажеттілігі туындап отыр. Ол әлемнің көптеген елдерінде зертеліп, нақты іс-шаралар арқылы өз деңгейінде қолға алынуда.Ал біздің еліміздегі гендерлік білім беру тек қана біржақты, шығыстық, діни сияқты парадигмаларға көзсіз еліктемей, тек классикалық негізге сүйене отырып, ұлттық таным-түсінікті басымдыққа шығаратындай болуы тиіс, яғни, оның өзіндік Қазақстандық нұсқасы болуы керек және ол солай жүргізілуде.