ҚАРИЯЛАРЫН ҚҰРМЕТТЕГЕН ЕЛДІҢ БОЛАШАҒЫ ЖАРҚЫН

0
46

Осыдан екі апта бұрын елімізде зейнет жасындағы ақ самайлы, ақ сақалды қариялардың мерекесі болды. Түркістан облысында да қазыналы қариялар мерекесі жоғары деңгейде аталып өтіп, ардагерлер арқа-жарқа қуанышқа бөленіп, құрметтеліп, сый-сияпат пен марапаттарға ие болды. Жалпы, қазақ халқы ұлттық салт-джәстүрі мен әдет-ғұрпына сай ежелден үлкенді сыйлап, құрметтеп келе жатқан халықтардың қатарында. «Қариясы бар ел қазынасы бар ел» дегендей қазыналы қарияларға мемлекет тарапынан көптеген қолдаулар, жеңілдіктер қарастырылған. Кепілді зейнетақыларына қосымша түрлі төлемақылар мен әлеуметтік жеңілдіктер алып, «Ардагерлер үйі» мен «Белсенді өмір сүру» орталықтарында қалаған нәрсесімен айналысып, уақытын тиімді өткізіп, демала алады. Сол сияқты тегін және жеңілдікпен санаторийлерге жолдамалар алып денсаулықтарын да түзетеді.
Түркістанда 200 мыңға тарта зейнеткер бар. Мәселен, өткендегі халықаралық қарттар күніне орай 150-ден астам ардагердің қатысуымен арнайы салтанатты іс шара өтіп, айтулы азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету үшін 900 млн. теңге бөлінген. Одан бөлек демеушілер тарапынан да қолдау көрсетілген.
«Әлеуметтік қолдау, медициналық көмек алуға 902 миллион теңге қаржы қаралған. Демеушілер есебінен 32 мың ардагерге 282 миллион теңге қаржы көмек берілді. Өңірлеріміздің ардагерлер қозғалысына қоса ерекше үлес үшін өткен жылы 120 ардагеріміз әртүрлі санаттағы марапаттарға ие болды. Облыстағы барлық аудан, қалаларда «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталықтары жұмыс істейді.
«Ардагерлер ұйымы» республикалық бірлестігі Түркістан облыстық филиалының төрағасы Жеңісбек Мәуленқұловтың айтуынша ардагерлер ұйымы жыл бойы жастар тәрбиесі мен қоғам бірлігі тақырыбында түрлі іс-шара өткізіп, ел татулығына атсалысып жүр.
«Ақпан айында бүкіл аудандарды, этнос көп орналасқан ауылдарды аралап шықтық. Одан маусым-шілде айында араладық. Сол кезде біз көптеген жастармен кездестік. Биылғы кездесуде 75-80 пайыз жастар болды. Олардың әңгімесін тыңдадық. Осы кезде біз көп нәрсеге көңіл аудардық. Себебі, жастарды тәрбиелеуде әлі де бізде біраз жұмыстарды қажет ететіні байқалып отыр. Мына ең соңғы аралауда медиация мәселесіне көп көңіл бөлдік», — дейді Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Созақбай Әбдіқұлов.
Зейнеткерлер уақытын тиімді пайдаланып, қоғам өміріне белсенді араласуы үшін өңірде 15 «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы ашылды. Оның 3-еуі Түркістан қаласында орналасқан. Енді облыс басшысы Шымкент қаласындағы облыстық Ардагерлер үйін Күнгей шаһарға көшіру жоспарда бар екенін атап өтті.
Түркістан облысындағы қариялардың арасында 11-і Ұлы Отан соғысының ардагерлері болса, 3,2 мыңнан астам тыл еңбеккері бар. Сонымен қатар, жасы 100-ден асқан 60 қарт азамат тұрады. Оның ең үлкені 110-дағы әжей.
Түркістан облысында ардагерлер ұйымдары, «Әкелер» мен «Әжелер», басқа да әр өңірдегі қоғамдық ұйымдар мен түрлі қариялардың белсенділігімен құрылған әдеби, өнер, салт-дәстүр, ұлттық құндылықтарға қатысты ұйымдар мен бірлестіктер әрдайым облыстың қоғамдық-саяси, мәдени-рухани іс-шараларына белсене қатысып мемлекеттік идеологияны насихаттап жүреді. Жастармен жиі кездесіп ұлттық құндылықтар, заманауи мәселелер тақырыбында әңгімелесіп, пікір алысып, адамгершілік қасиеттер мен отаншылдықты насихаттайды. Бір сөзбен айтқанда, тұркістандық қариялар еліміздің дамуы мен болашағы үшін үнемі белсенділік танытып келеді.