ҚАРАША АЙЫНДА 500 МЫҢНАН АСА КӨШЕТ ОТЫРҒЫЗЫЛАДЫ

Мемлекет басшысының 15 миллион көшет егу тапсырмасына сәйкес, 2021-2025 жылдары Түркістан облысында 1,1 миллион көшет отырғызу жоспарланған. Осыған орай, «Түркістан облысының елді мекендерін көгалдандырудың 2022-2024 жылдарға арналған іс-шара жоспары» бекітілген болатын. Бүгінде аталған іс-шара аясында өңіріміздегі 800-ден астам елді мекеннің шамамен 90 пайызын көгалдандыру үшін 4 миллионнан астам көшет егу жоспарланып отыр.
Облыстың елді мекендерін көгалдандыру жоспарына сәйкес, 2022-2024 жылдар аралығында 1 миллион 832 мың түп көшет отырғызылды. Оның ішінде, Түркістан қаласына 512 мың түп көшет отырғызуға берілген болатын. Бүгінгі күнге жоспар 46 пайызға орындалды.
Биыл күзгі көшет отырғызу науқаны аудан, қалалардың ауа райына қарай қараша айынан басталады деп күтілуде. Аудан, қалалардың сұраныстарына сәйкес, 516 мың түп көшет отырғызу жоспарлануда. Көгалдандыруға Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты орман шаруашылығы мекемелерінің тұқымбақтарында өсіріліп жатқан 26 түрлі көшет түрі қолданылмақ. Аталған көшет түрлерінің барлығы облыстың климаттық жағдайына бейімделген.
Сонымен қатар облыс әкімінің елді мекендерге гүлді өсімдіктерді көптеп отырғызу тапсырмасына сәйкес, елді мекендерге биыл 50 мың түп, 2025 жылы 150 мың түп раушан гүлдері мен қылқан жапырақты көшеттер егу жоспарланып отыр.
Облыс аумағында «Жасыл аймақтар» жасап, елдімекендерді жасыл желекпен көмкеруге қоса басқа да абаттандыру жұмыстарын жүргізу де облыс аумақтарында жоспарға сай жүргізілуде.
Келес ауданының орталығы Абай ауылын абаттандыруға ерекше көңіл бөлінуде. Аудан орталығына кіреберістен бастап оның тазалығына мән берумен қатар, ойын алаңдарын салу, басты көшені жөндеу, аяқ жол салу, көше жарығын заманауи талаптарға сай ету жұмыстары қарқын алған. Бұл орайда келестіктердің талап-тілегі назардан тыс қалған емес.
Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың тапсырмасына сәйкес, Абай ауылын секторларға бөліп, оған жауапты ретінде ауылдық округі әкімшіліктері, жергілікті әкімдіктің дербес бөлімдері мен мекеме, ұйымдар бекітілген болатын.
Аудан орталығын секторларға бөлудегі басты мақсат – аудан орталығының аумағын дамытып, абаттандыру, көгалдандыру және суландыру жұмыстарын жандандыру.
Осы бағытта секторға жауаптылар бекітілген іс-шара жоспарына сәйкес аудан орталығының ішіне сенбілік жұмыстарын қызу жүргізуде. Қазіргі таңда көшелерді сыпыру, ретсіз өскен талдарды бұтау, түптерін әктеу, ағаш көшеттерін отырғызу, тұрғын үйлердың қас келбетін әрлеу және тағы да басқа жұмыстар атқарылуда.
Бүгін аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев сала бойынша орынбасарлары мен тиісті жауапты бөлім басшыларымен бірге бөлінген секторлардағы атқарылып жатқан жұмыстарды аралады. Аралау барысында сектор аумағын абаттандыру бойынша ұсыныстарды тыңдап, бірқатар мәселелерді талқылады. Аудан басшысы жауаптыларға әрбір атқарылып жатқан және алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарды бақылауға алып қадағалауды тапсырды.