ҚАЛА КҮНДЕРІНЕ АРНАЛҒАН ІС-ШАРАЛАР ӨТУДЕ

0
49

Бүкіл түркі халықтарының қасиетті қаласы, ислам дінінің өкілдері үшін «екінші Мекке» саналатын Түркістан қаласына екі мың жылдан асқаны тарихи дәлелденді. Бүгінгі Қазақ мемлекеттігінің тікелей бастауындағы Қазақ хандығының алғашқы астанасының бірі ретінде екі жүз жылдай хандардың ордасы болған, бүгінде облыс орталығына айналып қайтадан жаңғырып жайнай бастаған Түркістан қаласында «Қала күні» мерекесі аталып өтуде.
Түркістан қалалық орталық кітапханасында «Қала күні» мерекесіне орай «Түркістаным – киелі мекенімсің» атты кітап көрмесі және қобызшы, ұстаз Ақбота Бердалиевамен кездесу кеші өтті.
Іс-шараға облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Бақытжан Бейсембаев, еңбек және тыл ардагерлері Жарқынбек Ерсін, Хамза Пәйзіұлы, ҚР Мәдениет қайраткері, зейнеткер кітапханашы Раушан Сержанова мен кітапхана оқырмандары қатысты.
Кездесуде Ақбота Бердалиева қыл қобыздың қасиетін айта отырып, көне аспаппен күй тартты. Көрермен тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, өз шығармашылығынан өнер көрсетті.
Мәдени шара соңында қатысушылар кең көлемде жасақталған кітап көрмесімен танысты.
Қала күнімен қатар аталып өтіп жатқан «Республика күніне» орай, қалалық «Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен көңілді «Stand Up» кеші өтті.
Жастардың бос уақытын тиімді пайдаланып, әлеуметтік белсенділігі мен коммуникацияны нығайту мақсатында өткен шараға 50-ден аса жас қатысты. Көңілді кеште «Халықаралық туризм және меймандостық университетінің» студенттері заманауи юмормен өнер көрсетіп, әдемі әзіл, қағытпа қалжыңмен көрерменді күлкіге қарық қылды.
Киелі де көне Түркістан қаласымен іргелес орналасқан жас қала — Кентау болса бұл күндері өзінің қала атануының 69 жылдығын атап өтті. Қ.А.Ясауи университетінің ректор өкілі міндетін атқарушы және Инженерия факультетінің деканы, профессор Наджи Генч Кентау қаласының 69 жылдық мерейтойында «Қалаға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Университеттің Кентау қаласында орналасқан Инженерия факультеті шаһардың білім-ғылым саласының дамуына зор үлес қосып келеді. Жалпы ұжымға алғыс ретінде факультет деканы, ректор өкілі м.а Наджи Генчке «Қалаға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі табысталды.
Қаладағы Ш.Қалдаяқов атындағы мәдениет сарайында өткен кеште қала әкімі Жандос Тасов пен қалалық маслихат хатшысы Қабылан Елеусізов тұрғындарды «Қала күні» мерекесімен құттықтады.
Мерекелік кеште елге еңбегі сіңген бірқатар азаматтар «Кентау қаласының құрметті азаматы» атанды. Ал қаланың дамуына үлес қосқан азаматтар – «Қалаға сіңірген еңбегі үшін» және «Қала жанашыры» төс белгісіне ие болды.