ТАУЛЫ АЙМАҚТАРДА ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫ БАСТАЛДЫ

0
55

Әлеуметтік мемлекет ретінде еліміз қазақстандықтардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартып, қолайлы да жайлы өмір сүруін қамтамасыз ету бойынша жұмыс жасауда. Осы бағыттағы атқарылар істердің қатарында қысқы жылыту мауысымы да бар.
Түркістан облысындағы таулы аймақтарда жылыту маусымы биыл 11-15 қазан аралығында басталды. Нақтырақ айтқанда, Төлеби, Түлкібас, Созақ, Қазығұрт, Бәйдібек, Сайрам аудандары мен Кентау қаласында орталықтандырылған жылу қазандықтары кестеге сәйкес қосылуда. Қалған аудан, қалаларда жылыту маусымы қараша айында басталады деп жоспарланып отыр. Жылу беретін кәсіпорындар жылу маусымына дайын.
Жылу беру маусымына дайындық пен оның қалыпты деңгейде өту барысы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының жіті бақылауында.
Облыста 1 жылу энерго орталығы және 34 орталықтандырылған жылу қазандығы бар (Кентау – 1 ЖЭО, Түркістан – 16, Арыс – 8, Отырар – 2, Төлеби – 2, Сарыағаш – 2, Созақ – 4). Оның ішінде, Кентау қаласы – көмір, Созақ ауданы – мазут, қалған аудан, қалалар табиғи газ отынымен жылытылады.
Жылыту маусымында бірінші кезекте әлеуметтік нысандар, яғни білім ошақтары, балабақшалар мен медициналық нысандар жылуға қосылады.
Сонымен қатар аудан, қалалардағы тозығы жеткен орталық қазандықтарға тиісті жөндеу жұмыстары жүргізілді. Нақтырақ айтсақ, Кентау қаласында биыл 6 қазандықты қайта құру жоспарланған. Қазіргі уақытта төрт қазандықтың (№8,9,10,11) жұмыстары толық аяқталды. Қалған екі қазандықта (№7,12) құрылыс-монтаждау жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде. Бұдан бөлек, екі қазандықта (№5,6) ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, толық аяқталды. Жылыту маусымына 6 қазандық дайын.
Сонымен бірге, Арыс қаласындағы орталық қазандықтар толығымен табиғи газбен жылытылады деп күтілуде. Биыл қазандықтарға дейінгі 4 753 метр табиғи газ құбырының монтаждау жұмыстары аяқталды. Ал, Созақ ауданында қазандықтарды жылыту маусымына дайындау мақсатында мазут қазандығы мен жылу желілеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Облыс көлеміндегі барлық орталықтандырылған жылу қазандықтары мен 737 көпқабатты тұрғын үй және 2243 бюджеттік мекеме жылыту маусымына дайындалған. Оның ішінде, білім – 1279, денсаулық – 668, мәдениет – 212, әлеуметтік – 9, спорт нысандары – 75.
Алдағы жылыту маусымын қалыпты деңгейде өткізу жұмыстары жауапты сала басшыларының тұрақты бақылауына алынған.
Сол сияқты, Түркістан облысында қар басу қаупі жоғары 22 аумақ бар. Оның 6-ы республикалық маңызы бар жолдар болса, 16-ы облыстық маңызы бар жолдар. Аталған аумақтардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Қолға алынған шаралар жөнінде өңірдегі Төтенше жағдайлар департаментінің басқарма бастығы Талғат Досалиев брифингте мәлімдеді.
– Қазіргі таңда 2024-2025 жылдарға арналған қыс мезгіліндегі төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі іс-шаралар жоспары және облыстық жедел штабтың құрамы бекітілді. Бүгінде департаменттің төтенше жағдайларды жоюға арналған техникалары дайындыққа келтірілді. Қар құрсауында қалып, қиындыққа ұшырған азаматтарға көмектесуге 191 жеке құрам мен 25 техника қарастырылған. Сонымен қатар, облыстық маңызы бар жолдарда 9 шақырым жолға қар ұстағыш қалқандар орнатылған. Сондай-ақ, қар құрсауында және күрделі метеожағдайларда зардап шеккендерге көмек көрсету үшін 11 жылыту пункттері есепке алынған,- деді Талғат Серікұлы.
Спикер облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының бойындағы асуларда 4 жылыту бекеттері орналасқанын жеткізді. Аталған 4 жылыту бекеттерін 70 тонна көмір отынымен қамтамасыз ету жоспарлануда және тәулік бойына жылы күйде ұстайтын кезекші ұйымдастырылған. Жылыту бекеттерінің бір мезгілде 40 адамды қабылдауға мүмкіншілігі бар, яғни төсек орынмен қамтамасыз етілген.
Таулы аудандарды аэровизуалды зерттеу нәтижесінде 50-ден астам биік таулы көл анықталған. Бұл жайында «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің филиалы Оңтүстік аумақтық пайдалану техникалық басқармасының басшысы Ербол Әлзақов мәлімдеді.
– 2024 жылға арналған тексерулерді жүргізудің бекітілген кестесіне сәйкес, сел-сырғыма қауіпті аймақтары мен селден қорғау құрылыстарына тексерулер жүргізілді. Шараға Түркістан облысы және Шымкент қаласы әкімдіктері мен ТЖД мамандары тартылды. Барлығы 1 095 зерттеу жасалған. Түркістан облысының ТЖД-мен бірлесіп 5 аэровизуалды тексеру жүргізілді. Сырғыма қаупінің динамикасын бақылау мақсатында қауіпті аймақтарға маркерлер қойып, өлшеу жұмыстары жүрді. Қазіргі таңда сел-сырғыма жағдайы тұрақты, – деді спикер.