ЗАҢСЫЗ КӨШІ-ҚОННЫҢ ЖОЛЫН КЕСУ ШАРАЛАРЫ АЛЫНУДА

0
50

Мемлекеттің қоғам және әлеуметтік қауіпсіздігін, азаматтарының қауіпсіздігін сақтау мен қорғау жолдарының бірі – заңсыз көші-қонға жол бермеу, алдын алу немесе дер кезінде анықтап отыру. Сондықтан да, заңсыз-көші қон мен шекараны заңсыз кесіп өту мәселелеріне жол бермеу үшін Түркістан облысында тиісті органдар тарапынан елеулі жұмыстар атқарылуда. Тұрақты жоспарлы жұмыстармен бірге арнаулы рейдтер ұйымдастыру арқылы заңдылықты бұзушыларды тез анықтау шаралары қолға алынуда.Түркістан облысында полиция заңсыз көші-қон арналарын анықтап, іздеуде жүрген 9 шетелдікті ұстады
Осы жылы Түркістан облысы полиция департаментінің жедел қызметінің полицейлері бірқатар қылмыстық топ пен заңсыз көші-қон арналарының жолын кесіп, іздеуде жүрген қылмыскерлерді ұстады. Нақтырақ айтсақ, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы шетелдіктерге мемлекеттік шекараны кесіп өтіп, құжаттарды қолдан жасау арқылы көмек көрсеткен адамдар тобын ұстады.
Түркістан облысы мен Шымкент қаласының 5 тұрғыны күдікті болып шықты, олардың екеуі бұрын сотталған. Сондай-ақ көрші мемлекеттің 10 азаматына шекарадан өтуге көмектескен Сарыағаш ауданының екі тұрғыны анықталды. Ұсталған шетелдіктер көші-қон заңын өрескел бұзған.
Сонымен қатар биыл облыс департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы көрші мемлекеттер іздеген 9 қылмысқа күдікті қылмыскерлерді ұстады. 3 шетелдікке қатысты Қазақстанның мемлекеттік шекарасын қасақана кесіп өту фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Мәселен, 2021 жылдан бастап өз Отанында бас бостандығынан айыру жазасынан қашқаны үшін халықаралық іздеуде жүрген шетел азаматы ұсталды.
Экстремизмге қарсы күрес басқармасының қызметкерлері мен Түркістан облысы бойынша ҰҚКД шекара қызметі бірлесе отырып, шекараны кесіп өтпек болып қылмыс жасағаны үшін 2017 жылдан бері іздеуде жүрген көрші мемлекеттің тағы бір азаматын ұстады.
Барлық анықталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, заңда көзделген шаралар қабылданды. Түркістан облысының полицейлері заңсыз көші-қон арналарын анықтау және жолын кесу бойынша жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.
Түркістан облысында полицейлер бір тәулік ішінде көші-қон заңнамасын бұзған 280 адамды анықтады
Түркістан облысының аумағында 14-18 қазан аралығында өткізіліп жатқан «Заңсыз келуші» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полицейлер көші-қон заңнамасын бұзған 280 адамды анықтады. Оның ішінде 229 шетел азаматы мен Қазақстан Республикасының 51 азаматы тиісті әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Мәселен ҚР Көші – қон заңнамасын бұза отырып, шетелдіктерге тұрғын үйді заңсыз бергені үшін 40 құқық бұзушы және шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін-11 ҚР азаматына шара көрілді.
Сайрам ауданында көші-қон саласының қызметкерлері ҚР Көші-қон саласындағы заңнамасын бұзған жақын шетелден келген 4 азаматты анықтады, оларға қатысты жинақталған материалдар сотқа жіберілді. Сондай-ақ халықтың көші-қоны туралы ҚР Заңының талаптарын өрескел бұзғаны үшін сот шешімімен 60 шетелдік азамат елден шығарылды.
Өз кезегінде полицейлер азаматтарды қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге және құқық бұзушылықтардың жолын кесуге бағытталған жедел-профилактикалық іс-шараларға түсіністікпен қарауға шақырады. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасатын болады.