ӘКІМІНІҢ КЕЗДЕСУІ КӨКСАРАЙ, АҚҚҰМ АУЫЛДАРЫНДА ЖАЛҒАСТЫ

0
51

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасына сәйкес барлық деңгейдегі әкімдер мен атқарушы орган басшылары өздерінің аумағындағы тұрғындармен қарым-қатынасты реттеп, белгілі кестелеріне сай кездесулер, ашық есік күндерін, жеке қабылдаулар өткізу арқылы халықпен диалогты қалыптастыруы тиіс. Ол кездесу, қабылдауларда халықтың талап-тілектері мен арыз-шағымдарына құлақ асып қана қоймай тұрғындардың мәселелерін шешуді жүзеге асыруы да міндеттелген. Сол сияқты Президенттің 2022 жылғы әкімдерді тұрғындармен жаңа форматта шынайы кездесулер ұйымдастыруға міндеттейтін Жарлығының талаптарын орындау арқылы да халық пен билік арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейе көтеріп, ашықтық танытулары тиісті.
Соған орай Түркістан облысының әр деңгейдегі әкімдері тұрғындармен кездесулер өткізіп, олардың алдында атқарылған және алда атқаратын жұмыстары бойынша есеп беруде. Кездесу барысында және одан соң жекелеген тұрғындарды жеке қабылдауда айтылған мәселелерді заң аясында шешуді қарастыруда.
Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлының кездесуі түс ауа Көксарай, Аққұм ауылдарында жалғасын тапты. Кездесуде аудан басшысы алдымен бұған дейін тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлер мен өтініштердің орындалуы туралы баяндап берді. Мұнан соң алда тұрған міндеттер мен атқарылатын жұмыстар туралы айтып, іске асатын жұмыстардың дені бұған дейінгі кездесулерде жергілікті тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер екенін жеткізді.
Ағымдағы жылы Көксарай ауыл округі бойынша 6,5 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, тас төселген. Ауыл округінде демеушілер есебінен салынған «Толағай» күрес залы пайдалануға берілсе, ардагерлер саябағының құрылысы жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Сонымен қатар Ызакөл елді мекенінен балалар ойын алаңшасының құрылысы басталып, Шеңгелді елді мекеніндегі К.Арынов көшесіне аяқжол салу, жарықтандыру жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
Кездесу барысында ауыл тұрғындары Әбдірахман Мәуленқұл, Хайрулла Аймырзаевтар Шәуілдір-Көксарай бағытындағы КХ-10 тасжолын жөндеу, электр жарығының бағаналарын жаңарту, трансформатор орнату, ауылдық аурухананы жөндеуден өткізу, «Есіркеп» каналын механикалық тазартудан өткізу секілді мәселелерді көтеріп, сауалдарын қойды.
Аудан басшысы көтерілген мәселелер бойынша заң аясында тиісті жұмыстар атқарылатынын айтып, жауапты сала басшыларына тапсырмалар жүктеді.
Көксарай ауылымен іргелес жатқан Аққұм ауыл округінде де біршама жұмыстар атқарылған.
Мәселен, ұзындығы 1300 метр болатын «Сай ауыл» көшесі мен Л.Оспанов, Амангелді көшелеріне асфальт төсеу жұмыстары жүргізілсе, ұзындығы 2160 метр болатын Ш.Асанов көшесін асфальттау, жарықтандыру жұмыстары атқарылуда. Сонымен қатар ауыл округінде тұрғындардың өтінішіне сәйкес дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жүргізілуде.
Кездесуде ауыл тұрғындары Қаржау Бекайрдаров, Полатхан Әлібаев, Дүйсен Ашықбайлар жедел жәрдем көлігін жаңарту, ескірген электр желілері бағаналарын ауыстырып, трансформатор орнату, абаттандыру жұмыстары жүргізу секілді мәселелерді айтып, тиісті жұмыстардың атқарылуын сұрады.
Айтылған мәселелердің барлығы хаттамаға енгізіліп, заң шеңберінде тиісті жұмыстар атқарылатынын айтқан аудан басшысы жұмыстардың орындалу барысы өз бақылауында болатынын жеткізді.
Жиын соңында ауыл қариясы Төреқасым Бөрібаев ауданда атқарылған жұмыстарға халықтың көңілі толатынын айтып, ақ батасын берді.