ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДАҒЫ «ЖАСЫЛ БЕЛДЕУ» АЙМАҒЫ ҰЛҒАЯ ТҮСУДЕ

0
47

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында бес жыл ішінде елімізді ауқымды көгалдандыру міндетін қойған болатын. Тапсырма аясында 2 миллиард ағаш көшетін егіп, өсіру жоспарланған. Ол үшін барлық облыс және министрліктің ведомстволық бағынысты мекемелерінде орманды көбейту мен өсірудің бес жылдық кешенді жоспары бекітілді. Мекемелердің іс-қимылын үйлестіру жөніндегі штаб құрылды. Кешенді жоспарды жүзеге асыру үшін алдағы бес жыл ішінде республикалық бюджеттен 22 млрд теңге, жергілікті бюджеттерден 60 млрд теңге бөлініп келе жатыр.
Түркістан облысында Мемлекет басшысының 2021 жылғы алға қойған міндетін орындау бойынша жыл сайын ауқымды жұмыстар жүргізіледі. Жылына екі кезеңде – көктемде және күзде облыс аумағында ағаш көщеттерін, бұталар мен гүлдер егу жұмыстары жоспарлы түрде жүргізіледі. Күздің келуімен өңірде жасыл аймақтар мен жасыл белдеулер құру бағытында орман шаруашылықтары мекемелері мен өзге де мекемелер, қоғамдық ұйымдар мен тұрғындардың атсалысуымен, далалы арнаулы алқаптарда, қала, аудандардың көгалдандыруына байланысты ағаш көшеттерін егу науқан басталуда.
Түркістан іргесінен 42 000 гектар жерге «Жасыл белдеу» орманды алқабын құру жоспарланған. Жыл сайын мұнда миллиондаған ағаш көшеті отырғызылады. Өсіп жатқан ағаштардың дені – көпжылдық және қылқан жапырақты. Бүгінде «Жасыл аймақ» коммуналдық мемлекеттік мемкемесінің орман қоры 28 мың гектардан асады. Алдағы уақытта Түркістан қаласы мен Сауран және Отырар аудандарында орман қоры жерлерін ұлғайту жұмыстары жалғасады.
Биылғы жылдың күз және 2025 жылдың көктем айларында «Жасыл белдеу» аумағында орман екпелерін отырғызу және толықтыру жұмыстары 17 019 гектар жерде атқарылады. Негізгі басым жұмыстар Түркістан қаласын айнала қоршап тұрған «Жасыл белдеудің» 8 185 гектар аумағында жүргізілмек. Бұл жерге толықтыру жұмыстарын жүргізу көзделуде.
Жаңадан көшет отырғызу жұмыстары Шәуілдір бағытындағы №5 орманшылықта 110 гектар және №1 орманшылықта 42 гектар жерге жүргізіледі. Отырғызуға қажетті көшеттер Түркістан қаласының аумағына жерсінген мекеменің тұқымбағындағы көшеттер пайдаланылады.
Сонымен қатар өңір басшысы Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты мекемеде 120 гектар жерге заманауи орман тұқымбағын құру жоспарланған болатын. Бүгінгі таңда, оның 47 гектары тұрақты пайдаланылуда. Орман тұқымбағында 21 түрлі ағаш-бұта көшеттері өсірілуде. Атап айтсақ, онда ағаштардың қылқан жапырақты 5 түрі, жапырақты 11 түрі және бұта тектес ағаштардың 5 түрі бар.