ОРДАБАСЫЛЫҚ ҰСТАЗ МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ МАРАПАТЫН АЛДЫ

Педагогтердің кәсіби мерекесінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, ұстаздар қауымын кәсіби мерекесімен құттықтап, аса жауапты әрі қастерлі міндетті абыроймен атқарып жүрген педагогтерге алғыс айтты.
– Менің тапсырмаммен «Педагог мәртебесі туралы» арнайы заң қабылданды. Бұл құжат ұстаздардың заңды мүддесі мен құқықтарын қорғауға ықпал етті. Қазір мұғалімдер мен тәрбиешілердің жалақысы айтарлықтай көбейді. Олар негізгі қызметіне кедергі келтіретін артық міндеттерден босатылды. Осы заңға сәйкес «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы енгізілді. Бұл – жай атақ емес, мәртебелі мемлекеттік награда. Оның иегеріне қомақты сыйақы беріледі. Республика бойынша 46 мұғалім осы наградаға ие болды. Сондай-ақ қазір ұстаздарға академиялық дәрежесіне сәйкес үстемеақы төленіп жатыр. Халықаралық олимпиада жүлдегерлерін дайындаған мұғалімдерге қаржылай қолдау көрсетіледі. Педагог мамандығы бойынша оқып жатқан студенттердің шәкіртақысы 2,5 есе көбейді. Биыл болашақ ұстаздарды даярлау үшін 16 мыңға жуық грант бөлінді. Соның ішінде шамамен 1800 «Алтын белгі» иегері педагогика мамандығын таңдады. Бұл – өте жақсы үрдіс, – деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы Ақорда төрінде еліміздегі үздік ұстаздарды қабылдап, мемлекеттік наградалар табыстады. Олардың қатарында Түркістан облысы, Ордабасы ауданының «Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясының» ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, Абибулла Жакудаев та болды. Педагогика саласында 40 жылдан астам еңбек еткен ұстаздың оқушылары халықаралық, республикалық білім шыңын бағындырып, бүгінде Түркістан облысын ғана емес Қазақстанды дүниежүзіне танытып келеді. Білім саласына өлшеусіз үлес қосқан ағартушы ұстаз, өзінің кәсіби мерекесі күні Мемлекет басшысының қолынан “Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы” төсбелгісімен марапатталды.
Елімізде білімді де тәжірибелі мұғалімдер қатары көбейген сайын жас ұрпаққа тәлімді тәрбие мен сапалы білім беріліп жасөспірімдер заңдылықтарды, қоғамдық тәртіпті сақтап саналы болып өседі. Сондықтан да, жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша нәтижелеі жұмыстар жүргізілуі тиіс.
Ордабасы аудандық мәдениет үйінде жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында өткен мәжіліске аудан әкімі Азат Оралбаев, аудан прокуроры Абзал Қыдырбай, Түркістан облысы полиция департаментінің штаб басқармасының басшысы Сейітжомарт Сейітхан, аудандық полиция бөлімінің басшысы Ғалымжан Қуашбаев, ауыл округ әкімдері, ардагерлер кеңесі, ауыл билері, қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.
Бүгінгі таңда қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі — жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу.
Жиында аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция бөлімшесінің бастығы Әуелов Қанат баяндама жасап, оқушылардың түнгі мезгілде жүрмеуін қатаң қадағалау керектігін атап өтті. Аудандық білім бөлімінің басшысы Шұға Нұрабаеваның сөзінше, бала тәрбиесінде мектептегі мұғалімдерден бөлек, ата-аналардың да рөлі жоғары. Сондықтан, «Тәрбиесіз берілген білім — адамзаттың қас жауы» тәмсілінің маңызы әрдайым жоғары.
Мәжілісті түйіндеген аудан басшысы Азат Оралбаев бала қауіпсіздігіне жауапты барлық мекеме басшысына жұмысты жүйелі әрі уақтылы атқаруды тапсырды. Бала қауіпсіздігін қорғау, олардың алаңсыз білім алуына жағдай жасау, балаға жауапсыз қарайтын ата-аналармен жұмыс жүргізу және әлеуметтік желідегі зиянды материалдарды бұғаттау, қаржы пирамидаларына қарсы ақпараттық жұмысты күшейту керектігін айтты. Сонымен бірге жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу, балаларды түрлі үйрімелермен қамту, мектеп психологтарының жұмысын жандандыру жөнінде ұсыныстар беріліп, атқарылатын жұмыстар бойынша қадамдық іс шаралар жоспары бекітілді.
Құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында аудандық прокуратура, полиция бөлімі, әкімшілік және білім бөлімімен бірлесіп, жасөспірім оқушылар арасында профилактикалық жұмыстар жүргізу, кездесу жиындарын ұйымдастыру әрі қарай да жалғасын табатынын айтты.