КҮЗГІ АҒАШ ЕГУ МЕН АҒАШ БҰТАУ НАУҚАНЫ БАСТАЛУДА

Қазақстанның байтақ территориясының бес пайызы ғана орман-тоғайлы алқаптар. Сол себепті де елімізде егемендік алған алғашқы жылдардан бастап республика аймағының орманды, тоғайлы, жасыл желекті аймақтарының санын арттыру бағытында жұмыстар біртіндеп қолға алына бастаған еді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «жасыл аймақ» жобасы негізінде еліміз бойынша бірнеше миллион ағаш көшеттерін егіп, оларды қамқорлыққа алу, өсіру бойынша тапсырма берген. Оған қоса қалалар мен елдімекендерді көріктендіру, абаттандыру бойынша да ағаш, гүл көшеттерін еу тапсырылған. Бүгінде Түркістан облысында күгзі ағаш көшеттерін отыру науқаны басталды.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды елді мекендерді абаттандыру, аймақтарды көгалдандыру жөнінде аудан, қала әкімдеріне тапсырма жүктеген болатын. Берілген тапсырма аясында Келес ауданында күзгі ағаш егу науқаны бастау алды.
Аудан орталығындағы Жылқышиев аллеясы аумағынан қажетті жер дайындалып, 400 түп сосна ағашы мен 300 түп глобус гүлі егілді. Атқарылған жұмыстарды қадағалап, сапасына бақылау жасау мақсатында Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев пен аудан әкімі аппаратының басшысы Бахтияр Абдрахманов аудан орталығының ішкі көшелерін жаяу аралады.
– Ағаш отырғызуда бірқатар кемшіліктерге жол берілген. Оны аралау барысында анықтап, білдік. Көгерген ағаштардың қатары қалың емес. Бұл бойынша коммуналдық сала басшылығына бірнеше рет ескерту берілгенімен нәтиже көңіл көншітерлік емес. Егілген ағаштарға суғару жүйелерін қосуды және тиісті аумақтарды қоршау жұмыстарын жүргізуді аяқтау керек, — деді аудан әкімі Жәнібек Есенұлы.
Айта кетейік, бүгінге дейін жалпы аудан аумағында көшелер бойына жиырма мыңға жуық жапырақты ағаш және қылқан жапырақты ағашы, мыңнан аса бұта, қырымдық қайың ағашы, көп жылдық гүл, бір жылдық гүл, раушан гүл, жасыл екпелер отырғызылды. Сонымен қатар, биылғы күзгі ағаш егу науқаны барысында 25 300 түп Келес ауданының климатына сәйкес келетін түрлі ағаш егілу жоспарлануда.
Түркістан қаласында жоспарға сәйкес, ағаштарды кесіп-бұтау жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда С.Қожанов, Тәуке хан, Әмір Темір көшелерінде талдарды қырқу жұмыстары жалғасуда.
Сондай-ақ, Бірлік тұрғын алабында тұрғындардың өтініші бойынша жарықтандыру кабельдерінің жұмысына кедергі келтіретін орындарды тазалау, ағаштарды бұтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Аталған жұмыстар қаладағы «Жасыл Түркістан» КММ тарапынан орындалуда.
Сол сияқты Келес ауданында инфрақұрылымды, яғни халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында сапалы электр қуатымен тұрғындарды қамтамасыз етуге арналған «Қызыләскер» 220/110/10 кВ қосалқы станциясынан қуаты 110 кВ болатын екі электр желісін салу» нысанының құрылысы аяқталуға жақын. Бүгінде Шардара, Мақтаарал және Жетісай аудандарын электрмен жабдықтау үшін Келес ауданындағы 220/110/10 кВ «Қызыләскер» қосалқы станциясынан шығатын екі 110 киловольттық әуе электр желілері жүргізілуде. Бұл нысан шаруашылық жүргізуші субъектілері мен тұрғындардың электр энергиясына қажеттілігін қамтамасыз етпек.
Жобаға сәйкес, ұзындығы 71,4 шақырымды құрайтын бір тізбекті әуе электр желісін және 20,3 шақырымды құрайтын екі тізбекті әуе электр желілерін салу көзделген.
Стратегиялық маңызы бар нысанның құрылысы республикалық және облыстық бюджеттерден қаржыландырылды.
Аталған нысанда ауқымды жұмыстар атқарылған. Нақтырақ айтқанда, «Л-6-А» 110 киловольттық электр желісіне дейінгі екі тізбекті 110 кВ электр желісінің 20,3 шақырымы, 110 кВ екі тізбекті электр желісі 220 кВ «Қызыләскер» қосалқы станциядағы порталға ілу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар 110 киловольттық «Мақталы» қосалқы станциясына дейінгі бір тізбекті электр желісінің 62,4 шақырымы тартылды. Одан бөлек, «Мақталы» қосалқы станциясына кеңейту жұмыстары жүргізілді.
Қазіргі уақытта 220 киловольттық «Қызыләскер» қосалқы станциясынан 110 кВ «Мақталы» қосалқы станциясына дейінгі 110 кВ бір тізбекті электр желілерінің қалған 9 шақырымына сым ілу жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарын жақын арада аяқтау жоспарланған.