ДЕМЕУШІЛІКПЕН ҮШ НЫСАН ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ
Түркістан облысының өңірлерінде мемлекеттік бағдарламалар, жобалар мен бюджеттік қаражат арқылы салынып жатқан сан-салалы нысандар аз емес. Оларға қосымша аудан басшылығы өңірдегі ірі кәсіпорынның демеушілігімен де бірқатар мәселелерді шешуде нәтижелі жұмыстар жүргізіп келеді. Аудан аумағындағы елдімекендердің инфрақұрылысдары мен әлеуметтік нысандарының қатарын көбейтіп, сапасын арттыру бойынша жасалынып жатқан жұмыстар жеткілікті. Сондай демеушіліктің арқасында Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында үш бірдей нысан пайдалануға беріліп, тұрғындарды қуанышқа бөледі.
Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков Созақ ауылына жұмыс сапарымен барды. Сапар барысын Созақ ауылдық округі әкімі аппараты ғимаратының құрылысын бақылаудан бастады. Мердігер мекеменің өкілдерімен тілдесіп, жауапты мамандарға құрылыстың сапасы мен мерзіміне қатысты нақты тапсырмалар жүктеді.
Қазіргі таңда жаңа ғимараттың қалақ жұмыстары толық аяқталып, ішкі жөндеу жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Бірінші қабаттың еденіне бетон жаймасы төселген. Құрылыс жұмысы өндірістік кестеге сәйкес жүріп жатыр. Нысанның құрылысы 2024 жылдың мамыр айында басталып, келесі жылға өтпелі кезеңмен жалғасуда.
Сондай-ақ аудан басшысы ауылдың ішкі көшелерін аралап, атқарылуы тиіс жұмыстарды пысықтады. Асфальт жабындысын төсеуді қажет ететін жолдарды назарға алып, жауаптыларға жолдарды жаңарту үшін тиісті шараларды қабылдау қажеттігін атап өтті.
Сол сияқты ауданда 25 қазан – Ұлттық мереке Республика күні қарсаңында үш бірдей кіші футбол алаңы мен балалар ойын алаңы ашылып, тұрғындардың игілігіне ұсынылды.
«Katco» қазақ-француз біріккен кәсіпорнының демеушілігімен салынған спорт алаңының бірі Таукент кентінде, екеуі аудан орталығындағы «Теріскей» саябағы мен Наурыз мөлтек ауданынан ашылды.
Спорт нысандарының ашылу салтанатына арнайы қатысқан аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков шараға жиналған тұрғындарды құттықтап, жаңа нысанның маңыздылығын атап өтті.
— Бүгін біз ауданымыздың даму жолындағы маңызды қадамды атап өтудеміз. Спорт – тек денсаулықтың кепілі емес, сонымен қатар, ұлттық бірлік пен татулықты нығайтудың негізі. Бұған дейін аудан аумағындағы өндіріс орындарының демеушілігімен көптеген жобаларды іске асырдық. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жандана түспек. Бұл бойынша нақты жобаларымыз бар. Мақсатымыз айқын. Демеушілерден бөлек жергілікті бюджет есебінен жабық ойын алаңдары бой көтеруде және біз барлық округтерді қамтуды жоспарлап отырмыз. Жастарымыз жаңа алаңда жаттығып, үлкен спорттық жетістіктерге жетеді деген сенімдемін», – деді аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы.
Сонымен қатар, аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев ашылған спорт алаңдары – біздің ауданымыздың әлеуетін арттырудың бір бөлшегі екенін атап өтті. Шараға жиналған жұртшылықты жаңа нысанның ашылуымен құттықтады.
«Katco» БК ЖШС бас инженерінің орынбасары Нұртай Нұржанов -«Біздің компания үшін әлеуметтік жауапкершілік – маңызды басымдық. Бүгінгі спорт алаңдарының ашылуы – қоғам алдындағы міндетімізді орындау. Біз алдағы уақытта да жастардың салауатты өмір салтын таңдауына жағдай жасап, өзімізге ұсынылған жобаларды тұрақты түрде орындауға және әлеуметтің алдындағы жауапкершілікті адал атқаруға әзірміз», – деді.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов бастаған ауыл қариялары мен еңбек ардагерлері ізгі тілектері мен ақ баталарын арнады.
Айта кету керек, аудан әкімдігі мен «Қазатомөнеркәсіп ҰАК» АҚ әлеуметтік жобаларды қолдау аясында бірлескен жұмыстарды тұрақты түрде атқарып келеді. Осы уақытқа дейін аудандағы ауылдық округтер мен кенттерде «Қазатомөнеркәсіп ҰАК» АҚ қарасты кәсіпорындар бірнеше «Street Workout» және балалар ойын алаңы мен әлеуметтік нысандар ашып, көше жарықшамдарын орнатуда.
Бүгін «Katco» қазақ-француз біріккен кәсіпорнының демеушілігімен салынған жаңа спорт нысандары аудан тұрғындарының, әсіресе, балалар мен жасөспірімдердің салауатты өмір салтын таңдауына серпін берері сөзсіз. Бұл алаңдар тек спортпен айналысуға арналған орындар ғана емес, ауыл жастары арасында достық, ынтымақтастық және командалық рухтың нығаюына да мүмкіндік туғызары анық.