ЕКІ ЖЫЛДА ЕЛУ МЕКТЕП САЛЫНБАҚ
Қазақстан әлеуметтік мемлекет ертінде елдің әлеуметтік мәселесіне бірінші кезекте көңіл бөліп келеді. Күні кеше мерекеленген Ұлттық мерекеміздің қарсаңында Түркістан өңірінде ондаған әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді. Олардың арасында мектептер, денсаулық нысандары, спорттық және басқа да әлеуметтік нысандар басым болды.
25 қазан – Республика күні мерекесінде Түркістан қаласында жалпы білім беретін 600 орындық мектеп пайдалануға берілді. №35 мектептің ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, ұстаздарды, оқушыларды және ата-аналарды құттықтады.
– Алдымен баршаңызды Республика күні мерекесімен құттықтаймын. Еліміздің еңсесі биік, мемлекетіміздің абыройы асқақ болсын! Бүгін осы мереке құрметіне Түркістан қаласында жаңа мектеп ашылуда. Тұрғындардың өтініштері орындалып, өзекті мәселе шешімін тапты. Енді осында білім алатын балаларымыз елдің мықты азаматтарына айналып, мемлекетті дамытуға үлес қосады деп сенемін, – деді Дархан Сатыбалды.
Бұған дейін Баянауыл елді мекенінде мектеп болмағандықтан осы аумақтағы оқушылар №17, №21, №27 мектептерге қатынап оқыған болатын. Енді ол мәселе шешімін тапты. Облыс орталығындағы білім ұясының құрылысы 2023 жылы басталып, биыл аяқталды. Жаңа мектепке аталған білім ұяларынан ұстаздар мен оқушылар ауысады деп күтілуде. Сонымен қатар ата-аналар көрші ауылдардағы балаларын да осы мектепке оқытуға ниетті. Мөлтек ауданданың басым бөлігі – көпбалалы отбасылар.
Оқушыларға есігі айқара ашылған жаңа №35 жалпы орта мектебі оқу кабинеттері мен құралдарымен қамтылған. Білім алуға толық жағдай жасалған.
Түркістан қаласында 4 мектептің құрылысы жүргізілді. Осыған дейін «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынған 1 мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Осы жоба аясында салынып жатқан тағы 2 мектептің құрылысы аяқталуға жақын.
Айта кетейік, Түркістан облысында жалпы орта білім беру мектептерінің саны 1055 болса, ондағы оқушылар саны 519 мыңнан асты. Екі жыл көлемінде облыста 50 мектеп салынады деп жоспарланып отыр.
Кентау қаласында 25 қазан Республика күні қарсаңында әлеуметтік инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадам мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қажетті сервистерге қол жеткізуін жеңілдететін “әлеуметтік қызметтер көрсету бөлімшесінің” жаңа фронт-офисі ашылды. Кеңседе орнатылған бейнебақылау және дыбыс жазу жүйесі барлық келушілер үшін ашықтық пен қауіпсіздіктің қосымша кепілдіктерін жасайды.
Кеңсенің ашылуына қала әкімінің орынбасары А.Байболова қатысып, кеңсе жұмысымен танысты.
Арнайы ашылған бөлімшеде мамандардың көмегімен тек кеңес алып қана қоймай, сонымен қатар білікті мамандардан санаторлы-курорттық емделу, жеке көмекші,ымдау тілі маманы, гигиеналық, сурдотехникалық-тифлотехникалық, протез-ортопедиялық және жүріп-тұруына арналған құралдар бойынша нақты қызметтерді ала алады.
Қала әкімінің орынбасары әлеуметтік саланың маңыздылығын атап өтіп, халықтың осал топтарының игілігі үшін күн сайын жұмыс істейтін қызметкерлерді кәсіби мерекесімен құттықтады. Әлеуметтік сала қызметкерлері күніне орай сала мамандарын “Қалаға сіңірген еңбегі үшін”, “Қала жанашыры” төсбелгілерімен және қала әкімінің алғыс хаттарымен марапаттады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комиссия «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң шеңберінде жұмысын жалғастыруда. Барлық қаражат әлеуметтік пайдалы мақсаттарға одан әрі қайта бөлу үшін Арнаулы мемлекеттік қорға жіберіледі.
Сол қорға түскен қаржыға алғашқылардың бірі болып, Түркістан облысы, Темірлан ауылында 890 млн теңгеге музыка мектебін салу туралы шешім қабылдады.
Бұл бастамалар тұрғындарды білім беру және спорттық қызметтермен қамтуды арттыру үшін ауылдық жерлерде әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.
Түркістан облысының Темірлан ауылында 300 орындық жаңа өнер мектебін салу көзделген. 1974 жылы қабырғасы каркастан салынған қазіргі ғимарат заманауи санитарлық және өрт қауіпсіздігі талаптарына сай емес, күрделі жөндеуге жарамайды. Соған қарамастан бүгінгі таңда кешен жұмыс істеп тұр. Орталықта 400-ден астам бала оқиды, бұл оның қазіргі қабылдау мүмкіндігінен 2 есеге артық, 45 мұғалім сабақ береді. Жаңа жоба ауылда өнер саласында қосымша сапалы білім алу үшін жағдай жасайды. Енді балалар жайлы ортада музыкамен, хореографиямен айналысуға мүмкіндік алады.
Айта кетейік, бүгінгі таңда Арнаулы мемлекеттік қорда 177 млрд теңге жинақталған. Бұл қаражаттың барлығы әлеуметтік және инфрақұрылымдық объектілерді салуға, басқа да әлеуметтік маңызды мақсаттарға, соның ішінде денсаулық сақтау, білім беру, бұқаралық спорт және т. б. салалардағы жобаларды іске асыруға бағытталады.