ТҰРҒЫНДАРДЫҢ МӘСЕЛЕСІ УАҚТЫЛЫ ШЕШІЛУІ КЕРЕК

0
60

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында облыс аумағында тұрақты түрде тұрғындармен жеке қабылдау өткізіліп келеді. Түркістан облысында тұрғындарды жеке қабылдау тұрақты түрде жалғасуда. Қабылдауға келген тұрғындардың мәселелері кезең-кезеңімен шешіліп келеді.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров өңір тұрғындарын жеке қабылдап, өтініш-талаптарын тыңдады. Жауапты сала басшыларымен бірге көтерілген әрбір мәселені зерделеп, оңтайлы шешу жолдарын қарастырды. Онда көтерілген мәселелердің бірі сол мезетте шешімін тапса, бірінің шешілуіне уақыт қажет.
Жеке қабылдауға Түркістан, Кентау, Арыс, Шымкент қалаларынан және Созақ, Сайрам, Келес, Сарыағаш аудандарының азаматтары келді. Олар сан түрлі мәселе көтерді. Қабылдау барысында жұмыс сұраған азаматтарға жұмыс ұсынылды, денсаулығына байланысты көмек сұрағандарға тиісті қолдау көрсетілетіні айтылды. Сонымен қатар жер телімін алу, жануарлардың құқығын қорғау, өтемақы алу, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы орта қалыптастыру жайы қозғалып, ауыл шаруашылығы саласына байланысты ұсыныстар айтылды.
Тұрғындардың өтініш-тілектерін мұқият тыңдаған аймақ басшысы кез келген көтерілген мәселе назардан тыс қалмайтынын жеткізіп, шешілуі өз бақылауында болатынын айтты.
Айта кетейік, облыс әкімінің жеке қабылдауына жазылуды Түркістан облысы әкімі аппаратының өтініштерді қарауды бақылау бөлімі жүргізеді. Қабылдауға egov.kz порталы, е-otinish бірыңғай базасы және «Ашық әкімдік» кеңсесіне келіп, жазбаша өтініш тастау арқылы жазылуға болады.
Сондай-ақ, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өңірдегі қоғамдық-саяси ахуалдың жай-күйі талқыланған жиын өтті. Өңір басшысы басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне өз міндеттерін сапалы атқаруды тапсырды.
– Жергілікті әкімдерге тұрғындардың сұрақтары мен өтініштерін сапалы, созбалаңға салмай, уақтылы шешуді тапсырамын. Қабылдауға келген азаматтардың өтініштерін заң шеңберінде орындап, міндеттеріңізді сапалы атқарыңыздар. Тұрғындарды негізінен тұрғын үй, жер, инфрақұрылымдық мәселелер, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мен әлеуметтік мәселелер мазалайды. Осыларды назарда ұстаңыздар, – деді Нұралхан Көшеров.
Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Ерлан Күзембаев аймақтағы қоғамдық-саяси ахуал туралы баяндама жасады. Сонымен бірге өңірдегі өзекті мәселелер талқыланып, аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларына тиісті тапсырмалар берілді.
Кестеге сәйкес облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов өзі жетекшілік ететін салалар бойынша азаматтарды жеке қабылдады.
Қабылдауға Түркістан, Кентау қалаларының және Сауран, Бәйдібек, Келес аудандарының тұрғындары келді. Тұрғындардың басым бөлігі баспана мәселесін көтеріп, көмек беруін сұрады.
— Тұрғын үй кезегі заңға сәйкес жүргізіледі. Бұл дегеніміз, ешкім өз кезегінен тыс пәтер алмайды, немесе біреудің орнына өтініш бере алмайды. Заң талаптарына сәйкес, әр азамат өз кезегін күтіп, әділ негізде пәтер алу мүмкіндігіне ие болады. Сондай-ақ мемлекет тарапынан мұқтаж отбасыларға тұрғын үй жалдау ақысының 50 пайызын өтеп беру үшін «Отбасы банкіне» өтінім жолдау мүмкіндігі де бар,– деді Зұлпыхар Жолдасов.
Сонымен қатар азаматтар әлеуметтік көмек алу, несие жабу, ауыз су, кәріз жүйесіне қатысты мәселелерді ортаға салды.
Зұлпыхар Сансызбайұлы көтерілген әрбір мәселе зерделеніп, заң аясында шешімін табатынын жеткізді. Жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берілді. Барлық өтініштер бақылауға алынды.