СУ ЖИНАҚТАУ МЕН СУ ҮНЕМДЕУ ЖҰМЫСТАРЫН ЖҮРГІЗУ МАҢЫЗДЫ

Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласын дамыту, осы бағытқа инвестиция тарту, терең өңдеу ісін ширатып, су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары күшейтіледі. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері қаралған мәжілісте Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне нақты міндеттер жүктеді. Бекітілген индикаторды орындамаған басшыларға сын-ескертпе айтып, жұмысты күшейтуді тапсырды.
– Түркістан облысы үшін ауыл шаруашылығы саласы өте маңызды. Осы бағытта жұмысты күшейтуіміз керек. Әрбір ауданның ерекшелігіне сай шаруашылықты дамытып, жобалар жасап, өнімділікті арттыру қажет. Ет, сүт өндіру, инвестиция тарту көрсеткіштері төмендеген аудандар осы мәселеге назар аударсын. Аудан, қала әкімдері ауыл шаруашылығына, кәсіпкерлікке жауапты басқармалармен бірлесіп, инвестиция тарту жұмысын күшейтсін. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстарымыз жалғасады, – деген Нұралхан Көшеров жауаптыларға көктемгі дала жұмыстарын сапалы ұйымдастыру, шаруаларды жеңілдетілген жанар-жағармай мен тұқыммен қамтамасыз ету, инвестиция тарту жөнінде тапсырмалар берді.
Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Әлібек Плаловтың айтуынша, аймақта ауыл шаруашылығында өндірілген жалпы өнім көлемі 1 трлн теңгеден асқан. Республикадағы ауыл шаруашылығы өнімінің 13 пайызын өндіретін Түркістан облысы бұл көрсеткіш бойынша бірінші орында тұр. Агроөнеркәсіп кешенінің негізгі капиталына 146,1 млрд теңге тартылған. Бұл көрсеткіш бойынша өңір республикада екінші орынға тұрақтаған.
Облыста ауыл шаруашылығы саласын 7 бағыт бойынша дамыту жоспары бекітілген. Біріншіден, ауыл шаруашылығы дақылдардың өнімділігін арттыру көзделген. Егіс көлемі 37 мың гектарға артып, 906,2 мың гектарды құрайды деп күтілуде. Екіншіден, мақта-тоқыма кластерін құру жұмыстары жалғасады. Үшіншіден, су үнемдеу технологияларын ендіру жұмысы жалғасып, жаңадан 47 мың гектарға ендіріледі. Сонымен бірге ауыл шаруашылығы техникалары паркі жаңартылады. Салаға жалпы құны 155 млрд теңге тартылып, 35 жоба іске асырылады. Оның ішінде 7 қайта өңдеу кәсіпорны ашылады. «Ауыл аманаты» жобасын кооперацияға бағдарлау шарасы жалғасады. 2025 жылдың алғашқы кезеңіне 7,4 млрд теңге бөлініп, жаңадан 62 кооператив құрылады деп жоспарланған. Сонымен бірге облыста су нысандарын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмек.
Түркістан облысында ортақ жайылым жерді қайтару жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Аталған саладағы мәселелер облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде талқыланды. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жайылым жерді қайтару жұмыстарын жандандыруды тапсырды.
– Мемлекет басшысы ортақ жайылымдарды ел игілігіне қайтару міндетін жүктегені белгілі. Аудан, қала әкімдері жауапты басқарма мен департаментпен бірігіп, осы бағыттағы жұмысты жандандырыңыздар. Мақсатсыз пайдаланылып жатқан жерді қайтару ісі жүйелі түрде жүргізілсін. Космомониторинг нәтижелерін де назарға алып, сараптаған жөн. Мониторинг, зерделеу, халыққа түсіндіру жұмыстары тоқтамауы тиіс, – деді Нұралхан Көшеров.
Жиында Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Тілегеннің есебі тыңдалды. Оның айтуынша, облыстағы барлық жер қоры 11 млн 610,3 мың гектарды құрайды. Облыстағы пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы және Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланып жатқан жер телімдерін қайтару бойынша облыс әкімінің өкімімен ведомствоаралық кіші топтың құрамы бекітілген. 2024 жылға облыс бойынша 60,0 мың га жер учаскелерін мемлекет меншігіне қайтару жоспарланған. Есепті мерзімде 70,9 мың га жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды.
Өңірде 2023 жылдың басында жайылым тапшылығы 2122,2 мың гектарды құраған болатын. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде жайылым тапшылығы төмендеп, 2024 жылы 608 мың гектарды құрады.
Сонымен бірге облыста ауыл шаруашылығын дамыту мен жаңа технологияларды енгізу, өндірілетін өнімдерді өңдеу және науқындық жұмыстардың сапасын көтеру бағытында да айтарлықтай істер жүзеге асырылуда. Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласын қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар тиімділігін көрсетіп келеді. Солардың бірі – «Кең дала» бағдарламасы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, көктемгі егін егу, жиын-терім жұмыстарын ерте қаржыландыру мақсатында қысқа мерзімді жеңілдетілген несие беру қолға алынған-ды.
Атап айтқанда, 2024 жылы Түркістан өңірінде 1623 жобаға несие беріліп, бағдарламаны іске асыру үшін 11,4 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ 2110 адам жұмыспен қамтылды.
2025 жылы 12,3 млрд теңгені құрайтын 1700-ге жуық жобаны қаржыландырып, 2200-ден астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Жыл басынан бері 2 млрд теңге таратылып, 221 шаруа қожалығы қаржы алып үлгерді. Нәтижесінде 287 жаңа жұмыс орны құрылды.
Өңірде аталған жұмыстарды үйлестіру «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-на қарасты «Оңтүстік» АИО» ЖШС және «Ырыс» МҚҰ» ЖШС-не міндеттелген.
Қазіргі таңда жоба қаржыландыру бойынша, құжаттар үздіксіз қабылдануда. Үміткерлер 500 мың теңгеден 300 млн теңгеге дейінгі сомада қаржылай қолдауға ие бола алады. Сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 5%-ды құрайды. Сондай-ақ, жеңілдікпен өтеу шарттары қарастырылған. Аталған жоба ең алдымен шаруаларға үлкен көмек көрсетуде. Сонымен қатар Түркістан өңіріндегі агроөнеркәсіпті ілгерілетуге мол ықпал жасауда.
Ауыл шаруашылығы саласындағы маңызды мәселенің бірі сумен қамту болып табылады. Түркістан облысында шаруаларды ағын сумен қамту, су нысандарын реттеу бағытында жүйелі жұмыс жалғасып жатыр. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров салаға жауапты мекеме басшыларымен жиналыс өткізіп, ағын суға қатысты мәселелерді талқылады. Басшыларға тиісті тапсырмалар берді.
– Мемлекет басшысы су нысандарын реттеу және жөндеу, су үнемдеу технологияларын енгізу міндетін жүктеді. Бұл тапсырманың Түркістан облысы үшін маңызы зор. Біз шаруаларды қажетті ағын сумен қамтудың барлық мүмкіндігін қарастыруымыз керек. Екіншіден, аудан, қалалардағы су қоймалардың айналасына ағаш көшеттерін егу жұмыстарын қолға алуды тапсырамын. Су нысандарының құрылысы қатаң бақылауда болады, – деді Нұралхан Көшеров.
Мәжілісте Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Е.Құралбеков пен «Тұран су» мекемесінің басшысы Д.Лесовтың есептері тыңдалды.
Қазіргі таңда аймақтағы су қоймаларда жиналған су көлемі өткен жылмен салыстырғанда жақсы деңгейде. Бүгінгі күнге су қоймаларға нақты 5 165,6 млн м3 су жиналған немесе 59 %-ға толған.
Аймақта көктемгі тасқын суларды ұстап, суару маусымына тиімді пайдалану үшін, «Бәйдібек ата», «Боралдай», «Қарақуыс», «Иқан су» су қоймаларын салу жобалары әзірленді. Жобалар толық іске асқан жағдайда «Бөген» су қоймасына қосымша 120,3 млн м3 ағын су жеткізіліп, Түркістан қаласы аумағындағы ауылдарда ағын су мәселесі шешімін табады. Бүгінде «Бәйдібек» ата су қоймасының құрылысы басталды. «Қарақуыс» және «Қапшағай» су қоймасында құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
2024 жылы 7 су нысанын күрделі жөндеуге, 6 нысаның механикалық тазалауға 9,3 млрд теңге бөлінді. 2025 жылға 12 су нысанын күрделі жөндеуге, 1 нысанды механикалық тазалауға 5,4 млрд теңге қарастырылып отыр.
«Тұран су» мекемесіндегі өзгерістер өз тиімділігін дәлелдеді. Кәсіпорынның теңгерімінде 18 су қоймасы, 3 су торабы, 107 канал, 3 өндірістік-техникалық базасы және 81 арнайы техникасы бар. 2024 жылы кәсіпорын арқылы облыстық бюджет есебінен 9 су нысанының 96,42 шақырымына күрделі жөндеу жоспарланған. Қазіргі таңда орындалғаны – 46,02 шақырым. Мекеменің ауданға берілген эксковаторларының күшімен 1197,9 шақырым канал және қашыртқы механикалық тазалаудан өткізілген. Сонымен бірге кәсіпорын меншігіндегі арнайы техникалардың күшімен облыстағы 200 метр өзен арналарын нығайту және тазалау, 100 метр су қойма бөгетін қалпына келтіру жұмыстары атқарылған. Су үнемдеу технологиясын өндіретін кәсіпорын ашылып, жұмысын бастаған.