КҮТКЕННЕН ДЕ ЖОҒАРЫ НӘТИЖЕГЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗУГЕ БОЛАДЫ

Қазақстан Республикасында ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін көтеру үшін, олардың табысын арттыруға, әр ауыл азаматының жұмыспен қамтылуына, жеке кәсіптерін ашуына, Жаңа Қазақстанды құруға белсене қатысуына барлық мүмкіндіктер жасалуы үшін мемлекет тарапынан арнаулы бағдарламалар мен жобалар қабылданып, жүзеге асырылуда. Солардың ішінде «Ауыл аманаты» жобасының басты мақсаты – ауылдардағы халықтың табысын арттыру. Бағдарлама пилоттық негізде 2023 жылдан жүзеге асып, өз тиімділігін дәлелдеп келеді.
Биыл Түркістан облысында «Ауыл аманаты» жобасы аясында 62 ауылдық округте 749 жобаны қаржыландыру жоспарланып отыр. Нәтижесінде 1185 тұрақты жұмыс орны ашылып, 100-ге жуық отбасы атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаждықтан арылады деп күтілуде.
Бұл мәселе аудан-қала әкімдерінің қатысуымен өткен видео-селекторлық мәжілісте кеңінен талқыланды. Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков қаржыландырылатын бағыттарды белгілегенде өңірлердің ерекшеліктеріне назар аударуды ескертті.
Жыл ішінде «Ауыл аманаты» жобасымен өсімдік шаруашылығын дамыту бойынша – 195, мал шаруашылығын дамыту бойынша – 175, құс шаруашылығын дамыту бойынша – 108, балық шаруашылығын дамыту бойынша – 71, кооперативтерді құрал-жабдықтармен жабдықтау бойынша – 62, өз кәсібін ашу бойынша 138 жобаны іске асыру көзделуде.
«Түркістан» ӘКК» АҚ-ның Басқарма төрағасы Файзулла Байдуллаев аудан-қалаларда өндірістік парк ашудың маңыздылығына тоқталып, 2025 жылдың жоспарымен бөлісті.
Мәжілісте Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша заңдылықты қамтамасыз етуде жиі туындайтын мәселелерді тарқатып, басқарма тарапынан қабылданатын шараларды жеделдету жайын қозғады. Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков аудан тарапынан ұсынылған жобаларға қатысты өз сұрақтарын қойып, жауапты мамандармен пікірлесті.
Облыс әкімінің орынбасары өңірлерде қайта өңдейтін кәсіпорын ашуға басымдық беру қажеттігін атап өтті. Аудан-қала әкімдері бұл бағыттағы жұмысты ширату үшін жауапты басқармалармен пікір алмасып, жоспарды бірге нақтылады.
Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков жетекшілік ететін салаларының басшыларымен лездемелік мәжіліс өткізіп, жұмыс аптасының міндеттерін белгіледі. Ауыл шаруашылығы басқармасына аудан-қала әкімдіктерімен бірлесе отырып, субсидия бағыттарындағы өзгерістер, жаңа технология енгізудегі артықшылықтар бойынша шаруалар арасында түсіндіру жұмыстарын жандандыруды тапсырды.
2024 жылдың қорытындысымен Түркістан облысында құрылған кооператив саны 62-ні құрады. Оның 37-і қаржыландырылып, нәтижесінде 23 кооператив қызмет көрсету үшін техникалар сатып алды, 14 кооператив қайта өңдеу цехтарын іске қосты. 148 азамат тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілді. «Ауыл аманаты» жобасын кооперацияға бағдарлау ісі биыл да жалғасын табады.
Су шаруашылығы нысандарын қалпына келтіру бойынша І кезеңге 14 жоба ұсынылып, 166 шақырым су арнасын бетонмен қаптау көзделуде. Жоба толық іске асқан жағдайда іргелес жатқан 53,3 мың гектар жерге ағын су жеткізу жақсармақ. «Тұран су» және «Қазсушар» мекеме басшыларына облыстағы механикалық тазалаудан өткен және тазалауды қажет ететін су арналарына қатысты тиянақты сараптама ұсыну жүктелді.
2025 жылдың бекітілген жоспарын талдай келе Нұрбол Тұрашбеков: «Болжанып отырған көрсеткіштер меже деп қабылданбасын. Жұмысты дұрыс үйлестіріп, барлық қарым-қабілетті жұмсаған жағдайда күткеннен де жоғары нәтижеге қол жеткізуге болатынын естеріңізге саламын. Мүмкіндіктерді шектемеңіздер. Көктемгі дала жұмыстары басталғанша шаруалар мен дихандарға мемлекеттік бағдарламалар жөнінде мейлінше мол ақпарат беріп, түсіндіруді қолға алыңыздар, заңдылығы бойынша құқықтық анықтамалар әзірлеңіздер», деді.
Мәжіліс барысында сонымен қатар, басқармалардағы орындаушылық тәртіп жайы қозғалды, хаттамалық тапсырмалардың есебі қаралды.