ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ, ӨНДІРІС ОРЫНДАРЫН АШУ – БАСТЫ БАҒЫТТАР

0
39

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту жолында үздіксіз жұмыс істеу маңызды екенін шегелеп айтқан болатын. Мемлекет басшысының сөзінше, дүние жүзінде инвестицияға талас өршіп тұрған кезде елге қаржы тарту үшін «дәл осы жерде және дәл қазір» қағидасы бойынша шешім қабылдау – ең қажет шара. Сондықтан Үкімет жанындағы Инвестиция штабына ауқымды құзырет берілді. Бұл қадам металды терең өңдеу, мұнай-газ-көмір химиясы, туризм, энергетика және машина жасау сияқты маңызды салалардағы жобаларды жүзеге асыру қарқынын арттыруға жол ашты.
«Экономикаға салынған тікелей инвестиция көлемін азайтып алмау үшін осы бағыттағы жұмысты күшейту керек. Кейбір әкімдер мен министрлер инвестор тарту ісіне жөнді атсалыспай отырғанын атап өткім келеді. Үкімет бұл шаруаны ретке келтіруге тиіс,» деген Мемлекет басшысының сөзі барлық деңгейдегі басшылар мен әкімдердің инвестициялық тартымдылықты жақсарта түсіп, үздіксіз түрде инвестиция тарту жұмыстарын жүргізуін міндеттейді. Инвестиция тарту мәселесі Түркістан облысы әкімдігінің де күн тәртәбәнен ешқашан түскен емес. Облыс әкімі инвестиция мәселесін үнемі бақылауында ұстап, жергілікті әкімдердің жұмысын қадағалап, инвестиция тарту бағытндағы жұмыстарды жандандыруды талап етіп отырады.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен Өңірлік инвестициялық штабтың 2025 жылдағы алғашқы жиыны өтті. Мәжілісте облыста жүзеге асырылып жатқан 15 жобаның жай-күйі қаралып, өзекті мәселелері талқыланды. Облыс әкімі жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне инвестиция тарту жұмыстарын күшейте түсуді тапсырды.
– Инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу – басым бағыттар. Бүгін қаралған жобалар біз үшін өте маңызды. Сәттілік тілеймін. Өз тарапымнан облыста қолға алынған әрбір инвестициялық жобаның сәтті жүзеге асырылуына толық қолдау көрсетемін. Инфрақұрылым, құжаттандыру және өзге де мәселелерді заң шеңберінде шешеміз. Аймақта жаңа өндіріс орындарын көбейту бойынша жұмысты күшейтуді тапсырамын, – деген Нұралхан Көшеров әрбір инвестормен пікір алмасып, өтініштерін, есептерін тыңдады.
Инвестштаб отырысында инвесторлар мен кәсіпкерлердің өтініштері, инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысы талқыланды. Олардың бірқатарына тоқталсақ, Сайрамда бу-газ қондырғысы, мал сою бекеті мен мал бордақылау алаңы, Созақта газ өндіру жобалары жүзеге асады. Ордабасы ауданында заманауи кірпіш зауыты мен алюминий бұйымдарын өндіру зауытының құрылысы қарқынды. Сауран ауданында инженерлік жабдықтар, өнеркәсіптік су бекіту арматурасын шығаратын зауыттар салынады. Келес ауданында еліміздегі ең үлкен жылыжайдың құрылысы жалғасуда. Сарыағаш ауданында құс фермасы кеңейтілсе, өзге аудандарда да инвестициялық жобалар пысықталып жатыр.
Айта кетейік, өткен жылы Түркістан облысында негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 1 334,9 млрд. теңгеге жетіп, 1,4 есе артығымен орындалды. Экономиканың дамуына тың серпін беретін 145 инвестициялық жобаның пулы қалыптастырылды. Оның ішінде өндірісті және ауыл шаруашылығын терең қайта өңдеуді дамытуға басымдық берілуде. Алдағы уақытта аймақта жаңа зауыттар ашып, жұмыс орындарын көбейту жоспарланған.