ЭКОНОМИКАНЫ ӘРТАРАПТАНДЫРУ ҮШІН ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ ҚАЖЕТ

0
70

Экономиканы әртараптандыру бағытында инвестиция тарту жұмыстарын күшейту керек. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  таяуда өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында айтты. Осы ретте, аудан экономикасына инвестиция тарту мақсатында Сарыағаш ауданының  әкімі Арман Абдуллаевтың  төрағалығымен инвестиция штабының отырысы өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Нұрполат Талипов, ауданның кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Алайдар Амирханов, жер қатынастары бөлімі басшысының  міндетін уақытша атқарушы Жанболат Байболовтар қатысты. Жиында ауданға инвесторлар тарту бағытындағы атқарылатын жұмыстардың жол картасымен бекітілген жобалар бойынша атқарылып жатқан жұмыстар және өзекті мәселелер талқыланды.
— Сіздер  әрбір  кәсіпкермен тілдесіп,жобалардың мерзімінде  жүзеге асырылып, аудан экономикасын дамыту бағытында жұмысты жандандырып, жүйелендіру қажет,-дей келе аудан басшысы сала басшыларына бірқатар сын-ескертпелер атап өтіп,  салаға жауапты орынбасарына әр екі апта сайын жұмыс барысын баяндауды тапсырды.
Аудан басшысы  жаңа өндіріс орындары ауданымыз үшін маңызды екенін, ұсынылған жобаларға қолдау көрсетілетінін мәлімдеді. Индустриалды аймақтардан қажетті жер беріледі. Сонымен қатар, жобаның жүзеге асырылуы барысында кездесетін мәселелер бойынша тиісті сала басшыларына тапсырмалар жүктеді.
Айта кетсек, отырыстың негізгі мақсаты — әкімшілік кедергілерінің орын алуына жол бермеу, рұқсат беру құжаттарының рәсімдеу, шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктер мен қолдау тетіктерін дер кезінде ақпараттандыру және оны пайдалануда жобаларға сүйемелдеу жұмыстарын жүргізу, жаңа жұмыс орындарын ашу.
Сондай-ақ, аудан әкімі Арман Абдуллаевтың төрағалығымен кеңейтілген аппараттық мәжіліс болып өтті. Мәжіліске аудан әкімінің орынбасарлары мен аудан әкімінің аппарат басшысы, дербес бөлім басшылары, қала және ауылдық округ әкімдері, аудандық мекеме басшылары  қатысты. Күн тәртібінде бекітілген 3 мәселе қаралды.
Күн тәртібіндегі «осал топтағы азаматтарды әлеуметтік қолдау және азаматтарды жұмыспен қамту шаралары» мәселесі, сонымен қатар 2025 жылы атқарылатын жұмыстар  бойынша ауданның жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы М. Құралов баяндама жасады.
Келесі мәселе «2025 жылғы қыс-көктемгі су тасқынының алдын алу, көктем 2025 жылғы Республикалық оқу жаттығуына дайындық жұмыстары» бойынша  ауданның төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы  Б. Тыныштықбаев баяндады.
Күн тәртібіндегі  үшінші мәселе «өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес объектілер мен көрсетілетін қызметтерді  қамтамасыз ету деңгейі» туралы  ауданның экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ғ.Мейманбаев атап өтті.
Аудан басшысы аталған мәселерді тыңдай келе,  бірқатар сала басшыларының жұмыстарын сынға алып, алдағы межені орындау бойынша нақты тапсырмалар жүктеп, хаттамаға мерзімімен енгізілді.
Аудан әкімі Арман Абдуллаевтың қатысуымен Жылға ауылдық округіне қарасты Шеңгелді елді мекенін газбен жабдықтау құрылыс жұмыстарының барысын пысықтау, талқылау жиыны өтті. Мәжіліске салаға жауапты аудан әкімінің орынбасары М.Баигабулов, ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Ә.Құрбанов, «QAZAQGAZ AIMAG» АҚ Сарыағаш газ шаруашылығы директоры С. Мейрамбаев, «QAZAQGAZ AIMAG» АҚ Сарыағаш газ шаруашылығы жетекші инженер Ыктияр Мухаммедов, құрылыс жұмыстарына жауапты мердігер «РемСтрой» ЖШС-нің өкілдері қатысты.
Мәжіліс барысында Жылға елді мекенінен Шеңгелді елді мекеніне бағытталған жоғарғы қысымды газ құбырын (подводящие газопровод) іске қосу және ішкі газ құбырына табиғи газды беру мәселелері талқыланды.

Аудан басшысы мәжілісті қорытындылай келе жауапты сала басшыларына жоғарғы қысымды газ құбырына зерделеу жұмыстары жүргізуді, нәтижесі бойынша қажетті шараларды қабылдап, елді мекенге табиғи газ беруді тапсырды. Сонымен қатар, құрылыс жұмыстарын жобаға сәйкес сапалы аяқтауды, аудан әкімінің орынбасары М.Баигабуловқа ұдайы бақылауда ұстауды тапсырды.
Айта кетсек, Шеңгелді елді мекенін табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында құрылыс жұмыстары былтыр басталған. Бүгінде кезең-кезеңімен табиғи газды жіберу, қысымдау жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары толығымен аяқталғаннан соң, 300-ден астам отбасы көгілдір отынмен қамтылады.